|
Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін және дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылдың 6 мамырында жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-қадамында қоғамдық кеңестердің өкілеттіліктері мен мәртебесін заңмен бекіту мәселесі қаралғаны белгілі. Онда Елбасы: “Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің
стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актлер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру” керектігін ашық айтты. Иә, Ұлт жоспарындағы нақты қадамдарды жүзеге асыру үшін елімізде алпысқа жуық заңнамалық құжат қабылданған екен. Солардың бірі 2015 жылдың 2-ші қарашасындағы ҚР-ның «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сай еліміздің әр қиырында Қоғамдық кеңестер жасақталды. Байзақ аудандық мәслихатының 2016 жылғы 19-шы ақпандағы №50-2 шешімімен құрамында 17 адам, оның ішінде қоғамдық кеңестің төрағасы, орынбасары, хатшысы, төралқасы бар аудандық қоғамдық кеңес те өз ісіне кірісті. Жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру басты міндеті болып табылатын қоғамдық кеңестің аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 24 ақпандағы №51-2 шешімімен өз Ережесі бекітілді. Осы Ереже негізінде қоғамдық кеңес өз қарамағындағы мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін, заңдарды іске асыруға ықпал ету, өз құзыры шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін «Бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жөніндегі», «Аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі» және «Әлеуметтік-мәдени, білім беру, денсаулық салалары және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» үш тұрақты комиссияларды құрып, кеңес отырыстарында аудан әкімінен бастап бөлім басшыларының атқарған жұмыстары бойынша есептері тыңдалды, сәйкесінше ұсыныстар білдірілді. Яғни, кеңес мүшелерінің ойлары ортаға салынды. Осыған қарап-ақ, қоғамдық кеңес бұл - мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін бақылаушы орган десек қателеспейміз. Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез-келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуына, әрі қарапайым азаматтардың елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруіне мүмкіндігін туғызды. Осылайша қоғамдық кеңес – бақылаудың байыпты нұсқасына айналды.Біздің ендігі бір басты мақсатымыз аудандағы әрбір ауылдық округтерде құрылған қауымдастықтармен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жүргізу. Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Атқарушы билік пен қоғамның ынтымағын қалыптастырып, екі жақтың да мүддесін бір арнаға тоғыстырған қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі күн өткен сайын арта түспек.
Ж. Құмғанбаев. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы. |