|

Дарынды жастарды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін Сарыкемер ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебіндегі эксперименттік алаң 2013 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Оқушының жеке дара қабілеттерінің жан-жақты дамуы мен толыққанды тұлға болып өсуін тек қана оның оқу әрекетімен шектемей, арнайы танымдық-шығармашылық бағытта қосымша білім беруді көздеген – эксперименттік алаңда 18 үйірме ашылып, оларға мектептегі 1275 оқушының 882-сі қатысуда. Шындығында да мұндағы «Мұрагер», «Ұлттық бейнелеу өнері», «Сәндік қолөнер», «Моншақтар әлемі», «Сәулет өнері», «Абайтану»,
«Сөз зергерлері», «Көркем студия», «Зияткер ұлт», «Жас дарын», «Жас эколог», «Қуыршақ театры», «Жасыл дәріхана», «Теңбіл доп шеберлері», «Тоғызқұмалақ. Шахмат», «Вокал-хор», «Гимнастика», «Елтану» үйірмелерінен жасөрендердің үйренері көп-ақ. Қазірдің өзінде оқушылар осы үйірмелерден алған өнер-білімдерін түрлі деңгейдегі байқауларда байқатып, жеңіске қол жеткізіп келеді. Осы ретте, мектеп ұжымының еңбегі ерекше екені де рас. Шынайы еңбектің нәтижесі, осынау білім ошағында «Толық күнді мектебінде оқушылардың шығармашылық потенциалын дамытудың шарттары» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік семинарда кеңінен көрсетілді. Жамбыл облысына қарасты аудандардың білім қызметкерлері қатысқан кең ауқымды іс-шараны облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім жетекшісі Әлия Әлімбекова ашып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту – заман талабы екендігін, осы ретте ұстаздарға артылып отырған жауапкершілік жайын сөз етті. Мұнан соң Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ә.Әбдімомынов «Адами капиталды дамытуда мектептің алатын орны», Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебінің директоры Г.Есентаева «Толық күнді мектебінде оқушылардың шығармашылық потенциалын дамытудағы мектепішілік басқарудың маңызы», директордың эксперименттік ісі жөніндегі орынбасары Г.Қошқарбаева “Оқушылардың шығармашылық потенциалын дамытудағы мектепішілік қосымша білім беру жүйесінің алатын орны” тақырыптарында баяндама оқыды.
 Семинар барысында М.Х.Дулати атындағы психология және педогогика кафедрасының оқытушылары тренингтер жүргізіп, келген қонақтарға эксперимент алаңындағы үйірме жұмыстары таныстырылды. Облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
А.Қайыпназарқызы. Өз тілшіміз. |