|
Ермахан қажы Бердалы, Сарыкемер ауылы. Осы біз жарамазан айта аламыз ба? Бәрімізге белгілі жарамазан жылына бір рет келетін Рамазан айында айтылады. Себебі, ол халық ауыз әдебиеті,оның салт-дәстүр жырлары тобына жатады. Жарамазанның тарихына көз салсақ, оның бізге сонау
VІІ-VІІІ ғасырлардан бері келе жатқаны, ислам өркениетімен бірге дамыған, шартарапқа өмір шендігімен танылған халық өнер туындысы екенін көреміз.Қазақстанда жергілікті бірлі-жарым ырғақ махамындағы сиқырлы сыр сипаты болмаса, жарамазан Алтайдан-Атырауға дейін айтылады. Негізінен ол, кешке ауызашар аяқталғанда тарауық намазынан соң айтыла бастайды. Жарамазан әуелі ел-жұртты ораза ұстауға шақырады, мұсылман қауымын құттықтайды, білген-түйген түйсігіне сай ақыл кеңесін айтады.Сан салада үгіт-насихат жасайды, елін сүйген ерлерді мадақтайды.Арулар мен бикештерді сылап-сипап, сынап-мінеп, әжуалайды. Ескі-кекті, кеткен есені еске алмайды. Ауыл аймақтың, әулеттің, елінің амандығын тілейді.Басқа байлық, денге саулық сұрайды. Қазақ халқымен бірге қалыптасқан жарамазанның көнекөз қысқа нұсқасын ұсына кетуді жөн көрдік. Үйің-үйің үй екен, Үйдің көркі ши екен. Саба көркі бие екен, Сандық көркі түйе екен. Әшекейлеп сырлатқан, Ақ сарайдай үйі бар. Ақ бөкендей қойы бар, Қара сақал кермиық. Қандай байдың үйі екен. Немесе: Адыр-адыр таулардан, Айғыр мініп біз келдік. Ауыздығы бой бермей, Бай үйіне кез келдік. Бұдыр-бұдыр таулардан, Бұқа мініп біз келдік, Мұрындығы бой бермей, Бай үйіне кез келдік. Кірсін дәулет, Шықсын бейнет. Айтамын байлар, Сізге жарамазан, -дейді. Мұнан соң әндетіп, әуелетіп, әртарапқа даусы жетіп, жарамазаншылар бір кісідей бірігіп, білгенімен ой-орымдарын тыңдаушысына айта бастайды. Қайырмасы: Мұхамбет үмбетіне жарамазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан! Пайғамбардың мінгені есек дейді, Жұдырықтай қолында кесек дейді. Оқы намаз, жігіттер, ораза тұт, Ақыретке барғанда есептейді. Қайырмасы: Жарамазан айтамын елімізге, Жақсы орамал байлаңыз беліңізге. Қайыр зекет берсеңіз ұтқаныңыз, Мақтай-мақтай қайтамыз елімізге. Қайырмасы: Жарамазан айтамын үйіңізге, Үй айнала ұстаған шиіңізге. Қозы берсең,қой берсең көпсінбеймін, Биылғы жыл келіпсіз күйіңізге. Шаңырағы осы үйдің шап-шақ қана, Осы үйдегі жеңешем әппақ қана. Сақилығын көрген соң риза болып, Жеңешемді жүреміз мақтап қана. Жарамазан айтамын есігіңе, Қос ұл берсін қошқардай бесігіңе. Қос ұл берсе қошқардай бесігіңе, Батыр болсын, жау шаншып несібіңе. Осы тектес игі тілек білдірушілер әрине құрметтеледі. Олар болса үй иесіне бата береді. Бата көбіне төмендегідей болып келеді. Болшыл-болшыл,болшыл бол, Боз торғайдай төршіл бол. Адам таппас сөзді бол, Ор қояндай көзді бол. “Әумин” десең маған, Алтынан болсын жағаң. Күмістен болсын тағаң, Халқыңа арта берсін бағаң. Қабыл болсын оразаң. Жә, жарамазан айтушыларға бәрін түгел үйрете алмаспыз.Әйтседе, біз мына бір жағдайларға назар аударғанымыз жөн сияқты. Ілгері замандағыдай жұрт жайлауда отырған жоқ. Бұл күндері бізге жарамазан кімге айтылғаны да, не айтып жатқаны да белгісіз. Көпшілік есік-тесігін тапа-тал түсте де құрсаулап отырады.Шыңғырсаң да шықпайды. Бұл жарамазанның қасиетін кетіреді. Осыдан бес-алты жыл бұрын біздің көшеге ерлі-зайыпты екеу жарамазан айтып келді.Қолдарында құйқылжыған сырнай, әндері қандай, сөздері неткен тамаша, бата басынан кетпейді. Тамсанбасқа, таңғалмасқа шара жоқ. Жұрт олардың алдынан шығып, үйлеріне жарамазан айтқызып, бір айыздары қанғаны бар. Бір кездері қобызын құшақтап, бір қырғыз ағайын келетін еді. Ол да бүгінде көрінбейді. Сондықтан ата-салтымызды сақтағымыз келсе, ұрпағымызға үлгі-өнеге көрсете отырып, «Өгізді өлтірмей, арбаны қиратпай» саф алтындай күйінде кейінгілерге табыс етейік дегім келеді. |