|
М.Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Жылыжайларды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігіне көзіміз жеткен сияқты. Өзіміздің жерімізде бақша піскенше өзгеге мойын созатынымыз базар бағасын қымбаттата түсетіні
де ақиқат. Қыс бойы базар сөрелеріндегі қияр-қызанақ, аскөк, көк жуа секілділерді баға қымбатына қарамай сатып алып жатып, өзімізде қашан болады екен деген сұрақтың қайсыбір кісінің көкейіне ұялайтыны шындық. Көршілес елдердің өзі көктем басталса, «көктеп, көгеріп» шыға келетініне қызыға қарайтын, тіпті, қызанақ, қиярлардың да аузымызға кештетіп барып тиетінін осы күнге дейін мәселе етіп айтып келеміз. Өткен жылы мезгілінен кеш болса да, көкөніске қысы-жазы қарық болатын қала тіршілігінен сабақ алып, биыл ерте қимылдауға, өзіміздің жылыжайда өсіру мәселесі аудан билігі тарапынан айтылмай жүрген жоқ. Биылғы ерекше қыс қаттылығынан аман-есен өтіп, «өлмеген құлға болды жаз» дегенмен, көктемгі қарбаластың мәселесі ерте қозғалды. Көктем болса да, ауданды көкөніспен қамтуға жылыжайдың ықпалы мол болатыны сөзсіз. Өзінің елге есеп беруінде аудан басшысы ауданда жылыжайлар ауқымының күн санап ұлғая түсуін ерекше атап айтуы тектен-тек емес. Осындай мақсатты ұстана отырып, аудан шаруаларына ой тастау, қозғау салу бастамасымен шағын жылыжай салу туралы мәселені сөз етпекпіз. Аумағы 3 соттық жылыжайда қияр мен қызанақты жыл алмасып кезекпен өсіруге болады. Мәселен, биыл қызанақ өсіруге басымдылық берілсе, ендігі жылы қиярды молынан өсіру керек. Әрине, бұл сәбиді күткендей тіршілік болмақ. Оларды ерекше ықыласпен баптап, күте білмесең, өнім ала алмайсың. Бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайды. Қыс бойы жердегі барлық тіршілік иелері жылы жерді іздейтіні белгілі. Яғни, қыс күндері жылыжайды паналағысы келген құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жыландармен күресуге тура келеді. Мұнан бөлек қыс суығында жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау үлкен еңбекті қажет етеді. Әрине, жылыжайды жылумен қамтамасыз ету үшін бұл жай ғана мәселе емес екені белгілі. Көкөніске қажетті жылылықты бірқалыпты сақтау қажет. Мұнан бөлек, көкөністің өз деңгейінде өсіп, өнім беруі үшін 17 сағат күннің энергиясы қажеттігін назарда ұстаңыз. Қыс мезгілінде тұманды күндер бола қалса, арнайы лампа қосуға тура келеді. Суық күндері бір күнде 50 литр жанармай жағуға тура келсе, (егер жылыжай жанар маймен жылытылатын болса) күн жылына келе 20-30 литрді қажет етеді. Сондай-ақ көкөністі уақытылы суару, тыңайтқыш беру секілді көзге көрінбейтін, күтіп-баптау тіршілігі аз емес. Жылыжайда көкөніс егу жұмысын сәуір айында бастасаңыз, небәрі наурыз айының ортасына қарай өнім береді. Жаздың шілдесіне дейін жалғасатын науқан барысында аядай жылыжайдан 1,5 тоннаға жуық өнім алуға болады. Сала мамандарының айтуынша, осындай 3 соттық жерге жылыжай салу үшін құрал-саймандары бар, орнатып беру жағы бар, қысқасы анау-мынау шығындарды қосқанда 300 мыңнан аса қаржы жұмсалатын көрінеді. Өнім мол болса, кеткен шығынды бір жылдың ішінде өтеп алуға болады. |