|
Р.Шәметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті кеңейтілген ІV пленумы болып өткені белгілі. Оған аудан әкімі М.Шүкеев бастаған аудандағы мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен қоғамдық ұйым төрағалары қатысты. Пленумда Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына дайындық
мәселесі қаралды. Негізі Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу 2012 жылы 5 желтоқсанда Ашхабад қаласында өткен достастық елдері басшыларының самитінде сөз болғантұғын. ТМД ел басшылары 2015 жылды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жариялауды да жөн көруде. Міне, содан бері ұлы тойға дайындық бүгіннен басталуда. Біздің елде де осыған байланысты түрлі республикалық, облыстық жиындар ұйымдастырылып, аталмыш мәселеге даярлық жұмыстары саралануда. Сол себепті де біз ауданымыз жағдайында да бірқатар шараларды межеледік. Алдымен мекеме басшылары мен аудандағы әртүрлі қоғамдық ұйымдарына өзара нақты шаралар жасауды ұсындық. Соның біразын атап айтсақ та болады. Бірінші, соғысқа елден аттанған, қайтып келген немесе оралмаған жауынгерлердің нақты есебін жасау, олардың ұрпақтарын анықтау, жауынгерлерден қалған естеліктер, белгілер, ескерткіштерді түгендеу кезек күттірмейтін іс. Белгісіз солдаттардың өмір жолын анықтау да жауапкершілікті қажет етеді. Біз бұдан бұрын Ынтымақ ауылы азаматтарының бірлесе «Ырысты мекен – Ынтымақ» атты кітап шығарғанын айтқан болатынбыз. Одан сол елдімекен жайлы, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар, соғысқа аттанған жауынгерлер туралы тың деректер алуға болады. Міне, осы мәндегі кітаптар өзге де ауылдық округтерде шығарылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Екінші, көптеген жауынгерлердің соғыста, елге келіп, бейбіт еңбекте алған орден, медаль және басқа марапаттаулары бар. Олар қайда? Кім сақтайды? – деген сұрақ әрбірімізді мазалауы тиіс. Мұндай шаруаларды сол соғыс ардагерлері, соғыс кезінде еңбек еткен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, әңгімелесу арқылы шешуге болады. Үшінші, жастарға, әсіресе мектеп оқушыларына патриоттық рухта тәрбие беру жөніндегі осы уақытқа дейінгі өткізіліп келе жатқан шараларды кеңейте түсу – күн тәртібінен түспеуі керек. Ал, төртінші аса маңызды шара – осы уақытқа дейін жасалған ескерткіштерді күту жайы. Бұл жөнінде тиісті органдарға сын-ескертпелер жасалған болатын. Нәтиже қалай? Ойландыратын мәселе. Иә, ұлы тойға дайындық бүгіннен басталуы тиіс. Осыдан бірқанша жыл бұрын Дихан ауылдық округіндегі Аймантөбе ауылында ескерткіш бой көтерді. Онда соғысқа аттанған азаматтардың ұмыт қалған есімдері тегіс қамтылып, жаңаланды. Ынтымақ елдімекенінде соғыс және тыл ардагерлеріне жасалған ескерткіштен бөлек, тарихқа әйгілі 1937 жылғы жаппай қуғын-сүргін және 1932 жылғы ашаршылыққа байланысты ескерткіштер жасалды. Осындай шараларды ауданның басқадай елдімекендерінде жасау мүмкіндіктерін қарастыру керек сияқты. Бір сөзбен айтқанда, ескерткіштерді жаңалау, оны күту, кеңейту сияқты жұмыстар аса жауапты да сауапты істер қатарына жататынын ұмытпаған жөн. Бұл ретте, аудандық музейге артылып отырған жүк те ауыр. Мәселеге қатысты материалдарды толықтыру, байыту, онымен қоса, оқу ошақтары мен елдімекендерде бөлімшелер ашу артықтық етпейді. Айта кетер тағы бір жәйт, батыр ұлдарымыз А.Суханбаев және Ғ.Байтасов жөніндегі мәліметтерді әлі де болса толықтыра түсу қажет. Аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті кеңейтілген ІV пленумында сонымен қатар, өңірімізде Жеңістің 70 жылдығымен аталатын демалыс аймағын, ардагерлер аллеясын ашу туралы ұсыныстар да көтерілді. Орынды пікір ойдағыдай іске асып жатса, ел-жұрт қуанып қалары анық. Және ең маңыздысы көзі тірі, сол сұм соғыста етігімен қан кешкен бүгінгі ардагерлерге қажетінше қамқорлық жасау керек. Олардың нақты есебін анықтау, ардагерлерге қажетіне қарай көмектесу - әрбіріміздің басты парызымыз. Мен бұл мақаламда бірнеше шараларды ғана атадым. Жалпы, тереңірек көңіл бөлсек назар аударатын жұмыстар әлі де баршылық. Түптеп келгенде оның барлығы қаржыға тіреледі емес пе? Ендеше ел болып, халық болып Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға хал-қадірімізше көмек қолымызды созып, атсалысайық дегім келеді. Ел үшін, жер үшін атойлап арпалысқан ата-бабамызды құрметтеу, қадір тұту – бүгінгі ұрпаққа сын. Соғыста шейіт болған боздақтарға бас ию баршамыздың міндетіміз. Бұл үшін әрбір ауылдық округтерде, әрбір мекеме, ұжымдарда және мектептерде «Нұр Отан» партиясымен бірлескен нақтылы іс-шаралар жоспары жасалуы керек. Сөз соңында айтарым, аталмыш пленум, ондағы шешімдердің қабылданғанына да біраз уақыт болып қалыпты. Алайда, осы мерзімге дейін бірде-бір іс қолға алынған жоқ. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, маңызды іс-шараға осы бастан қамдансақ құба-құп болар еді.
|