ШЕРХАННЫҢ ҚҰРДАСЫ |
Ауданымыздың Талас стансасында тұратын Әбдуәлі Данаев Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның құрдасы. Тек құрдасы ғана емес, өмір жолын қатар өткізіп келе жатқан сыйласы, сырласы да. Бұл екеуі мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовпен интернаттың нанын бірге бөлісіп жеген сыныптастар. Кезінде қызмет бабымен әр жерде жүргендері болмаса дос көңілдері ажыраған емес. Басынан бастап айтар болсақ, Әбдуәлі аға сонау 1932 жылы дүниеге келді. Бұл бір ашаршылық дендеген, ел жақсылық көрмеген ауыр кезең. Аштықтан халық қырылып, ел босып жатқан кез. Ол кездегі тірлікті анасы Ділдәгүл бұл есейген шақта әңгіме қылып отыратын.
-Ауыр, ашаршылық кезең ғой. Колхоздың бидайын кетпенмен шауып егетінбіз. Тәртіп қатаң, күнде таңертең бригадир келіп, зіркілдеп, тіпті боқтық сөз айтып, әйелдерді үйді-үйінен қуып шығады. Отырықшы болдық дегенмен әлі киіз үйде тұрамыз. Балаң бар деп қарап жатқан ешкім жоқ, емізіп тастап, бригадирдің алдына түсіп кете барамыз, - дейтін. Сен алты айлығыңда өліп қала жаздадың. Тамағыңа шығу шығып, іріңдеп, ісіп кетті. Қарайтын дәрігер жоқ. Сенің күтіміңмен отыратын кез емес, мойыныңды шүберекпен орап тастап, кетпенді арқалап, артымызға қарай-қарай егістікке кете баратынбыз. Бір күндері ірің ағып, кеңірдегің көрініп қалды. Сонда да тірі қалдың. Өмірің ұзақ болатын шығар, балам, - деп отыратын анасы. Айтқаны келді, өмірдің қилы-қилы қиындықтарын көргенімен сексен жасқа аман жетті. Алты жасында мектепке барды. Ол кезде ерте оқыта беретін. Оның үстіне алдындағы аға-әпкесі Әбдіраш пен Бибісарадан әріптің бәрін үйреніп алған. Ел еңсесін тіктеп жарытпаған, қарын ортақұрсақ кез болғанымен оқуда үздік болды. Кілең беске оқитын алғыр оқушы әкесі Қалтайдың жетелеп баруымен орыс сыныбында да оқып көрді. Бірақ бір жылдан артыққа шыдамай, қайтадан қазақ сыныбында қазақша үздік оқуын жалғастырып кете барды. Арасында бір сынып аттап кетіп оқығаны да бар. Ол кезде жақсы оқушыны сынып аттатып оқыту әдісі бар болатын. Не керек, балалық балғын шағының мақтайтын да, даттайтын да ештеңесі жоқ. Не көрсе де елмен бірге көрді. Аш болды, тоқ болды. Жамау киім, жарты құрсақ болып жүру ол кезде таң емес. Соғыс кезінде бала да болса тылдағыларға азды-көпті қолғабыс беріп, еңбекке араласқаны да бар. Ауылда қалған аналардың ауырын жеңілдетуге қолдан келгенше қолұшын беруге тырысты. Бір сөзбен айтқанда соғыс жылдарындағы балалар не көрсе, соны көрді. Соғыс аяқталғаннан кейін жер-жерлерде балалар жатып оқитын интернаттар ашылды. Бұл соғыстан жүдеп шыққан жағдайы төмен отбасылардың балаларына қолдау. Сол интернаттың 8-сыныбына оқуға түсті. Осы кезең ғой Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазамен, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовпен қара нанды бөліп жейтіні. Үшеуі де білімге құштар, үздік оқыды. Белсенділігімен де көзге түсіп тұратын. Ұстаздары үлкен үміт артып, жоғары оқу орындарына барып оқуға кеңес беретін. Қалай дегенде де интернаттың наны да, білімі де оларды жақсы жетілдірді, есейтті. 