Ә.Садуақасов, Үлгілі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Тіл адамдардың бір-біріне қатынасын қамтамасыз ететін, ойын жеткізетін негізгі құралы. Ол әкенің қанымен, ананың сүтімен
келеді. Оның шығу тарихы тереңде, адамзатпен бірге қалыптасқан. Әр ұлттың өзінің ана тілі бар, ол сол ұлттың қоршаған ортасына, әлеуметтік ерекшелікпен қалыптасқан. Әлемде көптеген тілдер бар, ең көп тараған тілдер – қытай, ағылшын, испан, славян тілдері болып саналады. Мен өз ана тілімді осы тілдермен бірдей деп санаймын. Өйткені бұл тілде хакім Абай, Шәкәрім, Махамбет, Жамбыл, Мұхтар, Сәбит, сөз зергері - Ғабит, Алаш ардақтылары - Ахмет, Мағжан, Міржақып т.б. қазақтың бірегей азаматтары сөйлеген. Бүгінгі күні тіл тағдыры үшін шырылдап жүгіріп жүрген Мұхтар, Шерхан, Әбіш т.б. алаш азаматтарының еңбегін қолдау керек. Қазақтың осы біртуар азаматтары тіл тағдыры үшін күресіп қана қоймай, оның қорын байытуға, жағрапиясын кеңейтуге терін төгіп жүр. Кеңес заманы кезінде әр ұлттың дербестігі, еркіндігі, бостандығы конституция бойынша айқындалғанымен іс жүзінде жүзеге асырылған емес. Мемлекеттік тіл негізінде орыс тілі болды. Барлық іс-қағаздар, құжаттар, «ұлы халықтың» тілінде жүргізілді. Ұлттар мен ұлыстардың тілі, оның ішінде қазақ тілі көлеңкеде қалып, жетімдіктің «төлқұжатына» ие болды. Тілдің негізін қалайтын қазақ мектептері, балабақшалары жабылып, жоғарғы оқу орындарында сабақтар негізінен орыс тілінде жүргізілді. Әртүрлі деңгейдегі жиындар, форумдар, айтпаса да «ұлы тілде» өтіп жатты. Ой-санамыз да орысшаланды. Өзара орысша сөйлесуді күнделікті әдетке, үйреншікті тәртіпке айналдырдық. Олай сөйлесуді кейбіреулеріміз дәреже санап та кеттік. Мен өзім 50 жылға жуық еңбек өтілімнің ішінде 20 жылға жуығын шаруашылықтарда партия ұйымдарының хатшысы болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде ана тіліме ашықтан-ашық қысым жасалғандығының куәсі де болдым. Сонау 80-ші жылдардың ортасы болуы керек, партия ұйымының есеп беру- сайлау жиналысына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының өзі қатысты. Ұлты орыс халқының өкілі болатын. Өзі сыйлы азаматтың аты-жөнін атамауды жөн көрдім. “Баяндамада партия шаруашылық және мәдени-әлеуметтік салалардағы атқарылған жұмыстарды толық қамтыпсыз, кемшіліктерді де сынапсың. Бұл дұрыс екен” деді де, “ал баяндама неге қазақша?” -деп сұрақты төтесінен бір-ақ қойды. Партия ұйымында 90-ға тарта партия мүшелері, кандидаттар есепте тұрады. (партия ұйымы, аудан партия ұйымдарының ішіндегі 2-3 орындарда болатын), олардың біреуі орыс ұлтының, тағы біреуі неміс ұлтының өкілдері. Олар да қазақша таза сөйлейді. 88 мүше жергілікті ұлт өкілдері, баяндаманы орысша жасаудың қажеттілігі жоқ қой, -деген маған “Келешекте баяндама орыс тілінде болсын, барлық іс-қағаздарды да орысша жүргіз” - деді. Осының өзінен Қазақстанда қазақ тіліне ашықтан-ашық қысым жасалынып отырғандығы көрініп тұрды. Осындай мысалдарды көп келтіруге болады. Бүгінгі таңда қазақ тілінің жағдайы қандай? Әрине, ана тілімізді мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру жөнінде мемлекет тарапынан көп істер атқарылуда. 1989 жылы мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Тіл туралы» заңға қол қойды. Бұл өмірдің өзінен туған құжат еді. Себебі тіліміздің жолы Кеңес заманында тарылып қалған еді. Көп ұзамай еліміз тәуелсіздік алды.Сонымен қатар, тіліміз де қанатын кең жая бастады. Тілдің негізін қалаудыің ұстаханасы – қазақ мектептерінің саны өсті. Ауданымыздағы 50-ге тарта білім ошақтары болса, ондағы оқушылардың 75-80 пайызға жуығы қазақ мектептерінде оқиды. Қазақ балабақшаларының саны да артты. Ұлттық басылымдар көбейді. Телерадиохабарларының басым көпшілігі қазақ тілінде. Мекемелерде іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіле бастады. Бірақ әлі де өз деңгейінде емес екендігін айта кеткен жөн. Ауыл, жер, су аттары өзінің тарихи есімдерін қайта иеленіп келеді. Республикалық деңгейден жергілікті деңгейге дейін қазақ тілін дамыту, үйрену басқармалары, комитеттері және қоғамдар құрылды. Мемлекеттік тілді оқу-үйрену курстары жұмыс істейді. Тіл туралы жер-жерлерде түрлі байқаулар өтуде. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан-2050” стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты халыққа Жолдауында «тілдердің орыны жөнінде айтылғандай, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілін білу халқымыздың ұлттық артықшылығы, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға кіргізу тілі ретінде жастардың пайдалана білуіне зор мүмкіндік береді. Жастардың оқып, тең білім алуына, тілдерді жете меңгеруіне, мемлекет тарапынан толық жағдай жасалған. Қазіргі инновациялық технологиялар өмірге енген кезде, оны терең игеріп, заман талабына сай елінің азаматы болуы шарт. