Онлайн газет



Тұңғыш Президент күні ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елді асқан даналықпен басқара отырып, ел сенімін ақтау және ең бастысы халықтың ынтымағы мен бірлігін сақтау оңай шаруа емес. Бұған асқан қажырлық, саяси білімділік, кемеңгерлік секілді қабілеттер  ауадай қажет. Осындай ұлы қасиетті дана басшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз бойынан көрсете білді. Бұл турасында Израиль Президенті Шимон Перестің: «Н.Ә.Назарбаев өзін ұлы

құрылысшы, туабітті көшбасшы және дана стратег ретінде танытты» деп Елбасына берген бағасын айтуға болады.
Халқымыз тәуелсіздік алғалы бергі өз тарихында биыл екінші жыл жаңа мемлекетік мерекені-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін кең ауқымда атап өтуде. 1991 жылы дәл осы күні егемендігін алған елімізде тұңғыш рет өткен бүкілхалықтық президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланды. Содан бергі жиырма жылдан астам уақытта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мемлекет негізін қалады, елімізді  төрткүл әлемге танытты және әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізді.

 

Азаттық пен елге қонды тосқан бақ,
Қазақ елін мойындауда дос таңдап.
Елбасының еңбегімен нұрлана,
Қазағымның мерейі тұр аспандап, деп ақындар жырлағандай,  кеше  Ұлт Көшбасшысының ұлағатты күніне арналған салтанатты жиын аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде өтті.
Салтанатты жиын алдында залға жиналғандар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын, Елбасы Н.Назарбаевтың осы жолдағы салиқалы саясаты мен сан қырлы еңбегі туралы  слайдты тамашалады.
Мерекеге арналған  жиынға  Мемлекеттік Ту шығарылып,  Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалды.Мектеп оқушылары Елбасының қажырлы еңбегі туралы жырларды жатқа оқып, “Елбасы” туралы әнді асқақ орындап, тыңдармандардың қошеметіне кенелді.
Алғаш болып мінбеге көтерілген аудан әкімі  М.Шүкеев жиналғандарды  Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, тәуелсіз Қазақстан мен Елбасының есімін бөле-жаруға болмайтындығын,  бұл мерекенің қоғамдық саяси маңызы жоғары екенін және елдің әрбір азаматы үшін жалпыұлттық мереке болып табылатындығын айта келе:
-Тұңғыш Президент күні барша қазақстандықтар үшін  жарқын мереке саналады. Ол біздің ертеңгі күніне сенімді, жалпы құндылықтар басын біріктірген ұлтымыздың кемелдігі мен бірлігінің өлшемі іспеттес. Бұл күн ғасырлар бойы аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ армандарын жүзеге асырған Ұлт көшбасшысы-Тұңғыш Президентіміздің еңбегін ұлықтау ғана емес,  бұл мереке  болашақ ұрпақты жеңіс пен жасампаздық рухында тәрбиелеуге  жол ашады.
Қазақ халқында «Ынтымақты елдің- ырысы мол» деген даналық сөз бар. Біз бүгінде  тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ, тірлігі- жарасқан, бірлігі - бақ ашқан елміз. Ынтымақты-ұран, татулықты-ту ете білген халқымыздың мәртебесінің биік болуы жолында өлшеусіз  тер төккен Елбасының еңбегі  зор, - дей отырып, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістігі оны мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың бірлігіне, дамудың 2050 жылға дейінгі Стратегиясындағы басым бағыттарды жүзеге асыру  барысында ауданда атқарылып жатқан тірліктерге шолу жасады. Мұнан  кейін аудандық «Жас Отан» жастар қанаты ұйымы атынан  С.Өсербаев   жиналғандарды жастар атынан мерекемен құттықтап, Елбасына деген сенімін білдірді.
Тұңғыш Президент күнін ұлықтаған шараның салтанатты рәсімі аяқталып,  Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, Мемлекеттік Ту шығарылды.
Бұдан соң ауданымыздың көркеюі мен экономикасының өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген  бір топ азаматтар марапатқа ие болды. Сахна төрінде аудан әкімі  Мұратхан Жүнісәліұлы аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің бас маманы Р.Телеуовқа  аудан әкімінің Құрмет  грамотасын,  аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту және ардагерлер мен мүгедектер ісі секторының бас маманы З.Қошаеваға, аталмыш бөлімнің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік секторының маманы Р. Макишеваға және  Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратының есепші бас маманы  К.Бейсбековаға аудан әкімінің Грамотасын, ал  аудан әкімдігі  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы М.Шаловқа аудан әкімінің  Алғыс хатын табыстады. Ал, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бюджетті атқару және коммуналдық меншік жөніндегі  сектор меңгерушісі М. Нұрекееваны   аудандық мәслихаттың   Грамотасымен марапаттады.
Әуелеген әсем ән мен күмбірлеген күйге кезек берілді. З.Молдабаевтың орындауында  ақын  Қайыпназар  Шотбасовтың “Елбасы” әні, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың “Мақтанышым-Отаным” әнін күміс көмей әншілер А.Исабаев пен Ө.Нұрбаев орындады. Әсіресе Тұңғыш Президент күні мерекесінің салтанатын өнер жұлдызы, “Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері”, эстрада әншісі, неміс қызы, қазақтың келіні Анна Вундер асырды.
Жамбыл облысының  Сарысу ауданында неміс отбасында туып-өскен Анна өмірін өнермен  байланыстырып, 80-ші жылдардың басында Жамбыл облыстық филармониясының жанынан құрылған «Жас толқын» ансамблінде ән салған екен.  Жүрегі “елім”, “Отаным Қазақстан” деп соққан, қазақ тілінің жанашыры  Анна Вундер   халқымыздың белгілі сазгерлері: Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың, өзге ұлт өкілдерінің әндерін тамылжыта шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Үлкен ұлы Тимур-«Аңсар» квартеті арқылы классикалық әндермен әлемге танылған әнші болса,  қызы Лиза Алматыдағы ірі компаниялардың бірінде маман, ал кіші ұлдары Рауан өздерімен бірге ілесе жүріп өнердегі алғашқы қадамын жасап, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін асқан шабытпен орындап,көрермендердің көзайымына айналды. Өнер жұлдызының  жолдасы, танымал күйші, сазгер  Қаржаубай Тілеуқабылов Түркештің, Желдібаевтың күйлерін  төгіліп тартқанда жиналған қауым бір желпініп қалды.
Концерт жүргізуші, әрі продюсері тележурналист Ақылбек Сансызбай да Шәмші әндерінен попурри орындап, өнер жұлдызына қолдау көрсеткен аудан басшысына алғысын айтты. Қазақ, орыс, неміс тілінде  құйқылжыта  ән салған  Анна Александровна  өнерге баулыған ұстазы, ауданымыздың қадірлі азаматы  Сыпатай Өсеровке   жүрекжарды лебізін білдірсе, өз кезегінде ұстазы да өнердің биігіне шыққан шәкіртіне, оның отбасына  жақсылықтар тіледі.
Мерейлі мереке алдында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнін ұлықтап жүрген өнер жұлдызына, оның отбасына аудан басшысы алғысын айтып,  шығармашылық табыс тіледі.

Өз тілшіміз.

Фото: А.Алдабергенов

Обновлено 05.12.2013 18:20
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2845
mod_vvisit_counterКеше2732
mod_vvisit_counterОсы аптада11167
mod_vvisit_counterӨткен аптада48593
mod_vvisit_counterОсы айда74645
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4120455

Серіктестер