|
Мұхтар Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Жуырда ауданымыздағы «Байзақтазаауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Абдисаид Момбаев) «Қазақстанның көшбасшысы - 2013» атағына ие болды. Ресми статистика деректеріне сәйкес, аталған серіктестік шаруашылық субъектілерінің арасында маңыздылық көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы шағын кәсіпорындарының үздіктер қатарына
(«ТОП-3» (ОКЭД 38.21.0 «Қауіпсіз қалдықтарды өңдеу мен шығару») енді. Бұл жоғары марапатқа - Ұлттық сертификатқа - «Байзақтазаауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің 4 жыл бойы тиімді қызметінің арқасында ие болды. Айта кету керек, рейтингке еліміздің барлық өңірлерінен кәсіпорындар қатысып, «Активтердің көрсеткіштері мен міндеттемелері», «Пайдалылық көрсеткіштері», «Өтімділік көрсеткіштері» аталымдары бойынша сынға түскен. Аталым көрсеткіштері бойынша жоғары ұпайға ие болған А.Момбаев жетекшілік ететін ұжым шағын кәсіпорын субъектілері арасында рейтингтің қоласын қанжығасына байлады. Астана қаласындағы Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің құрмет белгісі мен көшбасшы символын және статусын иеленді. 2009 жылдың сәуірінде аудан әкімінің №113 қаулысымен «Тазаауыл» коммуналдық қазыналық мемлекеттік мекемесі болып құрылып, өз жұмысын бастаған кәсіпорын аудан орталығын, ауылдарды көріктендіру мен көгеріштендіру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысып келеді. Бастапқыда штат бірлігінде алты адаммен қызмет еткен мекеме өткен жылдың сәуір айында аудан әкімінің №95 қаулысымен жүз пайыздық мемлекеттің қатысуымен «Байзақтазаауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде қайта құру жолымен өзгертілді. Осы уақыт аралығында аудан аумағында санитарлық тазалық және қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, тасымалдау, көму, аудан орталығын және ауылдарды көріктендіру мен көгеріштендіру жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылындағы дендросаябақтың көріктендіру және көгеріштендіру, тазалық жұмыстарын атқарумен аталмыш мекеменің бес қызметкері айналысады. Қазіргі таңда серіктестікте сегіз адам жұмыс атқарса, санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын ақылы қоғамдық жұмысшылар саны 12-ге жеткен. 30-40 мың теңге аралығында жалақы алатын жұмысшылар аудан орталығындағы Байзақ баба ескерткішіне, Тәуелсіздік тұғыры, Батырлар аллеясы, кіреберіс (Сарыкемер) қақпасының және сахнаның екі жағындағы қазандыққа егілген гүлдерді күнделікті баптап, суғарып отырады. Бүгінде Мырзатай, Базарбай, Қусақ тас жолдарының бойындағы қоқыстар жиналып, ретке келтірілсе, Сарыкемер ауылының ішкі көшелерінің бойына билбордтар мен баннерлер қажетті жерлерде ауыстырылуда. Жылдан жылға жұмыс көлемі ұлғайып, аудандағы тазалық пен көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды толас таппай ұдайы жүргізіп келе жатқан серіктестік ұжымына тек сәттіліктер тілейміз.
Фото: А.Алдабергенов |