|

А.Қайыпназарқызы, «Ауыл жаңалығы».
Ұлу жылы ұлтымыз үшін ұлы істерге толы болғаны белгілі. Бір ғана ЭКСПО -2017 Халықаралық көрмесінің Астанада
өткізілетіндігі көпшіліктің көңілін көтеріп тастады. Өткен жыл өлкеміз үшін де табысқа толы болды. Қай саланы алып қарасақ та алға жылжушылық байқалады. Сол секілді, әрбір жанұяда, тіпті әрбір жеке кісінің басында 2012 жыл көптеген қуаныштарымен есте қалғаны анық. Жағымды жаңалық аудандағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі жағынан да келіп жетті. Әдетте, жыл соңында істелген істерге баға беріліп, еңбегімен ерекшеленгендер еленіп жатады емес пе? Біздегі мәдениет үйінің ұжымы қашанда өнердің өрге жылжуына атсалысып, аудан халқын ән мен күйге, жыр мен биге бөлеп жүр. Өңіріміздің өнерпаздары туралы әңгіме бір бөлек, өнерлі орданың екі бірдей белсенді қызметкері жуырда үлкен марапатқа ие болды. «Шахан» халықтық театрының белгілі әртісі, аталмыш театрдың режиссері қызметін атқарған, бүгінде мәдениет үйінде үйірме жетекшісі болып істейтін Бектұрсын Байғұтдиев Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ал, «Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің мүшесі, аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Алша Сәрсембиева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ауданның мәдениет саласында көп жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан марапат иелері шындығында да құрметке әбден лайық дейді олардың әріптестері. Олай болса, қызметіне қарай құрмет көрсетілген жандарды біз де шын жүректен құттықтап, жұмыстарына табыстар тілейміз.
|
|
Обновлено 10.01.2013 11:35 |