|

Г. Ермұратова, “Ауыл жаңалығы.
1979 ЖЫЛЫ 25 ЖЕЛТОҚСАНДА КСРО ӘСКЕРЛЕРІ АУҒАНЫСТАН ШЕКАРАСЫНАН ӨТІП, ОНДА 1989 ЖЫЛДЫҢ АҚПАНЫНА ДЕЙІН СОҒЫС ҚИМЫЛДАРЫН ЖҮРГІЗДІ. СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА 14453 КЕҢЕС САРБАЗДАРЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 22 000 ЖАУЫНГЕР ҰРЫС ДАЛАСЫНАН ҚАЙТПАДЫ.
Аймантөбелік Жамбыл Төлепбаев та интернационалдық борышын ауған жерінде өтеп келген жауынгерлердің бірі. 1963 жылдың 20 наурызында Аймантөбе (бұрынғы Ленин колхозы) ауылында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң, 1981 жылдың күзінде Қарулы Күштер қатарына шақыртылып, алдымен Алматы облысына қарасты Іле ауданында екі айлық дайындық курсынан өткен соң, Кабул қаласында орналасқан 485170 әскери бөлімнің
танкі жөндеу батальонына түседі. -Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 9 жыл 10 айға созылды. 15 ақпан күні-ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 27 жыл толады. Қаншама жылдар өткенімен соғыс салған жара жазылар емес. Аудан орталығы-Сарыкемерде ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерге арнап, ескерткіш орнатылды. «Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ» дегендей, қанды шайқаста батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, қаһарман жауынгерлер суханбайлық Нүркен Абдуалиев, жетібайлық Қайрат Сүлейменов, кеңестік Ерғали Теміртаевтардың ерліктері ешуақытта ұмытылмайды. Даңқты батырлардың ерліктері кейінгі өсіп келе жатқан жастарды отансүйгіштікке, өз елінің патриоты болуға тәрбиелейді. ХХ ғасырдағы ең ұзақ соғыс-бұл ауған жеріндегі шайқас екен. 1979-89 жылдар аралығында, яғни 2238 күнге созылған бұл соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Жалғыз боздағынан айырылған ана, жесір қалған әйел, әкесіз өскен бала мен шаңырағы ортасына түскен отбасылар қаншама? Енді ғана азамат атанып, әскер қатарына алынған жігіттеріміз жат жерде көз жұмды, кейбір жауынгерлер із-түзсіз жоғалып кетті. Аяқ-қолдан айырылған мүгедектер де аз емес. Жалпы ауған соғысының қасіреті мен қайғысы ұшан-теңіз,-дейді бізбен әңгімесінде Жамбыл ағынан жарылып. «Жұмбақ соғыс» деген атаумен тарихқа енген аталмыш қырғынның ортасына түскендердің дені 18 жаста болатын. Мағынасыз майданға тарихшылар түрлі баға бергеніне қарамастан, бұл соғыстың бел ортасында болған Жамбыл секілді өрімдей жастардың алдында үлкен мақсат тұрды. Ол Ауғаныстан жеріндегі душмандар басқыншылығына тойтарыс беріп жергілікті халықтың тыныштығын қорғау және өзінің отан алдындағы интернационалдық борышын қалтқысыз өтеу болатын. Жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, елге аман оралып, туған жерімен қауышқан Жамбыл Әзімұлы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан артта қалған ауған халқының тұрмысы, өгіз арбамен жер жыртып, егін еккен шаруаның келбеті, аш-жалаңаш тамақ сұраған балалардың жүзі, ұрыс кезінде қаза тапқан жолдастарының бейкүнә жанары туралы айтуға құлқы жоқ екенін бірден байқатты. Жолдастары В. Ибрагимов пен А. Клищенко үшеуі Кабул қаласының таулы аймағында орын тепкен әскери батальонда қызмет ете жүріп, өліммен бетпе-бет келген кездері де аз болмапты. Интернационалдық борышын адал атқарғаны үшін Жамбыл Төлепбаев “Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл“ және ауған елінің «Интернационалист жауынгер» секілді бірнеше медальдармен, төсбелгімен марапатталған. Сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағатта ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен Жамбыл 1983 жылдың желтоқсанында туған жерге оралған-ды. 1984 жылдан 1996 жылға дейін Михайловка АТП-да жүргізуші болып еңбек еткен ол зайыбы Перизат екеуі бүгінде алты перзент тәрбиелеп отыр. Немеренің қызығын көріп отырған атпал азамат кейбір қаруластары секілді “бірнеше душманды қырып, ерлік жасадым” деп мақтанудан бойын аулақ ұстайды. Қарапайымдылығы соншалық ол өзінің жұмыссыз жүргендігін де жасырып қалды. Осы сәтте маған Төлеген ақынның: «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, Жарқылдаған алмас па?!» деген өлеңі ауған соғысының ардагері Жамбыл Төлепбаевқа арналып айтылғандай көрінді. |