|
М.Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Бала құқығын қорғау – басты міндет. Елімізде балалардың құқығын қорғау – бүгінгі күннің ділгір мәселелерінің біріне айналды. Өйткені, тәуелсіз елімізде өз Отанын сүйетін жас буынды тәрбиелеу
– мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Жастарымыз ар-намыс, парыз, болашаққа сенімділік, парасаттылық сияқты Отанымыздың өркендеуі жолындағы жоғары құндылықтарды қастерлей, ұстанып өсуі тиіс. Аптаның сәрсенбісінде Сарыкемер орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі Дана Абдраимованың ұйымдастыруымен «Балалар құқығы-ұлттық саясатымыздың негізгі бағыты» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Нұрлан Асабаев, ардагер-ұстаз Ермахан қажы Бердалы, зейнеткер, еңбек ардагері Дауытбек Рахымбекұлы, ата-аналар атынан Раушан Әбуева, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Әлібек Мырзабековтер арнайы шақырылды. Сонымен қатар, мектеп директоры Мұхит Нәметқұлов пен мектеп ұстаздары және білім ордасының 9-10 сынып оқушылары қатысқан дөңгелек үстелде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін қылмыс түрлері мен жазалар жайында кеңінен пікір таластырылып, тұшымды ойлар ортаға салынды. Оқушылардың құқықтық білімдерін тексере отырып, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру, жасөспірімдер қылмыстылығының қылмыстық сипаттамасын беру, қылмыстық жауапкершілік түрлерімен таныстыру, Ата Заңымызды, сондай-ақ құқықтық-нормативтік актілерді орындап, құрметтей білуге үйрету, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу мақсатын көздеген дөңгелек үстел үш бөлім бойынша өткізілді.  Алдымен жиын қатысушылары адам құқығы жайында ойларымен бөлісіп, өз құқықтарының қаншалықты заңмен қорғалғанын Қазақстан Республикасының Конституциясының баптары бойынша баяндап берді. Келесі бөлім жастар арасындағы қылмыстар мен ситуациялық жағдайларды шешуге арналды. Бұл бөлімде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қазіргі таңда белең алуы, қоғамды алаңдатып отырған сотталушылар қатарында кәмелет жасқа толмағандардың көбеюі, жастар арасындағы ұрлық, тонау, күш көрсету, бопсалау әрекеттерінің жиі орын алуы, кәмелет жасқа толмағандардың тәрбиеленуі мен өмір сүру жағдайы, қылмысты жасау себептері мен оған себеп болған жағдайлар, ата-ана тәрбиесінің дұрыс болмауы құқық бұзушылыққа негіз болатыны айтылды. Ал ситуациялық жағдайларды шешуге қатысты күнделікті өмірде кездесетін көше оқиғасына құрылған көрініс көрсетілді. Заңнамалық кеңес және кәмелетке толмағандарға қолданылатын жаза түрлері айдарларына құрылған соңғы бөлімде оқушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын аудан прокурорына жолдап, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ қызу пікірталаспен өрбіген дөңгелек үстел отырысында слайд арқылы да, бейнекөрініс арқылы да көріністер қатысушылар назарына ұсынылып, олардың пікірлері тыңдалды. Әсіресе, қонақтар назарына ұсынылған, біріншісі-әдемі салынған үйдің, екіншісі-іргетасынан бастап кірпіші дұрыс қаланбаған, төбесі жарылып кеткен үйдің суреттері жайлы ойлары ешкімді бей-жай қалдыра алмады. Аталардан өсиет болып қалған мақал-мәтелдермен қорытындыланған дөңгелек үстел отырысына қатысушылар белгілі қоғам қайраткері Ж.Аймауытовтың «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, адам неше түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі» деген ұлағатты сөзінің астарында қаншалықты мән-мағына жатқанын көңілдеріне түйіп, тарқасты.
Фото: А.Алдабергенов |