|
Б.Дарібаев, ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясы учаскесінің бастығы.
Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясы «Жамбыл-Шу», «Жамбыл-Жаңатас» учаскелеріне қызмет көрсетеді. Теміржол учаскесіндегі толық жолға қызмет көрсету ұзындығы 684 шақырымды құраса, теміржол өткелдерінің саны-40, оның ішінде, 16-сы қорғалған. Жылжымалы құрамдардың қозғалысының қауіпсіздігін сақтау барысында қоршаған ортадан қаншама зиянкестіктер тудыратынын
айтпаса да белгілі. Темір жол өткелдеріне автокөлік жүргізушілердің өту ережелерін бұзуы, темір жол үстіне бөтен заттарды қою, жолдардан белгіленбеген жерден өту, елдімекен тұрғындары малдарының темір жол маңында жайылуы, сондай-ақ адам баласының өзінің өміріне салғыртықпен қарап жол бойында алаңсыз жүретіндігі жылжымалы құрамдардың қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуымен адам өміріне қатер тудыруына әкеліп соқтыруда. Дистанция ұжымын алаңдатып отырған өзекті мәселе-темір жол бойында орналасқан елдімекендегі малдардың қараусыз қалып, жол үстіне шығып кетулері пойыздардың қозғалысына қауіп төндіріп отыр. Дистанция бойынша малдардың жол бойына шығып кетуі салдарынан үстіміздегі жылдың он бір айы ішінде 112 машинистер ескертпесі тіркеліп, нәтижесінде пойыздардың кілт тоқтауына себеп болған. Мұнымен қатар темір жол бойында пойыздың адам басу жол оқиғалары да тіркелуде. Ағымдағы жылы жол қауіпсіздігі ережесін сақтамау салдарынан осындай 4 оқиға тіркелсе, жол өткелдерінде автокөліктермен соқтығысудың 2 оқиғасы орын алды. Барлық адамзат пойызды кілт тоқтатуға болмайтынын, машинист тежеуді жедел басқанымен пойыздың толық тоқтауы үшін жолдың тежеу учаскесі пойыздың қозғалысы жылдамдығына байланысты 800-1000 метрге өтіп кететіні белгілі. Сондықтан, «Сақтансаң, сақтайды» деген аталы сөзді естен шығармай, темір жол бойы мен темір жол өткелдерінде сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін ескертеміз. |