Адам сенгісіз ота
Австралиялық дәрігерлер адам сенгісіз ота жасап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Дәрігерлер жол апатына түсіп, бас сүйегі жарылған және мойын омыртқасы бір-бірінен ажырап кеткен баланың жанын
сақтап қалған. Тәуекелге бел байлаған ақ халаттылар 6 сағат бойы ота жасап, науқастың омыртқасы мен бас сүйектерін қайта орнына келтіріп, арнайы құрсаумен бекіткен. Әдетте мұндай жарақат соңы сәбилердің өліміне немесе мүгедек болып қалуына әкеліп соғатын еді. Алайда, бұл жолы австралиялық дәрігерлер сәби екі айдан кейін құлан таза айығып, қалыпты өмір сүре алады деп үміттеніп отыр.
Су бетімен жүгірген
Мұндайда болады екен! Оңтүстік Шаолинь храмының өкілі Ши Лилианг су бетімен 125 метрге жүгіріп өткен. Қарапайым адамның бұлай жүгіріп өтуі мүмкін емес. Бірақ монах өзінің жылдамдығының және тепе-теңдікті сақтай алуының арқасында суды еркін бағындырған. Ши Лилианг әлемдегі суда жүгірудің асқан шебері екен. Оның жүгіріп өткен қашықтығы рекордтық көрсеткішке ие. Бұған дейін монах 120 метрді бағындырған.
Сөмкедегі көлік
Естімеген елде көп. Жапондықтар сөмкеге салып, алып жүретін әлемдегі ең бірінші машинаны ойлап тауыпты. Қалайыдан жасалған көлік құралы 120 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Көлікті жүргізу үшін оның платформасына шығып тұрса болғаны. Ал бұрылар кезде денені сол бағытқа қарай икемдесе жетіп жатыр. Жаңа транспорт құралы литий батареясының күшімен жұмыс істейді. Оны 3 рет зарядтап алса, 12 шақырымға дейін жол жүре алады. Көліктің барынша жоғары жылдамдығы сағатына 10 шақырымға тең. Ал, құны 800 доллар тұрады.
Жүйрік принтер
Жапондықтар сөмке көлігін ойлап тауып жатқанда қытайлықтар да қалсын ба? Олар қазіргі құрылғылардан 5 есе жылдам әрі сапалы жұмыс істейтін 3D принтер жасап шығарды. Айрықша құралды Тайбэй технологиялық университетінің инженерлері ойлап тапқан. Аталған принтер өнімнің бір қабатын бар болғаны 3 минутта, ал қалыңдығы 1 сантиметрлік затты дайындауға 10 минут қана жұмсайды. Жоба авторлары бұл технлогияны жетілдіруге 17 жыл кеткенін айтады.
Шашы ұзын қыз
Лондонда тұратын Аша Мандела есімді келіншектің шашы әлемдегі ең ұзын шаш ретінде тіркеліпті. Жай шаш ретінде емес, бұрымды шаш ретінде. Келіншектің жасы 47, ал өрімді шашының ұзындығы 18 метрге жетеді. Әрине бұл биіктен көріну оған оңай тиген жоқ. Шашқа ерекше күтім мен бап та қажет. Ал, дәрігерлер болса, ұзын бұрым жасау сал ауруына әкеліп соқтыратынын ескертуде. Алайда Аша Манделла шаш өсіруді мұнымен тоқтатпайтынын айтады.
Бір қап ақша
Қытайлықтар қатырады. Қатырғанда қалай дейсіз ғой? Лян Лян есімді азамат өзінің жастайынан сүйетін сүйіктісіне алтын бұйым әпергісі келіп, ақшаны алдын ала жиырма жыл бойы жинапты. Онысы бір қап ақша болып, ақыры есейгенде дүкен аралауға шығады. Деседе бозбалаға алтын сататын дүкендер қызмет көрсетуден бас тартыпты. Әрине 1 қап тиынды санау оңай дейсіз бе? Солардың ішінен бір-ақ дүкен сатушысы келісім беріп, 4 қызметкер әрең дегенде керекті соманы есептеп шығарыпты. Сөйтіп Лян Лян 12 мың юаньға сақина сатып алыпты. Оның айтуынша сүйіктісін бала күнінен жақсы көреді екен әрі оны қуанту үшін жылдар бойы ақша жиыпты Міне, қызық.
Денесінде 15 жыл қайшы жүрген
Сауд Арабия үкіметі Нигерия мемлекетінен қажылыққа келген азаматтың денесінде қайшы бар екенін анықтады. Бұл құрал әлгі адамның ішінде 15 жыл бойы жүрген көрінеді. Ең қызығы, денсаулығына еш залалын тигізбеген. Қайшы оның ішінде бұданда көп жылдар бойы тұратын еді, егерде ол қажылыққа келмегенде. Нигериялық азамат оны Жидда қаласына ұшып келген кезде, тексеру барысында бір-ақ білген. Азаматтың айтуынша осыдан 15 жыл бұрын ауырып, ота жасатқан екен. Содан қалған қайшы енді табылған. Әртүрлі басылымдардан алынды. |