|
Р. Ысқақов, Байзақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы.
1990 жылы аудан көлемінде бірінші болып соғыстан қайтпай қалған 200-ге тарта жерлестерімізге, боздақтарға ескерткіш орнатылып, үлкен жиын – ас беріліп, жер-жерден жұбайлары, ұлдары мен қыздары, немере-шөберелері келіп, әкелерін, аталарын, бауырларын еске
түсіріп, құран бағыштап мәре-сәре болған еді. Бұдан біраз кейін 2005 жылы мамыр айының басында Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 60 жыл толу мерекесіне дайындықтың қарсаңында бір күні соғыс ардагерлері, марқұм Әлтаев Шекербек пен Сапарбеков Мәлдібектің азамат болған ұлдары Мақсұт пен Рыскелді үйге келді. Өткен-кеткен жайларды айтып, еске түсіріп, ой бөлісіп отырдық. Әңгіменің соңында Мақсұт тоқ етер ойын айтты. - Ағай, біздің әкелеріміз де Ұлы Отан соғысына қатысып, қан төгіп, неміс фашистерімен айқасып, бір қолын Отаны, елі-жері үшін беріп келген. Майданнан ауыр жараланып келсе де, еңбек майданына бел шеше кірісіп кеткен. Сол сияқты Байзақ ауылында өмірден өтіп кеткен майдангер аталар, ағалар көп қой. Олар майданда да, тылда да батырлықтың, еңбектің үлгі-өнегесін көрсеткен еді. Артында ата-ана, борышын ақтайтын ұл-қыздары бар емес пе? Солардың борышының бірі басына құлпытас қою емес пе? Мына ауылдағы боздақтарға орнатылған ескерткіштің жанындағы бос орынға әкелеріміздің (дүниеден өткен соғыс ардагерлерінің) басына құлпытас орнатсақ деп едік,-деді. - Бұл ойларың өте орынды. Жауды жеңіп, майданнан аман-есен келіп, еліне, халқына, бала-шағасына бар пайдалы да жемісті жылдарын арнап, майданның да, еңбектің де үлгі-өнегесін көрсетіп кеткен аталар мен ағалар саны Байзақ ауылында 180-ге тарта екен. Ертең олардың жесірлері, балалары, немерелері әке-аталарын іздейтін шығар. Егер ескерткіш орнататын болсақ, оларға түгел орнатайық,-дедім мен. - Аға, оныңыз дұрыс, ескерткішті орнататын орынды көрейік,-деді олар. Бұдан соң ескерткіштің басына барып, лайықты орынды белгіледік. Кететін шығынды Мақсұт пен Рыскелді өз мойындарына алды. Іздестіріп, тауып 175 адамның тізімін бердім. Көп ұзамай мәрмәр тасқа тізімді жаздырып, 9 мамыр Жеңіс күніне 3-4 күн қалғанда Мақсұт пен Рыскелді келіп, ертесіне орнататындарын айтты. Келесі күні қаладан жігіттер келіп, ескерткіш тақтаны орнатты. Ескерткіш мектептің жанында ғой. Үзіліс кезінде оқушылар келіп, құлпытастағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер аталарының тізімін оқып жатты. Бір кезде 3-4- сыныпта оқитын бір кішкене бала: «-Менің де атам бар мына тізімде. Неміс фашистерімен соғысып, аяғынан, қолынан ауыр жараланған. Аяғы, қолы қисық болатын».-деп мақтанғандай кейіп білдірді. «Әй, балам, сен кімнің баласысың, атың кім»,-деп едім, ол: «Мен Ұзақтың баласымын, атам міне мына таста жазулы тұр»,- деді. Мен ескерткішке жиналып тұрған балаларға бұл ескерткіште олардың аталарының аты жазылғанын, олардың жаумен айқасып, елді, жерді, Отанды қорғағандығын, жауды жеңген батырлар екенін, аталары сияқты ел қорғайтын батыр болып өсулерін айттым. Енді сол батыр ата Жұмабеков Зүкір ағамыз туралы әңгімеге ойыссақ. Ол кісі 1908 жылы Байзақ аулында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Көшпелі қазақ ауылында, жаз жайлау- қарт Қаратаудың етегі, Ботамойнақ өңірі- қыс қыстауы. Талас өзенінің шығыс жақ жағасында балалық бал дәурен өмірін өткізген Зүкеңнің өмірі өте ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Буырқанып бұрсанған ала құйын, ала шапқын аударыс-төңкеріс Октябрь революциясы кезіңі еді. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша сауат ашқан Зүкең советтік дәуір басталғанда, сауатсыздар мектебінде оқып, тез хат танып кеткен. 1938 жылдан қызмет жолын бастап, 1939 жылға дейін аудандық ақша бөлімінде салық жинаушы қызметін атқарған. 1939-1941 жылдар аралығында Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетінде кадрлар жөніндегі нұсқаушы болып істейді. 1942-1943 жылдары армия қатарында болып, Отан соғысына қатысады, Соғыстан бір аяқ, бір қолынан ауыр жараланып, жарамсыз деп табылып, 1943 жылдың аяғында елге келеді. 1944-46 жылдары Свердлов (Байзақ) ауданы Кеңес МТС-інде партия ұйымының хатшысы, 1946-1954 жылдар аралығында Свердлов (Байзақ) ауданы Амангелді атындағы колхоздың басқарма бастығы, кейінгі жылдары Көктерек ауылдық Советінің төрағасы, Жамбыл облысы мақта өнімін дайындау мекемесінде есепшілік қызметтерін атқарды. Кейіннен зейнетке шықса да қарап отырмай, туған ауылын көркейтіп, көгеріштендіріп, экономикасын арттыруға өз үлесін қосады. Марқұм, Ұлы Отан соғысының, еңбек ардагері Жұмабеков Зүкір аудан көлемінде, ауылда, көпшілік ортада өнегелі істерімен қадір-құрметке бөленген азамат еді. Ол қайда жүрсе де, қай жұмыста істесе де атына кір келтірмей, адал да абройлы, тындырымды істейтін. Үлгілі, өнегелі, мінезге бай, арттағы ұрпаққа берер ақыл-кеңесі мол ауыл ағасы, ардақтысы болып еді. Ағамыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, еңбектегі үлгі өнегесін айғақтайтын ордендер мен медальдар, мақтау-марапаттау қағаздары баршылық. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әке, ұлағатты отбасының басшысы да болған жан еді. Кейін ауылдағы бір көше оның атына берілді. Мұндай өмірі өнеге болар аталар ауылда баршылық. Олардың есімдерін естен шығармай, кейінгі жас ұрпақты солардың өнегесімен тәрбиелесек, олар айтулы азамат болып жетіле бермек.
|