Елдімекендерде емдеу нысандары салынуда |
Тұрғындардың денсаулығын түзеу, азаматтардың аурудан арылуына жағдай жасау бүгінде республикамызда алғашқы орынға қойылған мәселе. Ем қабылдаушыларға, емдеу мекемелеріне қамқорлық Елбасының назарынан еш тысқары қалған емес. Анау бір жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы негізінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі нысандар салынып, қолданысқа берілсе, бүгінде бұл үрдіс дәстүрлі түрде өз жалғасын тауып қалалар мен ауылдарда аурухана, білім ошақтары көптеп бой көтеруде. Бұл жағынан келгенде біздің өңірімізде де жағымды жаңалықтар жетерліктей. Соның бірі әрі бірегейі ауданымыздағы Қарасу, Көкбастау елдімекендерінде салынып жатқан емдеу мекемелері Алла бұйыртса алдағы күз мезгілінде аяқталып, ел игілігіне берілмекші. Бірінші нысан. Суханбаев ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылында 600-ден аса тұрғын тұрады. Көп жылдардан бері су тапшылығын сезініп келе жатқан елдімекенге республикалық трансферттен қаражат бөлініп, бүгінгі таңда ауызсу жеткізу істері қолға алынуда. Мұнымен қоса ауылдағы Қосы батыр көшесінен 20 сотық жер бөлініп беріліп, онда медициналық тіректің құрылысы басталып кетті. Кезінде тұрғын үйдің бір бөлігіне орналастырылған емдеу мекемесі үш бөлмеден тұратын. Ем алушыларға, емдеуші дәрігерлерге де қолайсыздау шағын мекеменің аядай бөлмелерінде бүгінге дейін жас балалар мен егде тартқан ата-әжелер, жүкті келіншектер мен науқас ер кісілер бірге ем алып келген. Енді міне, ол олқылықтардың орны толтырылып, облыстық бюджеттен бөлінген 34,0 млн. теңгеге күніне 15 адам қабылдауға арналған медициналық тірек салынуда.Құрылыс алаңына барған бізді істің басында жүрген прораб Д.Нұрдәулетов күтіп алып, жұмыс барысымен таныстырды. Ғимараттың құрылысына күйдірілген 26 мың кірпіш қолданылса, 7 бөлмеден тұратын нысанға ең сапалы құрылыс материалдары жұмсалуда. Көктем айында тасы қалана бастаған ғимараттың бүгінде қабырғасы көтерілген. Шатырын жабу, ішкі сылақ, сыртқа көмірхана тұрғызу, пандус орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысты жүргізуші мердігер «Жамбыл Элит Строй» ЖШС-нің 14 жұмысшысы күн-түн демей нысанды уақытында, әрі сапалы етіп тапсыруды көздеп отыр. «Бізге сонымен қатар, ауылдың 5 азаматы көмек қолын созуда. Әрине тегін емес, олар да өздеріне тиесілі жалақысын алады. Жұмыссыз жүрген ауыл жастарына бұл да бір көмек. Алда әлі ғимаратты қоршау, ішкі әрлеу жұмыстары мен есік, терезе орнату, еденін салу, алаңға брусчаткалар төсеп, көгеріштендіру істерін жүргізу жұмыстары күтіп тұр. Құдай сәтін салса, белгіленген мерзімге тапсыру- басты мақсатымыз», -дейді бізбен болған әңгімесінде прораб Д.Нұрдәулетов. Екінші нысан. Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Көкбастау елдімекенінде мыңнан аса тұрғын тұрады. Бұл жерде де бүгінге дейін дәрігерлік бөлімнің тарлығы талай қиыншылықтарға душар еткен болатын. 20 адамды қабылдауға арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы наурыз айынан бастап жүргізіле бастаған. Оған облыстық бюджеттен 91 887 654,00 теңге бөлінген болатын. Құрылысты жүргізуші мердігер «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары отыздан аса бөлмеден тұратын нысанның қабырғасын 85 мың күйдірілген кірпіштен көтеріп, бүгінде металл черепицадан төбесін жабуда. Құрылысқа барлығы 20 құрылысшы тартылған. Жалпы аумағы 655 шаршы метрді алып жатқан зәулім ғимараттың терезелері суыққа төзімді пластиктен жасалынуда. «Ең басты күрделі іс - нысанның қабырғасын тұрғызып, төбесін жабу жұмыстарын бітірдік. Енді ішкі сылақ, әрлеу, есік орнатып, еден төсеу жұмыстарын жүргізбекшіміз. Ғимаратқа қоршау жүргізу, орындықтар қою, амбулатория алдын абаттандыру да біздің міндетімізге кіреді. Амбулатория артына 100 кубтық өрт сөндіру, 50 кубтық қалдық суларды шығаратын арнайы бөлме тұрғызылып, жердің 28 метрінен алынған су насоспен тартылып ішке кіргізілуде. Бұдан бөлек арнайы көмір мен оның қалдықтарына арналған қойма соғылуда» - дейді құрылыс учаскесінің басшысы А.Ахатаев. Заман талабына сай тұрғызылып жатқан зәулім ғимараттар ел денсаулығының күзетінде қалтқысыз қызмет атқарары анық. Олай болса, талай жылдардан бері тар бөлмеде ем алған қарасулық және көкбастаулық тұрғындардың денсаулықтарын түзеуге барлық жағдайы жасалынған емдеу нысындарының тұсауы кесілер уақыт та таяп қалды. А.Шотбасова, «Байзақ ауданы».
|
Обновлено 06.08.2012 15:15 |
Халыққа жолдау
ЖАРНАМА








![]() | Бүгін | 76 |
![]() | Кеше | 1640 |
![]() | Осы аптада | 3230 |
![]() | Өткен аптада | 10582 |
![]() | Осы айда | 33370 |
![]() | Өткен айда | 45108 |
![]() | Бәрі | 2824576 |