|
Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан жалпы республикалық “Мектепке жол» акциясының басты мақсаты-біліммен қамтылмаған мектеп жасындағы балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген және көп балалы
отбасынан шыққан, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларына уақытында материалдық қолдау көрсету, әлеуметтік себептер бойынша олардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында биылғы оқу жылында «Жақсылық жасауға асығайық» үндеуімен өтуде. Аудан әкімінің бастамашылығымен және «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясының қолдауымен өңірімізде өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы осымен алтыншы жыл қатарынан өткізілуде. Сарыкемер орта мектебінде әлеуметтік педагогтар Ш.Молдахалықова мен Г.Тлекеевалардың ұйытқы болуымен өткен шара барысында жалпы 48 балаға қайырымдылық шарасы көрсетілді. Ауқымды шарада мектеп директоры М. Наметқұлов сөз сөйлеп, акцияға жанды көмек берген азаматтарға алғысын айтты. 6 балаға демеушілер тарапынан, ал 30 оқушыға мектептің ұжымы мектепке қажетті оқу құралдары салынған сөмке мен спорттық киімдерді табыстады. Бурыл орта мектебінде ауыл әкімшілігінің қызметкерлері мен мектептің әлеуметтік педагогтарының ұйымдастыруымен «Мектепке барар жол» акциясы өтті. Акцияға Бурыл орта мектебінің директоры Г.Алимбекова ауыл әкімі Е.Әліқұлов, аудандық мәслихат депутаты Е.Әшірбековтер қатысып, қамқорлыққа зәру, көңіл аударуды қажет ететін көп балалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына қамқорлық жасау игілікті іс екендігін айтып, бірнеше балаға мектеп сөмкелерін және оқу құралдары мен киімдерді сыйлады. Акция соңында қолдау алған ата –аналар атынан сөз алған ауыл ақсақалы Ж. Мұқанов ризашылығын айтып, батасын берді. Жалпы ауқымды шара аясында аудан бойынша мыңға таяу балаларға шынайы қамқорлық көрсетілді.
|
|
Обновлено 04.09.2013 09:55 |