1950 жылы орта мектепті күміс медальмен бітірді. Қырсыққанда қазақ тілінен шығармадан «4» алып қалғаны. Басқасының барлығы үздік баға. Алтын медальдан үміткер еді, болмады. Амал қанша. Сонымен үлкен өмір жолында кәсіп таңдайтын кез келді. Әрі-бері ойланып, ол кезде ауыл баласы үшін сирек мамандық теміржол саласында оқуға бел байлады. Осы мақсатпен Ленинград қаласына жол алды. Алла сәтін салып, теміржол инженерлерін дайындайтын институтқа түсіп кетті. Мұнда өткен жылдар оқу, білім алу, ізденіспен өтті. Ақыры қолына диплом алып, туған жерге оралды. Жоғары білімді инженер мамандар елге қажет. Келе Жамбыл теміржол бөлімшесінде қызметке кірісіп кетті. Оқу мен өмірдің ортасында алшақтық болмағанмен де айырмашылық бар екені рас. Сонымен қатар теміржол саласы жартылай әскери сала есебі. Талап күшті, тәртіп қатал. Сондықтан көп ізденіс, талпыныс қажет. Бұл жағынан алғанда еңбектенудей-ақ еңбектенді. Ізденді, үйренді, тәжірибе жинақтады. Бұл жас маманның беделін көтерді. Содан басшылар оны станса бастығы етіп жіберуге шешім қабылдады. Ол бастық болып келген «Талас» стансасы бұрын 105-разъезд болып аталған, қалаға жақын, жауапты учаске. Жас басшы қызметті қызу қолға алды. Бұл өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басы болатын.Стансада поездар қатынасы қауіпсіздігі үнемі сақталды. Тасымалдау жоспары артығымен орындалды. Ұжым ауызбірлікті. Қай жұмыста да өздерін көрсете білді. Оны айтасыз тіпті станса маңынан алма бағын егіп, жайқалта өсірді. Кейін ол «Данаев бағы» атанып кетті. Сол кездегі берекелі еңбектің нәтижесінде ол басқаратын ұжым «Коммунистік еңбек стансасы» атанды. Бұл атақты олар ұзақ уақыт қолдан шығармады. Осы жазу станса маңдайшасына жазылып ілулі тұратын. Осылай теміржолдағы темірдей тәртіпке бағынған еңбек жолы жалғасып кете барды. Стансадан кейін Жамбыл жүк тиеу-түсіру дистанциясының бас инженері, бастығы болды. Одан Жамбыл теміржол бөлімшесінде қозғалыс департаменті бастығының орынбасары, НОТ бөлімінің бастығы, Қазақ теміржолы қозғалыс филиалы бастығының орынбасары болып істеді. Мұның қай-қайсысы болса да бірінен бірі өтетін жауапкершілікті жұмыс. Жалпы теміржол қызметі деген талабы күшті, тәртібі қатаң қызмет қой. Онда басшы қызметтерде істеу үлкен ізденіс пен іскерлікті талап етері белгілі. Әбдуәлі аға сол сындардың қайсысынан болса да сүрінбей өтіп, абырой жинаған. Іскер қызметкерді жауапты учаскелерге жұмсау қашаннан да бар. Жамбыл өңірінде өндіріс өркендегенде теміржол қызметінің қажеттігі де арта түскен. Содан оны Жаңатас стансасының директоры, кейін Қаратау тау кен-химия комбинатының теміржол цехының бастығы қызметтеріне жұмсады. Одан Жамбыл теміржол бөлімінде қозғалыстарды қадағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезенде зейнеткерлікке шыққанша «КТЖ ҮК» АҚ-ның Жамбыл филиалы директорының көмекшісі болып істеді. Зейнет демалысына осы қызметтен шықты. Жалпы ұзақтығы 43 жыл өмірін теміржол саласына арнапты. Ауыр жауапкершілікті мойынға арқалаған бұл жылдар аз уақыт емес. Абыройсыз болмағаны белгілі. Оған Әбекеңнің сол жылдарда қызмет бабында сатылап өсуі дәлел десек, ынта-жігермен істеудің арқасында ешқашан сөгіс алып көрмепті. Мақтау, мадақталумен келеді. «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» атаған алды, «Қазақстан теміржолының 50 жылдығы», «Теміржолдың 100 жылдығы» төсбелгілерін тақты. Кеудесінде 5 медалі сыңғырлайды. Құрмет грамоталарын санап жатудың өзі артық болар. Адал еңбектің жемісінің көрінісі осы болар. Әбдуәлі ағаның екінші қыры шығармашылық қыры. Өз саласында өнертапқыштығымен қатар жасынан жанына серік еткен қаламын әлі күнге қолынан түсірген емес. Сонау теміржолдың жас инженері болып жүрген кезінде облыстық «Еңбек туы», «Знамя труда» және одақ бойынша теміржолшылардың «Гудок» газеттерінде мақалалары жиі шығып тұратын. Ертеректе «Жалын» баспасынан «Күнімай» әңгімелер жинағы шықса, кейін «Іңкәр шақ» повесі жарияланды. Шыңғысханнан бастап бүгінге дейінгі кейбір тұлғалар жайлы зерттеу, зерделеу еңбектері өз алдына. Жерлесіміз «Сыдық Абланов – алғашқы қазақ совет педагогтерінің бірі» деп кітап та шығарған. Кейін ұстаздықпен айналысып, шәкірттер тәрбиелегенде қазақ тілінде шығарған 4 оқулығы Тараздағы теміржол колледжінде дәрісте пайдаланылуда. «Теміржолдар мен стансалар құрылымы», «Станса кезекшісінің анықтамалығы» кітаптары Білім және ғылым министрлігі әдістемелік орталығы тарапынан басылымға мақұлдануда. Жуырда ғана «Теміржолдың қос сардары» атты эссесін жазып бітірді. Бір сөзбен айтқанда қартайдым деп қарап жатқан ол жоқ. Қарап жатқан ол жоқ демекші, зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Қазақ тілі» қоғамын құрып, үш жылдай теміржолшыларға мемлекеттік тілді үйретті. Содан теміржол колледжінде әлі күнге дейін сабақ беріп, мемлекеттік емтихан алуға қатысып келеді. Қимылы тың, жүрісі ширақ. Бес бала, алты немере, бір шөберенің анасы атанған жары Жадырамен бірге бір жаққа бару керек болса «Мазда» автокөлігін сексенге келген Әбдуәлі ағаның өзі жүргізіп кете барады. Бұл да сирек кездесетін жәйт екені белгілі. Айтпақшы, жасында интернаттың қара нанын бөліп жеген Шерағаңмен екеуі қазір де бірін-бірі іздеп тауып, сырласып, шер тарқатысып отырады. Бас қосылса ой ортақ, ортаға салар әңгіме де көп. Бір-бірінің жақсылығына ортақ болып, айрықша масаттанып отырады. Күзде Шерхан Мұртазаның 80 жасқа толған мерейтойы кең көлемде атап өтіледі дегелі Әбдуәлі Данаевтың да қуанышында шек жоқ. Өйткені қартайса да дос көңілі осындай. Қ.Шотбасов, «Ауыл жаңалығы». |
Обновлено 08.08.2012 18:01 |
Халыққа жолдау
ЖАРНАМА
Бүгін | 109 | |
Кеше | 1955 | |
Осы аптада | 2064 | |
Өткен аптада | 12473 | |
Осы айда | 6505 | |
Өткен айда | 57625 | |
Бәрі | 2559804 |