|
Сарыкемер ауылдық округі Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясында музыка пәнінің мұғалімі Ж.Алимбаеваның ұйымдастыруымен Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырмен кездесу кеші өтті. «Тәуелсіздік тірегім» атты әдеби-музыкалық кешті
мектеп-гимназия директоры К.Жаманова ашып берді. Кеште Қасқырбай ақынның өмірі мен шығармашылығы, өлеңдері, әндері әңгіме арқауы болды. Іс-шараға арнайы шақырылған белгілі өнерпаздар А.Исабаев пен Ө.Нұрбаев, мектеп-гимназия әншісі Б.Жидебаева сазгер-ақынның әндерін тамылжыта орындап, қошеметке бөленді. Оқушылар Қ.Нарбатырдың өлеңдерін жатқа оқыды. 4 «а» сыныбының оқушысы С.Искаков ақынға арнаған өлеңін оқып берді. Ақынның мектеп-гимназияға арнап жазған Әнұраны 4-сынып оқушыларынан құралған хордың орындауында шырқалды.Кеш соңында ақын-сазгер Қ.Нарбатыр сөз сөйлеп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өзінің елге, жерге, Отанға және махаббат тақырыптарындағы өлеңдерін оқып, іс-шарадан алған әсерімен бөлісті.
Қызылжұлдыз ауылдық округі Ұстаз Г.Көпжасарованың ұйытқы болуымен “Ата-бабам аңсаған, тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат” атты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов, Қызылжұлдыз ауылдық округінің әкімі Ө.Нұрбаев және Н.Ақшабаев орта мектебінің директоры Қ.Бәйтен, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ә.Досымбаевтар егемендікке қол жеткізудегі Елбасының ерен еңбегі туралы айтты. Мерекеге орай ауылдың гүлденуіне атсалысып жүрген бірнеше азаматтар ауыл әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Көпшілік назарына “Елім-ай”, “Желтоқсан желі” бейнеклиптері және “Шетел қазақтары” бейнефильмі ұсынылды. Н.Ақшабаев орта мектебінің оқушылары тәуелсіздік жырларын мәнерлеп оқыса, өнерлі өрендер патриоттық әндерді әуелете шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жаңатұрмыс ауылдық округі Жаңатұрмыс орта мектебінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Бегалиеваның ұйымдастыруымен «Туған елім-туған жерім жүрегім» атты іс-шара өткізілді. Еліміздің көк Туы ортаға әкелініп, Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін, ауыл имамы Б.Сағымбаев тәуелсіздік, оның мән-маңызын түсіндірді. Желтоқсан құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынды. Бейнекөріністер көрсетіліп, оқушылар жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Мектеп оқушылары әннен, жырдан шашу шашты.
Cуханбаев ауылдық округі Суханбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Байтақованың ұйытқы болуымен “Тәуелсіздік-тұғырымыз” тақырыбында бастауыш сынып оқушылары арасында тәрбие сағаттары, орта және жоғары буын арасында поэзия кештері өткізілді. Елбасына күн туған шақта еліне қорған болған Кеңес Одағының Батыры А.Суханбаевтың өшпес ерлігі мен тәуелсіздіктің 24 жылында еліміздің алған асуларын ұлықтаған шараны мектеп директоры С.Туребаев ашып, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаудың маңызын сөз етті. Батырдың ерлігі мен тәуелсіздіктің қасиеті туралы сахналық қойылымдар көрсетілді, ерлік туралы әндер шырқалды. Мектеп кітапханашысы Н.Киікбаева “Тәуелсіздік-тұғырым” тақырыбында кітаптарға шолу жасады. * * * Қарасу орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Қ.Үсенбаев, Б.Юсупбаевтардың мұрындық болуымен мерекелік мәдени шара өтті. Онда сөз сөйлеген Суханбаев ауылдық округінің әкімі М.Өзбеков, Қарасу орта мектебінің директоры Ж.Абдуалиев, ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ж.Момбаев ел тәуелсіздігіне жету жолындағы ерліктерді әңгімеледі. Мерейлі мерекеде Қарасу орта мектебінің үздік оқушылары алғыс хатпен марапатталды. Айтулы шарада мектеп оқушылары ән айтып, би биледі, көрініс көрсетті. |