|
Е. Серікбаев, еңбек ардагері.
Тарихқа үңілсек, дүниенің бірқатар елдері соңғы бір ғасырда мемлекеттерінің іргетасын қалаған арда ұлдарының еңбегін елеп-ескеріп, олар таққа мінген күнді салтанатты түрде, ұлттық мейрам ретінде тойлап келеді. Өзге мемлекеттерді былай қойғанда, әлемнің алпауыт елі АҚШ-та Президент күніне
ерекше көңіл бөлініп, 1782 жылдан бері жыл сайын 22 ақпанда АҚШ-та Президент күні аталып келеді екен. 1 желтоқсан- еліміздеТұңғыш Президент күні. Күнтізбеге қызыл белгімен енген бұл күннің еліміз үшін орны айрықша болып белгіленді. Тәуелсіз елімізді әлемге танытып, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нарықтың өтпелі кезеңінде соқтықпалы, соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, Қазақ елін дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білді. Егемендік – ғасырларға созылған күрестің жемісі. Ата-бабаларымыз тек жоңғар шапқыншыларымен ғана тәуелсіздік үшін үш жүз жылдай соғысты.Осы жеңістердің басында ер Есім, Әз Тәуке, айбынды Абылай сынды хандарымыз, баһадүр батырларымыз, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған данагөйлеріміз тұрды. Тарихтың әр кезеңінде тәуелсіздік жолындағы күресте халықты Кенесары хан, Исатай мен Махамбеттей батырлар, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатовтай асыл перзенттері басқарды. Одан кейін Ұлы Отан соғысының қан майданында мыңдаған бауырларымыз өшпес ерлік пен ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Жаңа дәуірдің тарихы 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталады. Бүгінде дамудың өркениетті жолына түскен халқымыз биік жетістіктер мен бағындырылған асуларды Елбасы есімімен байланыстырып келеді. Тәуелсіздіктің 22 жылында жеткен жетістіктер аз емес. Тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз айналымға еніп, Сарыарқаның төсінен бой түзеген, дәулеті мен сәулеті келіскен Астана қаласы ел мақтанышына айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев- алысты болжай білетін, дара қасиетімен дараланған, бүгінгі таңда сындарлы саясатымен, салмақты пікірлерімен бүкіл әлемді мойындатқан тұлға. Өтпелі дәуірде Елбасымыз: «Әуелі – экономика, сонан соң – саясат», - деді. Бұл да өз жемісін берді. Қазақстан әлем өркениетінің озық тәжірибесін игеріп, индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі еліміздің экономикасын жаңа арнаға бұрды. Елбасы тапсырмасымен Ұлттық қорға жиналған қаржының арқасында еліміз бірнеше қаржы дағдарысынан аса қиналмай өтті. Көп ұлтты елімізде татулық пен қоғамдық келісім салтанат құрған. Мұндайда Елбасының “Ең бастысы, тату-тәтті ынтымағы жарасқан көпұлтты халқымыз бар. Ел дегенде, жер дегенде білегін сыбанып, іске дайын тұрған азаматтарымыз бар. Сан ғасырлар бойы теперішті көрсе де, жайсаң жанын, әсем әнін, күмбір күйін, әдемі әдет- ғұрпын, таза тілін сақтаған ұлтымыз бар. Міне, біздің басты- байлығымыз-осы “деген даналық сөзі ойға оралады. Көреген саясаткер Елбасы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті бағыттарды айқындап берді. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім мен кәсіби біліктілік, мемлекеттікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм. Міне енді осы басым бағыттарды жүзеге асыра отырып, еліміздің дамыған отыз елдің ортасынан ойып орын алатындығымызға сенімдіміз. Өйткені елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз, достық пен бірліктің қадір тұтқан халқымыз барда біз алмайтын асу болмайды. |