|
А.Шотбасова, «Ауыл жаңалығы».
Ұстаз – ұлы есім. Болашақ бастауы – ұл-қыздарды білім нәрімен сусындатып отырған мұғалімдер қауымына бүгінде зор жауапкершіліктер жүктелуде. Баланы білімге үйретіп, тәлімді тәрбие берумен қатар ұстаз бойындағы мінез-құлық, жақсы қасиеттердің барлығы келешегіміздің келісті болуына тікелей әсер ететіні анық. Осыны ескерген бүгінгі оқытушылар
да барынша жан-жақты болуға тырысуда. Оған кеше өткен педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздарының «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VІ фестиваль гала-концертінде анық көз жеткіздік. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде өткен іс-шараны Байзақ ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті алдағы тәуелсіздіктің 22 жылдығы торқалы тойына тарту ретінде ұйымдастырды. Гала-концерт ұстаз атын ұлықтайтын композициялық қойылыммен ашылып, жүргізушілер облыстан келген ән, би, жыр, терме өнерлерін өрістетіп жүрген маңдайалды өнерпаз қонақтармен таныстырды.  Мұнан кейін кезек-кезек аудандағы білім ордаларын бастап келген өнер ұжымдары көркемсөз оқу, вокал, хореогарфия, драма өнері, хор, ансамбль, оркестр жанрлары бойынша өнер көрсетті. Алдымен О.Байділдаевтің «Туған ел» термесі «Айгөлек» балабақшасының қызметкері Ж.Шотовтың орындауында шырқалды. Ш.Сариевтің сөзіне жазылған «Туған жер» әнін Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің ұстаздар қауымы әуелете жеткізсе, Н.Тілендиевтің «Саржайлауын» орындаған аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының ұжымына көрермен көпшілік шын риза болды. Келесі кезеңдерде Ш.Айтматовтың «Найман анасы» Кеңес орта мектебінің, «Бірлігіміз жарасқан» қойылымы Көктал орта мектебі ұжымының орындауында қойылса, «Қазақ елім осындай», «Арманым», «Свети, земля моя!», «Аялы ана», «Туған жер» әндері жекелей орындаушылар тарапынан, С.Бәйтерековтың «Қазақстан қыран далам!» әні Сарыкемер орта мектебі ұстаздарының қосыла шырқауында сәтті шығып жатты. «Бөрте биі», «Калинка», «Попури» және қазақ, малазия билерін мың бұрала билеген жас ұстаздар да жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Көркемсөз оқу жанры бойынша М.Шахановтың «Шың басындағы оқиға», «Бақыт геометриясы», «Тәуелсіз ел» өлеңдерін нақышына келтіре оқыған З.Момышева, А.Манасова, Ә.Дүйсебаевқа қол соқпаған көрермен қалмады. Жалпы сейсенбідегі бұл өнер думаны мәдениет үйін ән мен жырға, күй мен биге бөлеп, мұғалімдердің біліммен қатар, өнерде де өзіндік орындары бар екендігін паш етті. Айтулы шарадан алған әсерімен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Г.Орынбаева бөлісті. Ол аталмыш іс-шараның биік деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, саналы ұрпақ өсіріп, сапалы тәрбие берумен бірге, ән мен жыр, би мен күй өнерлерін жандарына серік еткен талантты ұстаздарға алғыс сезімін білдірді. Ерекше көзге түскен ұстаздарға Мақтау грамоталарын табыстап, жұмыстарына шығармашылық табыстар тіледі.
|