|
Қ. Баймаханбетова, Бурыл ауылдық ыңғайластырылған клубының меңгерушісі.
Жақында Бурыл орта мектебінде “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” атты тақырыпта ғылыми конференция өтіп, оған қатысқан 7 және 9-сынып оқушылары Елбасының қажырлы еңбегі, тәуелсіз еліміздің алған жетістіктері, Елбасының Қазақстан халқына
арнаған Жолауындағы басым бағыттар төңірегінде жазған баяндамаларын қорғады. Ғылыми конференцияны тарих пәнінің мұғалімі А. Қаратаева ашып, өткеріліп отырған жиынның маңызына тоқталды. “Жастар орталығының” жетекшісі К.Утелбаев қазақ елінің жетістігі мен Елбасының жастар қауымына жасап отырған қамқорлығын тілге тиек етті. Елбасының жастық шағы, еңбек жолы, саясаттағы еңбегі туралы слайд көрсетілді.Мектеп оқушыларының Елбасының Қазақстан Республикасын әлемге танытудағы айрықша еңбегі туралы жазған ғылыми баяндамалары талқыға түсіп, облыста өтетін ғылыми конференцияға 9-сынып оқушысы Ә. Егізқараеваның шығармасы лайықты деп танылды. Үздік шығармалар қатарында 7-сынып оқушысы Б. Көбеевтің туындысы аталып өтілді. Мектептің өнерлі оқушылары Елбасы, Отан, туған жер туралы әндер шырқап, мың бұрала биледі. Тұңғыш Президент күніне орай өткерілген маңызды шараны ұйымдастырған тарих пәнінің мұғалімдері А.Қаратаева, А.Усенова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Үкібаева және кітапханашы А.Хамитованың еңбегі аталып өтілді. Ғылыми баяндамалары үздік деп танылған оқушыларға әдіскер Д.Туленова Дипломдарды табыс етті. |