|
Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Жемқорлыққа қарсы күрес-жалпыхалықтық іс. Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру-аса маңызды міндет деп айтылған.
Аудан кәсіпкерлерімен өткен дөңгелек үстелде аталмыш мәселе кеңінен сөз болды. Оны аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Д. Наурызбаев ашып, жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде сөз алған Т.Рысқұлов аймағы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының консультанты Н.Қуандықов елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында
белгіленген мақсаттар мен міндеттерге, сондай-ақ, ел дамуына айрықша үлес қосатын кәсіпкерлерге жасалып жатқан қамқорлықтарды сөз етті. Ол сонымен қатар жемқорлық еліміздің демократиясына, қауіпсіздігіне, экономиканың дамуына және адам құқықтарының сақталуына кері әсерін тигізіп, қауіп төндіретіндігін, жемқорлықпен қоғам болып, бірлесіп күресуге шақыруды. -Сыбайлас жемқорлықпен күресуді тек қана құқық қорғау органдары ғана жүргізуі тиіс емес. Ол Қазақстан Республикасының әрбір азаматының азаматтық парызы болуы керек. Сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бәріміз атсалысуымыз қажет. Мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары, жалпы жұртшылық өз құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс. Болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны дұрыс. Сыбайлас жемқорлықпен кездескен жағдайда call-center 1494 нөміріне хабарласуға болады,-дей келе, ол кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлықты түбімен жоюда өз үлестерін қосуға үндеді. Дөңгелек үстел барысында оған қатысқан шағын және орта бизнес өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің маңызы туралы пікірлерімен бөлісті. |