|
Сәрсенбі күні аудандық мәслихаттың «Экология, табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған комиссия төрағасы Р.Сапарбеков
күн тәртібіндегі мәселемен таныстырды. Аудандағы жалғызбасты қарттар мен мүгедек жанұяларға үйден әлеуметтік қызмет көрсетудің барысы туралы сөз сөйлеген аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә.Саққұлова тиісті кезеңге дейін атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі құрылып, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі мүгедектерге, мүгедек балаларға және жалғызбасты қарттарға қызмет көрсетіп келе жатқанын тілге тиек еткен Әлия Бағысбекқызы жыл басынан барлығы 124 мүгедек балалар мен мүгедек жандарға, бүгінгі күнге 108 балаға 19 әлеуметтік қызметкер және 19 жалғызілікті қарттарға 4 әлеуметтік қызметкерлер бекітіліп, жұмыс жасап жатқанын айттты. Оларға мемлекет тарапынан, аудандағы кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен көрсетілген қамқорлықтар жайын ауызға алды. Мүгедектердің мүмкіншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан мәдени іс-шараларды, онда топ жарған талантты жастарды мақтанышпен сөз етіп, «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі бірігіп қарттарды қолдау шаралары, оның ішінде жалғызілікті жандардың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізу дәстүрге айналғанын атап өтті Аталған мәселені комиссия мүшелері де талқыға салып, аудандығы жалғызбасты қарттар мен мүгедек жанұяларға үйден әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстарын одан әрі жандандыру қажеттігін баса айтты. Өз тілшіміз.
|