|

Аудан орталығындағы Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебі ауданда жасөспірімдерге музыка өнерінен білім беретін бірегей білім ошағы. Мектепті бітірген түлектері өнер білім саласында жастарға дәріс беруге республика, облыс және аудан білім ошақтарында еңбек етуде. Одан кейінгі ұрпақтар Астана, Алматы, Тараз т.б қалалардың
жоғары оқу орындарында дәріс алуда. Мектеп түлектері республикалық, облыстық, аумақтық және аудандық жарыстарда, байқауларда өнердің әр түрінен додаға түсіп жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін көтеріп жүрген жайлары бар. Бастауыш білім ошағы саз өнерінің 11-ге жуық түрінен оқушыларға дәріс береді. Мұнда ынтымағы жарасқан, жоғары санаттағы кәсіби шеберлігі шыңдалған ұстаздар еңбек етеді. Бұрынғы қатардағы ұстаз, талай жыл жемісті еңбек етіп, қазір ұжымды басқарып жүрген П.Ахметов, мұғалімдер А.Оралбекова, Б.Тайпақова, Л.Кочергинаның шәкіреттері топ жарып, жүлдемен оралуда. Жақында мектептің бір топ оқушылары қаладағы Абай атындағы гуманитарлық колледждегі «Балғын» музыка мектебінде өткен облыстық «Джазда тек-қана балалар» атты фестиваль – конкурсқа қатысып өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Конкурстың мақсаты; джаздық музыканы насихаттау, оны музыкалық өнер жанрының бірі екенін көрерменге түсіндіру, жас орындаушылардың сазгерлердің творчестволық мүмкіндіктерін көрсетуге ерік беру, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұстаздардың еңбек деңгейін жемістілігін анықтау, орындаушылық мәдениетін шыңдау және творчестволық байланыстарды кеңейту. Осы талаптар негізінде, облыстың әр түпкірінен келген жас сазгерлер фортепиано аспабында ойнап, өз шеберліктерін көрсетті. Конкурс негізінен 3 топ бойынша: төменгі топ 2-3-сынып, орта топ 4-5-сынып, жоғары топ 6-7-сынып оқушылары арасында өтті. Облыстық деңгейде өткен конкурсқа жан-жақты дайындығы мол, шеберлігі жоғары, аудандардың жеңімпаздары жиналғандар арасынан кіші топта өнер көрсеткен Сержанова Айда (мұғалімі М.Антоненкова), жоғарғы топтан Мырзаханова Диана (мұғалімі Л.Крымцева) І-дәрежелі Дипломмен, кіші топтан Т.Бақытжанқызы (мұғалімі В.Коточигов), Утебаева Аяжан (мұғалімі Ж.Калимова), жоғарғы топтан Д.Шерметова (мұғалімі Л.Крымцева) ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталды. Жақсы өнерімен көзге түскен Ж.Рамазан, А.Сабирова Құрмет грамоталарына ие болды.
Өз тілшіміз. |