Онлайн газет



Ата-ананы аялау – парыз

Мэлс қажы Халбайұлы,
Сарыкемер ауылы.

Қасиетті Құранның 17-сүресінің  23-24-ші аяттарында «Раббың өзіңе ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық істеулеріңізді әмір етті. Ал, егер екеуінің біреуі немесе екеуі де жандарыңда қартайса «Туһ» деп кейіс білдірме, ол екеуіне зекіме,  ол екеуіне сыпайы сөйле» деген мазмұнда тұжырым береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бірде үш рет: «қор болды» дегенде, «А, Расулаллаһ, ол кім?» деп сұрапты. Пайғамбарымыз «Біреудің әке-шешесі қартайып отырған болып, ол қартайған әке-шешеге қызмет етіп, ықыласын  алмаса қор болады» деп жауап берген. Басқа бір хадисте: «Жаннат аналардың табанының астында» делінген. Аллаһ Тағалаға ғибадаттан кейін мойнымызға міндет болатын борыштың бірі, ең әуелгісі әке-шешеге бойсұну, оларға әсіресе қартайып отырғанда құрмет көрсетіп,  сыйлау. Бұл міндетке соншалық мән берілгендіктен Құран Кәрімнің он үш жерінде ескертілген. Бірнеше аятта Аллаһ Тағалаға өзіне ортақ қосылмауды және өзіне ғана ғибадат етуді тікелей атап ескерткеннен кейін әке-шешеге міндетті түрде жақсы қарауды, оларды ренжітпеуді әмір етеді. Пайғамбарымыз да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), ата-анаға қызмет етіп, оларды разы қылып, ықыласын алуды елеулі түрде уағыздай отырып, егер кәрі әке-шешесі немесе олардың біреуі болып, солардың ықыласын алмағандықтан жәннатқа кіре алмағандарға қарғыс білдіреді.
Әке-шешеге шынайы түрде қызмет көрсетіп, оларды ренжітпей, кейітпей, әсіресе олар қартайғанда  қабақ шытпай қызмет ету шарт. Оларды бетінен алып, тіл тигізгенді былай қойғанда, тіпті «Туһ» деп кейіс білдіруден  сақтану керек. Аллаһ Тағаланың әмірі солай. Ата-ананың бізді дүниеге келтіргенін, жаралуымызға солардың себепші болғанын ұмытпауымыз шарт. Олар дүниеге келтіріп қана қоймай, ең нашар, сәби күндеріңде қаншалық бейнет, машақаттарға төзіп, шын жүректен жақсы көріп, бауырларына басып, «табаныңа кірген шөңге маңдайыма кірсін» деп азабымызды тартқан. Уақыт өткен сайын біз де есейіп, әр нәрсеге шамамыз келетін жағдайға келдік. Олардың бұл халге келтіргендігін сірә естен шығармай, тәрбиелеп, бағып, ер жеткізгендерін ұмытпай бұл дүниеге өзіміз келіп, өзіміз адам болғандай болмауымыз қажет.
Әсіресе олар қартайғанда, ауру-науқасқа шалдығып, біздің күтімімізге мұқтаждық танытқанда, мүгедектік халге жеткенде, перзенттік міндетімізді жете түсініп,  қызметтерін орындауымыз шарт. Өйткені біз де қартаямыз, мәпелеп өсірген балаларымыздан көмек күтетін күн алыс емес. Алдымен осыны ойлаған жөн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ата-анаға қарсы келу Аллаһ Тағалаға қарсы келу болып табылады» деген. Соның ішінде де ананың хақы әкеден артық. Пайғамбарымыз үш рет анаға, төртінші рет әкеге қызмет етуді бұйырған. Сондықтан әкеден гөрі шешенің хақы үш есе артық болып табылады. Әке-шешеге тірі күндерінде қызмет етілгендей қайтыс болғаннан кейін де оларға қайыр дұғада болып, күнәларының жарылқануын тілеу керек. Біреу: «Я, Расуллаһ! Әке-шеше қайтыс болғаннан кейін оларды разы ету үшін істейтін бір міндетім бар ма?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әрине, әке-шеше қайтыс болғаннан кейін оларды Аллаһ жарылқауын тілеу, өсиет еткен міндеттерін орындау, достарын сыйлап, жақындарына, туыстарына жақсылық істеп, сыйлау керек» деп бұйырған. Сондықтан Аллаһ Тағала біздерді әке-шешелерін сыйлап, олардың ықыластарын алып, жәннатқа кіретін құлдарынан ете көрсін деп тілек тілейміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1626
mod_vvisit_counterКеше1808
mod_vvisit_counterОсы аптада5089
mod_vvisit_counterӨткен аптада10590
mod_vvisit_counterОсы айда18364
mod_vvisit_counterӨткен айда43547
mod_vvisit_counterБәрі2712127

Серіктестер