Онлайн газет



“Табиғатты жырлаған тамылжытып” Ақын-журналист Асылхан Рахманов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

А.Қайыпназарқызы,
«Ауыл жаңалығы».

Талайғы тарихында өнер саңлақтарымен ерекшеленген Байзақ өңірінде соңғы екі-үш жылда жақсы дәстүр қолға алынып келеді. «Өлі разы болмай, тірі байымас» демекші, өмірден өткен, артына мол мұра қалдырған ақын-жазушыларды еске алып, шығармашылығын жастарға үлгі ету мақсатында осымен үшінші рет көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткерілді.
Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, ақын-журналист Қайыпназар Шотбасов және қазақтың айтулы ақыны Жақсылық Сәтібеков атындағы өнер додалары жоғары деңгейде ұйымдастырылса, апта басында Байзақ аудандық “Ауыл жаңалығы” газеті редакциясының және аудан әкімдігі білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен  өткізілген қарымды қаламгер, ақын Асылхан Рахманов оқулары да өлеңқұмар көпшіліктің көңілінен шықты.
Осы ретте, игі шараларды іске асырып, ақын ағаларын ардақтауды өз міндеті санаған ауданымыздың белгілі ақын-сазгері Қасқырбай Нарбатырды қалай мақтасақ та жетіп жатыр. Қалай дегенде де Қ.Дәрібайұлы өлеңді, өнерді құрмет тұтқан азамат, сондықтанда өлең өлкесінде қайталанбас қолтаңба қалдырған өнерлілерді дәріптеу өз борышым деп біледі.
Қош, сонымен:
Көктем, көктем жер беті кілем көгі,
Қырдың қыздай қып-қызыл реңдері.
Кең далаға қайтадан асыр салып,
Ауыздықтап асау тай мінер ме еді! – деп көктемді, табиғатты жырлаған ақын А.Рахманов атындағы байқау  Сарыкемер орта мектебінде ұйымдастырылды. Оны ақын-сазгер Қ.Нарбатыр жүргізіп, ең алдымен өзінің арнау өлеңін оқыды. 
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев А.Рахмановтың өмір жолын, шығармашылығын сөз етіп, қазақ әдебиетіне салған сүрлеуі, көп жылдар бойы тапжылмай қызмет атқарған аудан айнасы –«Ауыл жаңалығы» газетінің өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтты. Ақынның зайыбы Миралиева Айкенге құрмет көрсетіп, иығына зерлі комзол жапты, гүл шоқтарын табыстады. Ал, аудандық ардагерлер кеңесін ұзақ уақыт басқарған, өңіріміздің Құрметті азаматы Р.Шәметов балаларға  сәтті сапар тілеп, өзінің ақ батасын берді, шашу шашылды.
Бұл күні байқауға аудан орталығындағы  мектептерден барлығы 42 оқушы қатысты. Ережеге сай ұл-қыздар ақынның 15 өлеңін  жатқа білуі тиіс болса, берілген билеттер арқылы 2 өлеңді мәнерімен орындаулары керек. Бірінен соң бірі сахнаға көтерілген жас өрендер ақын-журналист А.Рахмановтың  «Көктем», «Ауылға сапар», «Бір түп емен», «Бала кез», «Қарлығаштар ұшып кетті қайтадан», «Сағынып, самғап белге ассам» т.б. шығармаларын нақышына келтіріп орындағанда отырғандар дән риза болысты. Әрине, арасында сахнада қобалжып, өлең жолдарын ұмытып, сүрінгендер де болды.
Өлең додасы, өнер додасы - әнмен әдіптеліп тұрды. Мәдениет қайраткері Әлмахан Исабаев, К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің оқушылары өнер көрсетіп, дүйім жұртты бір серпілтіп тастады.
Екі сағаттан аса уақытқа созылған байқаудың нәтижесі мынадай болды: А.Рахманов атындағы аудандық тұңғыш көркемсөз оқу шеберлері байқауының бас жүлдесін Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің  оқушысы  Ақшолпан Сүндетова иемденді. І орын иегері Сарыкемер орта мектебінен Игілік Нұрсұлтан атанды. Қос екінші орынды Түймекенттен келген Айсұлу Қалабаева, дихандық Нұрайым Бекәділова өзара бөлісті. ІІІ орын Н.Киікбаев атындағы орта мектебін бастап келген Диана Әлімбаева, Абай орта мектебінен Нұрланқызы Самал және сарыбарақтық Дана Есбергенге бұйырды. Поэзияға ынтасы үшін номинацияларымен Пушкин, Сарыкемер, Ю.Гагарин, Ы.Алтынсарин орта мектептерінің оқушылары С.Кузембаева, Г.Шералиева, Ж.Бозғылбаева, Ж.Абенова марапатталса, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің арнайы сыйлығымен Сарыкемер орта мектебінен Ұ.Нұржаубаева, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сияпатымен Чапаев орта мектебінің оқушысы А.Қиялбек мадақталды.
Жүлдегерлер және олардың ұстаздарына бағалы сыйлықтар мен Дипломдар үлестірілді. Оларды іс-шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Байзақ ауданының Құрметті азаматтары Р.Шәметов,  Ж.Қожамқұлова, облысымызға белгілі журналист-жазушы Т.Толқынбаев, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Қ.Маутаева, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің директор-бас редакторы С.Қалмұратов, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әдіскері М.Көбеева, А.Рахмановтың зайыбы Айкен Миралиева және ақынның ұлы Қайрат Рахманұлы табыстады.
Осы жерде іс-шараға демеушілік жасаған А.Рахмановтың ұрпақтары екенін айта кету керек. Сонымен қатар, ауданымыздың түлегі, әдебиет жанашыры, үнемі үлгілі істің басында жүретін Д.Әміров те өз қолдауын білдірді. Досжан Сарманқұлұлы мәдени шараның мәнді өтуіне ықпал жасаған М.Наметқұлов бастаған Сарыкемер орта мектебінің ұжымына соңғы үлгідегі фотоаппаратты алып берді. Білікті  басшы Мұхит Жанұзақұлы мен ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырға өз ілтипаттарын Рахмановтар әулеті де көрсетті.
Соңында осы мектептің асханасында марқұм А.Рахмановтың рухына құран бағышталып, ас таратылды.
Онда мерейлі шарамен құттықтай келген ақын туып-өскен өлке Жаңасаз ауылының азаматтары, жалпы көзін көргендер өткен күннен естеліктер айтты.

Обновлено 03.05.2016 09:10
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2880
mod_vvisit_counterКеше2732
mod_vvisit_counterОсы аптада11202
mod_vvisit_counterӨткен аптада48593
mod_vvisit_counterОсы айда74680
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4120490

Серіктестер