Т.Бұзауов, ҚАЖД ЖД 158/5 мекемесі бастығының орынбасары.
Көз жаратты Құдайым «көріп тұр» деп, Қол жаратты «несібе теріп тұр» деп. Екі аяқты беріпті Алла бізге, «Ертелі-кеш мешітке келіп тұр» деп. Тіл жаратты «намаз оқысын» деп,
«Көңіл берген шариғат тоқысын», деп ақындар жырлағандай, еліміздің түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың Жаратқанға жалбарынып, қателерін ұғынып, оны түзеулеріне барынша мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, мекемеде бас бостандығынан айырылған азаматтар үшін Алла Тағалаға құлшылық қылып, мінәжат ететін бөлмелер дайындалып, ата дінімізге сай безендіріліп, қажетті әдебиеттермен толықтырылып отырылады. Бір қуанарлығы қазіргі таңда бас бостандығынан айырылған жандар арасында Аллаға құлшылық етіп жатқандар қатары күн санап өсіп келеді. Осы сәтте, Абай атамыздың: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген нақыл сөзі еске түседі. Солардың бірі, бас бостандығынан айырылған Шалғынбаев Жарылқасын Мұсаұлы: «Ислам діні ақылдың, білімнің, тазалықтың, сондай-ақ бейбітшілік пен тәртіптің діні. Онда өмір сүрудің ең жақсы жолдары мен қағидалары көрсетілген. Ислам діні-адамдарды жағымды, көркем мінезділікке, абзал әдептілікке тәрбиелейді. Намаз оқу арқылы қатігездік пен дөрекіліктен бойыңды арылтып, ақылға құлақ асасың. Намаз – сабырлық дәрісі. Ол мінез-құлықты жақсы жағына өзгертеді. Қандай қиындық болса да сабыр сақтап, қанша қиын болса да түзу жолмен жүру керек екендігін түсіндіреді» деп өз ойын таразылайды. Намаздың қасиеттері туралы бас бостандығынан айырылған Қалықов Әділет Елубайұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас» деген сөзімен бастады. Намаз әртүрлі жамандық, арсыздықтан тыяды. Ахиретте адам баласының амалдары есепке тартылғанда, ең алдымен намаз сұралады екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылған амалы мен іс-әрекеті-намаз» делінген. Намаз оқып жүріп бұрынғы жаман әдеттеріңізді тастай алмай күнәлі істерді жалғастыра берсеңіз – онда кемшілік намазда емес, адамның ниетінде болғаны. Ниет дұрыс болмаса, амалыңыз да дұрыс болмайды. «Кімде-кім бес уақыт намазды өз уақытымен оқып жүрсе, Алла тағала оған 9 жақсы қасиет береді. 1.Ол адамды Алла тағала жақсы көреді. 2. Оған денсаулық береді. 3. Періштелер оны қорғап жүреді. 4. Отбасына береке түсіп тұрады. 5. Жақсылардың белгісі оның жүзінен көрініп тұрады. 6.Оның жүрегін нұрға толтырады. 7. Қыл көпірден (сират) найзағайдың жарқылындай өткізеді. 8. Алла оны тозақтан құтқарады. 9. Әулиелер және тақуалар қатарынан орын береді». Алла тағала құлдарына намазды «Бұл жалғанда дүниеде әртүрлі жамандық, күнәлі істерден аулақ болсын, о дүниеде шырылдап тозаққа кетпесін» деп парыз етті. Раббымыз “әкімсің” немесе «патшасың», не «байсың» деп ешкімді намаздан босатып, жеңілдік берген жоқ. Адамның имандылығы жүрегінде. Сондықтан намазбен дос болып, жаман әрекеттерден бойды аулақ ұстайық. Алланың берген өмірін мәнді етіп өткізіп, қоғамға да, адамзатқа да жамандық жасамайық» дегім келеді деп өзінің сөзін түйіндеді. Расында да адам өз қателігін түсініп, жақсы жолға түсіп жатқандар екінші қайтара қателік жасамайды деп ойлаймыз. Олай болса, Аллаға құлшылық етіп, намазбен дос болайық, адамдарға жақсылық жасай білейік. |