|

Салыстырмалы түрде аудан орталығынан жырақтау орналасқан Кеңес Одағының батыры, ауылдың төл перзенті Ағаділ Суханбаев ағамыздың атымен аталған округ Көкөзек, Қарасу, Жақаш атты үш елдімекеннен
тұрады. Жалпы округ аумағында (430 түтін) 2500-ге жуық тұрғын тұрады. Ауыл азаматтарына бүгінгі таңда 3 орта мектеп, 1 балабақша, 1 кітапхана, 1 ауылдық клуб, 1 жанұялық дәрігерлік емхана, 1 медициналық тірек, 5 дүкен қызмет көрсетіп келеді. Әу-бастан, егіншілік пен мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл еңбеккерлері, ұжымшарлар (колхоз, совхоз) тараған соң, тиесілі жер үлестерін иемденіп, ұсақ шаруа қожалықтарға (фермерлік) бөлініп, шама-шарқынша тіршілік етіп келеді. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі елдімекендердің экономикалық, әлеуметтік, мәдени тұрғыдан дамуына барынша көңіл бөлініп келеді. Үкіметтің мұндай қолдауынан сонау шалғайдағы ауылдарда құр қалған емес. Осындай елдімекендер қатарында Суханбай ауылдық округін де мысал ретінде атап өтуге әбден болады. Атап айтар болсақ, 2010 жылдың қыркүйек айында “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға 120 балаға арналған жаңа білім ордасы, үстіміздегі жылдың ақпан айында алты келушіге арналған жаңа медициналық тірек ғимараттары салынып, пайдалануға берілсе, осы күндері округке қарасты үш елдімекендерде таза ауыз су құбырлары тартылып, үй-үйге кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бюджет есебінен ауыл мектептері, ауылдық клуб, кітапхана, ауыл жолдары түрлі деңгейдегі жөндеулерден өткізілуде. Мемлекет қамқорлығын сезінген ауыл тұрғындары да қол қусырып отырған жоқ. Жалпы ел халқының өсіп-өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсету, жағдай жасау, бағыт-бағдар беріп отыру жергілікті биліктің тікелей функционалдық міндеті екендігі айтпаса да белгілі. Дегенмен, осы күндері атқарушы билік айналасына шоғырланып, демеу болып, жан-жақты қолдау көрсетіп отырған түрлі қоғамдық ұйымдар ішінде ауылдық ардагерлер кеңесінің шоқтығы биік болып тұр десек, артық айтқандық емес. Біздің бұндай тұжырымға келуімізге апта басында өткен аты аталған ауылдық округ ардагерлері кеңесінің есепті жиыны жетеледі. Ауылдардан жиналған ардагерлер қауымы, ауыл белсенділері, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Камал Беспаев қатысқан есепті жиынды ауыл әкімі Марат Өзбеков кіріспе сөзбен ашқан соң, аталмыш ұйымның екі жылда атқарған жұмыстары туралы оның төрағасы Әуес Қосыбаевтың баяндамасы тыңдалды. Алдын-ала айта кетсек, сөз барысында баяндалған ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдасқан алғашқы күндерінен бастап, осы есепті кезең аралығында қолға алынған, жүзеге асырылған және алдағы уақыттарға жоспарланып отырған жұмыстарды көз алдымызға келтіре отырып, ойға түйгеніміз мынау еді: шындап келгенде болашақ ұрпақты жаман әдеттерден аулақ ұстап, ұлттық дәстүрде, патриоттық, адамгершілік, азаматтық рухта тәрбиелеуді, өмірлік тәжірибесі мол осы аға буын қолға алмаса, бастама көтермесе, басқа кімге сенеді? Ауылдың күнделікті өмірімен тығыз байланыста жүріп, білім ордаларында жастар тәрбиесінің ауыл ішіндегі түрлі қайырымдылық шаралардың, ауылды абаттандыру, көріктендіру т.б. мәселелерінің басы-қасынан табылып жүрген ел ағаларының бұл игі істері көңілімізге жылылық сезімін ұялатты. Сөзін қорыта келе, төраға ауыл тұрғындарына тұрған ауылымен аулаларын таза ұстауға, ауыл аймағын көркейту, абаттандыру жұмыстарына, ауыл жастары арасындағы тәртіпбұзушылық әрекеттердің алдын алуға, қайырымдылық, имандылық жолындағы шараларға біркісідей атсалысуға шақырды. Өз кезегінде алқалы жиында сөз алған ауыл тұрғындары да өз ой-пікірлерін ашық ортаға салды, алғыстарын айтып, сын-ескертпелерін жеткізді. Олардың қатарында ауылға келіп тұрған ауыз судан тиімді пайдалану, ауыл жолдарын жөндеу, мал жайылымы, ауылдық дәрігерлердің (медбикелер) штаттық бірліктерін көбейту сынды мәселелер тұрды. Жасыратыны жоқ, көп жылдар бойы қағаз жүзінде ғана (формалды түрде) «өмір сүріп» келген ауданымызға қарасты ардагерлер ұйымдарының жұмыстары соңғы жылдары жанданып, алға басып келеді. Айта кетер мәселе, өз жүріс-тұрыстарымен қоғамдық жұмыстарда белсенділік пен біліктілікті, күнделікті өмірде үлкен парасаттылық пен даналықтың үлгісі бола жүріп, осындай іс-қимылды өзгелерден талап етіп отырған, Рәш Шәметов ақсақал басшылығындағы аудандық ардагерлер кеңесінің үлесі зор. Жиын соңында ұйымның екі жылда атқарған жұмыстары туралы төраға есебін тыңдаған ардагерлер қанағаттанарлық деген баға берумен қатар, бірауыздан Әуес Қосыбаевты ұйым төрағасы етіп қайта сайлады. Сонымен бірге, жиын қатысушылары ардагерлер кеңесінің алқа мүшелерін де бекітті. РS. Осындай бір үлгі етерлік үлкен шара алдағы демалыс күндері аталмыш ауылдың атақты перзенті - Төребай Ақбозовтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілмек.
Өз тілшіміз.
Фото: А.Алдабергенов |