|

Кеше «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалында өткен дөңгелек үстелде осы мәселе жан-жақты талқыланды. Оған партия аудандық филиалының саяси кеңес мүшелері, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, партия филиалы жанындағы «Жемқорлықпен күрес»
қоғамдық кеңесінің мүшелері, бірқатар халық қалаулылары мен бастауыш партия ұйымының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этно-мәдени орталықтарының жетекшілері және жастар қауымы қатысты.
Шараның ресми ашылуынан кейін, «Нұр Отанның» Доктринасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ауқымды «Қазақстан-2050» стратегиялық бастамасын қолдауға арналған идеологиялық құжат» тақырыбында партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов іс-шара модераторы ретінде кіріспе сөз сөйлеп, жаңа саяси Доктрина жобасында «Нұр Отан» партиясының идеологиялық тұғырнамасы нақтыланып, партияның басты мұраттары мен басымдықтары белгіленгендігін, Елбасының «Қазақстанның-2050» стратегиясын іске асырудағы партияның рөлі айқындалғанын, доктринадағы басым бағыттар, оларды жүзеге асыру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітті. Тақырып төңірегінде аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев, аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жақыпбеков өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сыздықов, аудандық “Ауыл жаңалығы” газеті-редакциясының директор-бас редакторы С.Қалмұратов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Р.Сапарбеков тиісті салаларға қатысты салиқалы тірліктерді ауызға алды. Ал, білім саласы бойынша жеткен жетістіктер, шешімін күткен проблемалық мәселелер, олардың Доктринамен сабақтастығы туралы аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскерлері И.Спаналиева, Ж.Тұрғынбеков және Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің директоры Г.Есентаева баяндаса, аудандық “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Ә.Мырзабеков жаңа Доктринаны жастар көзімен түсіндірді. Мұнан кейін сөз сөйлеген аудандағы орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі, партия аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Л.Горр тәуелсіздік туының астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлттар, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайын мақтанышпен жеткізіп, «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасында айтылған толеранттылық, қоғамдық келісім туралы сөз етті. Құжатта дәстүр, бірлік деген ұғымдар басты басымдық пен құндылықтар қатарына жатқызылғандығы, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметті байқататындығын тілге тиек еткен Любовь Андреевна ұлттық құндылықтарды қадірлеу, бірлік пен келісімді одан әрі нығайту, болашаққа бірге қадам жасау әрбір қазақстандық азаматтың басты парызы екендігіне және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мәселелеріне ерекше мән берді. Дөңгелек үстел барысында жан-жақты әрі мазмұнды талқылау орын алды. Оны “Нұр Отан” партиясы Байзақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов қорытындылады.
Өз тілшіміз.
Фото: А.Алдабергенов |