А.Алдашова, зейнеткер.
Елбасының ел халқына арнап тұратын жыл сайынғы Жолдауларын мұқият қарап шығуды әдетке айналдырғанмын. Қалыптасқан дәстүр бойынша биылғы Жолдаумен де
таныстым. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған дәстүрлі Жолдауын жария етті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында осы кезеңге дейін жеткен жетістіктеріміз бен алған асуларымыз кеңінен баяндалып, алға қойған басты жоспарлар, болашақтың еншісінде атқарылар іс-шаралар нақты айтылыпты. Елбасы «Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз. Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан рәсімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді. Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Елдің жаңа елордасы –Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды...» дей келе, халықаралық көрме ЭКСПО-2017-ге қол жеткізуімізді үлкен мақтанышпен ауызға алды. «...Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырды орнықты дамытуды жалғастыру» деді Елбасы және алдағы күндері алдымыздан шығатын он жаһандық сын-қатерлерді тізіп өтті. Қиындықтардан айналып өтетін жолды да көрсете білген Президентіміз өзінің көрегенді басшы екендігін тағы да дәлелдей білді. Жыл сайынғы Жолдаулардың халық қамын күйттеп жүргендігі рас. Бұл ретте де ел тұрғындарының үлкен-кішісіне қажетінше қолдаулар көрсетілмекші екен. Білім, ұлт денсаулығы, ана мен баланы қорғау, жастар, кадр мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ел-жұртты еңбекпен қамту да қолға алынбақшы. Ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытумен ұлттар достастығына, тіл тұғырын биіктетуге де үлкен мән беріліпті бұл Жолдауда. Мәдениет, дәстүр, дін, ел бірлігі мәселелері де тыс қалмапты. Міне, осындай көкейкесті проблемаларды көтерген Мемлекет басшысы елдің үш буынына үндеу тастап, оларға жүктелер міндеттерді жеке-жеке атап шықты. Соның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлының алдыңғы толқын – аға буынға арнаған «Сіздердің көрегендіктеріңізбен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді» деген сөзі бізге, яғни, қазыналы қариялар мен ақжаулықты аналарға айтарлықтай күш-қуат береді. Сондықтан да біз артымыздан өсіп келе жатқан өскіндердің өнегелі болып өсіп-жетілуіне бар мүмкіншіліктерімізді аямауға тырысамыз дегім келеді. |