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде осындай қыруар істердің жүргізілуіне қарамастан – қазақ тілі әлі де «өгейліктің» күйін кешуде. Қазіргі таңда айнала толған жарнамалар, ағылшын, орыс тілдерінде «мен мұндамын» деп бадырайып тұрса, қазақшасы немқұрайлылықпен, ұсақ әріппен, әрі ұсқынсыз, көпшілігі сауатсыз жазыла салған болады. Сонда жарнамаларды рәсімдейтін (шығаратын) агенттіктерде қазақ тілінің мамандары жоқ болғаны ма? Қазақ тілін дамыту орталықтары, әртүрлі қоғамдық бірлестіктер, әрі-беріден соң, әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері қайда қарап отыр деп қынжыласың. Көшеде кетіп бара жатсаң екі қазақтың «шүлдірлеп» орысша сөйлесіп бара жатқанын әлі жиі көресің. Республика, облыс және аудан көлеміндегі кейбір жиындар «ресми» тілде өтетіні, лауазымды азаматтардың өздері орысша сөйлейтіндігі қынжылтады. Қоғамдық көліктердегі, халыққа қызмет көрсету жайларындағы тіл мәселесі де мәз емес. Тараз қаласында қазақтың біртуар ұлдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Х.Бектұрғанов, А.Асқаров т.б. есімдері берілген көше аттары, көлік аялдамалары бар. Бірақ қоғамдық көлік қызметкерлері, сол ардақтылардың аттарын атамай «Октябрьская», «Кирова» деп сайрап тұрады. Өкінішке орай, сол сайрайтындар өзіміздің қаракөздер. Осындай Сарыкемер ауылында, ауданның құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері - Ш.Әлтаев, Ж.Дидарбеков атындағы көшелер, аялдамалар сол баяғы «Кирова», «Чапаева» болып аталудан танбай келеді. Осы жай осыдан 2 жыл бұрын, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде сыналған еді. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» нәтиже жоқ. Қазақтың тілі өте бай, көркем, сөйлей білсең құлаққа сүйкімді естіледі. Осындай тілмен мақтанасың. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін, алға қойған тапсырмасы бұл күндері орындалып отыр. Енді 2050 жылға дейін ең үздік 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты - тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Тарих бетінен бәсекеге қабілетті болмағандықтан, өзіне сұраныс тумағандықтан талай тіл жоғалғаны, тілмен бірге ұлттың да үні өшкені мәлім. Оны демократиясы дамыған алып елдерден көріп отырмыз. Тәуелсіздіктің арқасында, Елбасының жүргізген саясатының нәтижесінде тіліміз сақталып қалды. Біз өзіміз туып-өскен жерімізді, оның халқының салтымен, дәстүрін, тілі мен мәдениетін, үгіт-насихат арқылы емес, жүрек қалауымызбен қажет етіп сүйе білуіміз керек. Елбасы тарапынан нақты да ауқымды істердің бірі ретінде мемлекеттік тілдің қолға алынып отырғандығының дәлелі, мемлекеттік тіл болашағының жарқын бір көрінісі 2025 жылға қарай еліміз тұрғындарының негізгі дені қазақ тілінде сөйлейді, сол кезде еліміз қазақ мемлекеті аталады, деп бекерден-бекер айтпаса керек. Әкенің қанымен, ананың сүтімен, ғасырлар бойы өмірімізге сіңген тілді құрметтейік, ағайын! Ол үшін ең алдымен «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін»,-деп Президентіміздің өзі айтып отыр. Шынында да мәселе жанұяда қазақша сөйлесуден басталады. Қазақ балаларының ағылшын, түрік, орыс, қытай тілдерін тез меңгеруі ата-бабамыздан келе жатқан қабілеттілік пен тектіліктің арқасы болар. Дегенмен, ана тілінің уызын татып, сусынын қандырмаған, сөз байлығына, ой тереңдігіне бойламаған, балаларының өзге тілді оқып-үйренуіне ықпал жасайтын ата-аналар әлі де жиі кездеседі. Осылай «өз ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді» деп сөз зергері Ғ.Мүсірепов айтқандай қазақ тілінің ертеңіне күмәнмен қарайтындар саны баршылық. Осы жәйттің алдын тәлім-тәрбие арқылы тез алуымыз керек. Атадан балаға мирас болып талай ғасырдан бері бүгінгі үрпаққа жетіп отырған байлығымыз, асыл қазынамыз – қазақ тілінің тағдыры, келешегі, әрине қазіргі жастардың қолында. Бүгінгі жас ұрпақ мемлекеттік тілді терең меңгерумен қатар қазақ тілінің граматикасын жақсы білетін сауатты азаматтар болуы тиіс. «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» деп Елбасы бекер ұран тастап отырған жоқ. Тіл кетсе, ұлт та жоғалады. Қазаққа тек қазақтың ғана жаны ашиды. Ана тіліміз - барымыз, тағдырымыз, оны қастерлеуді өзімізден бастайық. Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер көшіп, дін нашарлап, хал һарап боп, қазағым енді жату жарамасты» деп осыдан жүз жыл бұрын айтқанындай «оян қазақ!» ұранының бүгінде өміршеңдігін көріп отырмыз. Оянайық, ағайын! |