Онлайн газет



Бабаға құрмет көрсетілді

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Байзақ ауданы 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің №89 қаулысымен құрылып,  Я. Свердлов есімі берілген болатын.
Еліміз өз алдына тәуелсіздік алысымен 1995 жылдың 20 желтоқсанында бұрынғы Свердлов ауданы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Байзақ ауданы болып өзгертілді.

Ауданымыздың Байзақ баба есімімен аталып келе жатқанына 20 жыл толуына орай  өткен  шарада өңір басшысы Мұратхан Шүкеев,  басқа да ел ағалары  ауданның кіреберісіне орнатылған  даңқты бабаның ескірткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Ұлы бабамыздың рухына тағзым етілген соң, Талас өзенінің жағасындағы баба кесенесінің басында  құрбан шалынды. «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Р. Азизов әруаққа бағыштап, құран  оқыды.
Одан соң мәртебелі қонақтар аудандық музейге атбасын тіреп, Байзақ  Мәмбетұлына арналған бұрышқа қойылған  белгілі жазушылар мен тарихшылардың еңбектерімен, ауданның өткені мен бүгініне  көз жіберіп, онда қойылған жәдігерлермен танысты.
Аудандық әкімдіктің  мәжілістер залында өткен  салтанатты жиынды аудан әкімі М. Шүкеев ашып, жиналғандарды келген қонақтармен таныстырды.
Аудан басшысы тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы тұғырлы тұлға, Ұлы даланың  ержүрек перзенті Байзақ баба атындағы ауданның тарихына тоқталды. Қасиетті өңірдің мәртебесін  асқақтатқан  хас батырлар мен ақындар, спортшылар,ауыл және мал шаруашылығы майталмандары яғни  ғылым, өнер, мәдениет саласындағы ел мақтаныштарына тоқталды. 27 Еңбек Ері мен Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев пен бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасовтың өшпес ерлігін сөз етті.
Мұнымен қатар аудан басшысы 1995 жылдан бүгінгі 2015 жылға дейінгі кезеңдегі ауданның қол жеткізген табыстарын баяндады. 1995 жылы ауданда халық саны 68 мың болса, бүгінде 97717-ге жеткендігін,  сол кезде ауданның аумақтық әкімшілік құрамында 13 ауылдық округ болса, қазір 18 ауылдық округ жұмыс жасайтындығын, соңғы 20 жылда шаруа қожалықтарының саны 44-тен 228-ге жеткендігін, төрт түлік малдың басы өсіп, ет, сүт, жұмыртқа  өндірудегі табыстар,  егін мен мал шаруашылығындағы іргелі істер, “Құлан”, “Алтын асық”, “Сыбаға”, “Ырыс, “Агробизнес-2020”  мемлекеттік бағдарламалары бойынша қолға алынған қыруар тірліктермен қатар білім беру,  денсаулық сақтау,  басқа да салалардағы  жетістіктерді баян етті.
Барлық сала бойынша атқарылған  тірліктер слайд арқылы  көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты жиында  сөз алған экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының және  Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев 1995 жылы  11 қарашада Свердлов (қазіргі Байзақ)  ауданына әкім болып  тағайындалған кезден бастап, ауданға баба есімін  беру мен оның ескерткішін орнату,   бұрынғы “Геологтар” клубын баба атындағы  имандылық ордасына ыңғайластырудағы қиындықтарды әңгімелей отырып, ел ардақтыларының мұрындық болуымен халықтың қолдауымен жүзеге асқан игілікті істі толған­ыспен жеткізді. Республикалық «Шымыр ата» және «Байзақ датқа» қоғамдық қорларының төрағасы Оңласын  Есіркепов 1995 жылы 20 желтоқсанда  Елбасының Жарлығымен ауданымызға Байзақ бабаның есімі берілгендігін,   баба ерлігін кейінгі ұрпақ санасында қалдыру мақсатында Тараз, Астана, Алматы қалаларында  Байзақ датқа атындағы  көшелер барлығын,  келесі жылы Шымкент қаласынан көше атын беру мәселесі оң шешімін тапқалы отырғандығын, қоғам қайраткері Байзақ датқа Мәмбетұлының өмірі-кейінгі ұрпаққа үлгі етудің мәнін тілге тиек етті. Ал Байзақ ауданының Құрметті азаматы Рәш  Шәметов болса батырдың өшпес ерлігі, ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәр­биелейтіндігін айта келе, “Батыс Еуропа”-”Батыс Қытай”  күрежолының бойына баба кесенесіне апаратын  бұрылысқа жол белгісін қою,  шырақшы  отыратын  жай салу, кесене айналасын көгалдандырып,  жарық, су тарту қажеттігін,  жастар мен оқушылардың кесене басына экскурсия жасауды ұйымдастырудың маңызын әңгімеледі.
Жиынды қорытқан Мұратхан Жүнісәліұлы ауданның есімін Байзақ  баба атымен аталуына  еңбек сіңірген қос азаматқа  естелік сыйлықты табыс етті.
“Бағлан” мейрамханасында баба әруағына бағышталып, дастархан жайылды.  Ауданның   өнерпаздары әннен, күйден, кестелі жырдан шашу шашты.

Обновлено 25.12.2015 11:04
 

Халыққа жолдау

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2143
mod_vvisit_counterКеше4321
mod_vvisit_counterОсы аптада2143
mod_vvisit_counterӨткен аптада28488
mod_vvisit_counterОсы айда57088
mod_vvisit_counterӨткен айда126502
mod_vvisit_counterБәрі3700356

Серіктестер