Онлайн газет



Ат қою да - өнер

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Қазақ қашаннан да салт-дәстүрін сақтаған, жоралғысын жасап, ырымға сенгіш келетін халық болғаны рас. Әсіресе, кешегі ата-апаларымыз сәби дүниеге келген күні, тіпті, ана бойына бала біткеннен бастап оған ат қоюды ойластыра жүрген. Ат дегенге жәй ат емес, «батыр болсын», «ақын болсын», «жыршы-күйші», «әнші» болсын деп атақтылардың есімін өз баласына азан шақыртып қойған. Халқымыз дінге байланысты, жер-су аттарына да ұқсастырып, тұрмыс-тіршілікке сүйеніп те балаға есім беретін болған.
Бұл кешегінің көрінісі, ал бүгін қалай? Өз атының затын білмей жүргендер көп. Қарапайым мысал, бүгінде әп-әдемі - Жанарымыз «Жанара», Анарымыз «Анара», Әселіміз «Аселя», Гүлмирамыз «Гуля» болып кетті. Әнеліміз – Анэл, Жанеліміз-Жанэл болып жүр. Жарайды, мұнымызды жастарымыздың батысқа еліктеуі деп түсіндірейік, кейбір ата-аналар қызы мен ұлына орысша, тіпті, соңғы кезде еуропаша есімдер бере бастағанына не дейміз? Осыдан келіп «Жасмин, Земфира, Диля, Дина, Диана, Даяна, Саяна, Алсу, Даниял, Анжелина мен Ангелиналар, Алмира мен Сабиналар» қаптап кеткені жасырын емес. Естімеген елде көп демекші, жастарға жөн сілтеп, ақыл айтатын бір апаның немересіне «Айлуна» деп ат қойыпты дегенін естігенде  қатты қысылдық.
Күлеміз бе, жылаймыз ба? Ал, жуырда қазақтың қаракөз келіншегі жаңа жыл қарсаңында  туылған баласына «Ёлка» есімін беріпті.  Елімізде Самит өтуіне байланысты Самитхан есімдері көбейіп кетті әнеу бір жылдары. Ендеше дағдарысқа байланысты «Дағдарыс», ақырзаман келеді дегенде «Ақырзаман» деп ат   қоя салатындар табылатынына күмәнданбасақ та болады.
Біле білсек, ат қоюда атам қазақтан асқан шебер болмаған. Кешегі бабаларымыз балаға есім беруде мың ойланып, бір тоқтамға келген. Есімнің ерекшелігімен қатар, оның мән-маңызына көңіл бөліп, ортақ шешім шығарған. Ол кезде сәбиге есімді көпті көрген қариялар мен ақ жаулықты аналар берген. Сондықтанда ел аузында «Атын мен қойдым, ғұмырын Алла берсін» деген сөз қалған.
Халқымызда «баланың атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген де аталы сөз бар. Болмасада ұқсап бақсын деп белгілі тұлғалардың (Абай, Шәкәрім, Шоқан, Ыбырай, Ақан, Қабанбай, Бөгенбай, Қазыбек), тіл-көзден сақтасын деп (Сасықбай, Майкөтен, Самаурын), дінге байланысты (Дінмұхамед, Иманғали, Айша, Ибраһим), ерекше белгісі бар балаларға (Наргүл, Нарқыз, Нарбек), жер–су аттарына орай (Жамбыл, Торғай), ұрпағым көп болсын деп (Жалғас, Көбей),  көңіл-күйге  байланысты (Бақыт, Сезім, Махаббат), қыз артынан ұл ерсін деп (Ұлжан, Ұлбала, Ұлпан), рамазан айында, айт күндері  туылғандарға (Рамазан, Айтбай, Оразкүл), есен-сау жүрсін деп (Есенгүл, Амангүл, Амандық, Аманғали), әсемдікке байланысты (Әдемі, Көркем),  гүлге байланысты (Айгүл, Нұргүл, Жұпаргүл, Қалампыр) есімдерін баласына беретін халқымыз қандай дана, қандай данышпан десеңізші!
Иә, өткеннің өнегесі мол. Бүгінде бұл үрдіс жалғасын табуда ма? Бір кездері батыр Бауыржандай болсын деп «Бауыржан», Мақпалдай әнші апамызға ұқсасын деп «Мақпал» есімдері балаларымызға беріліп жатса, қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат ретінде «Нұрсұлтан» аты көптеп қойылуда. Біздің мақтан етер тұсымыз да осы болып тұр. Бір сөзбен айтқанда,  қазақы қаймағы бұзылмаған жанұялар ата дәстүрді әлге дейін ұстанады екен.
Десекте, кейбір отбасылар сөздің мән-маңызын ұғынбай тұрып сәбиге сәнді есім беруге құмар-ақ. Жаңа заманның талабына сай жаңашаланып жатқанымыз жөн де шығар, бірақ балаңызға ат қойғанда абай болған дұрыс. Психолог мамандардың айтуына қарағанда баланың аты болашақ өміріне де әсер етеді екен.
Сіздерге бір қызық айтайын, есім таңдауда халық түрлі сенімге сүйенгенін ауыз әдебиеті шығармаларынан да кездестіруге болады. Бірде қазақ радиосынан құлақ шалып қалғаным бар еді. «Алдаркөсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, оның неге осылай атанғаны жөнінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Алдаркөсенің әкесінің есімі - Алдан екен. Ол шынында да өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан әбден қорлық көрген аңқау азамат тұңғышының атын - Алдар қойыпты. Жаратқан иеміз соны түсінген ғой. Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бастағаннан ешкімге есесін жібермейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті» деседі. Шындығында да мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Сіз де өзіңіздің есіміңізге дұрыстап үңіліп көрсеңіз, өмірде болып жатқан жағдайлармен байланысы барын сезінесіз.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Айтпасқа тағы да болмайды. Ат таңдау, ат қою – ойнайтын ойын емес. Бұл мәселеге бардым-келдім қарауға болмайды.  Тіпті балаға ат қою туралы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен даналықта: «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» делінген. Олай болса, қазақилығымызды сақтай отырып ұрпағыңызға ұялмайтын ат қоя біліңіз. Ең бастысы Сіздің балаңыз ертең есімінен мін іздейтін болмасын. Балаңыздың ел алдында еңсесін тік ұстап жүруі оған берілген атына байланысты екенін ескере отырып, құлаққа жағымды, айтқанда әсерлі болатындай ат таңдау құқы Сізге бұйырса сан рет санадан өткізуді ұмытпағайсыз. Мүмкін сол кезде Анжелиналар азайып, Дания, Саниялардан арылатын шығармыз.
Тағы бір айта кететін жәйт, ұлылардың атымен аталатын азаматтар сол атқа лайық болуы керектігін де ұмытпаған жөн.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін572
mod_vvisit_counterКеше1699
mod_vvisit_counterОсы аптада5572
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда35175
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2242561

Серіктестер