Онлайн газет



Үнемдей білу, жаңа көзқарас қалыптастыру-уақыт талабы

Күнделікті тұрмысты сусыз  елестету мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, өзегіңді жалғайтын, таңдайыңды жібітіп, шөліңді басып, тұла бойыңа қан жүгіртетін судың сол үшін де, жеке адам, қоғам, жануарлар, табиғат әлемінде болсын  алатын орны маңызды.
Сондай маңызы зор салалардың бірі-ауыл шаруашылығы. Ауданда бүгінгі  күнге  ауданның  тауар  өндірушілерінің

егіс  алқаптарын  сумен  қамтамасыз  ету  бағытында  үш мекеме  жұмыс  атқарады. Олар, «ҚазСуШар» РМК  Жамбыл  филиалына  қарасты  Байзақ  өндірістік  бөлімшесі,   «Базарбай»  коммуналдық  мемлекеттік  кәсіпорны және аудандық  су тұтынушылар  кооперативтері.
Жазғы науқандық кезеңде жерге еңкейіп, жемісін тергісі келетін шаруа адамдары өзіне қажетті су мөлшерін алғысы келеді де алдымен мұрапқа, ал, мұрап болса екі қолын ысқылап кетпен мен күрекке қарайды. Су тарату мәселесіне қатысты түйіні көп мәселелерді білу мақсатымен «ҚазСуШар» РМК  Жамбыл  филиалына  қарасты  Байзақ  өндірістік  бөлімшесінің басшысы Жүзбаев Қасымбек Уәлиұлын  әңгімеге тартқан едік.
- Қасымбек Уәлиұлы, оқырман қауымға түсінікті болу үшін әңгімені аудандағы егіс  алқаптарын  сумен  қамтамасыз  ету  бағытындағы мекемелердің функционалдық міндеттерінен бастасақ?
-Дұрыс айтасыз. Бүгінгі  күнге  ауданның  тауар  өндірушілерінің  егіс  алқаптарын  сумен  қамтамасыз  ету  бағытында  үш мекеме, атап айтқанда,   «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының  Жамбыл  филиалына  қарасты  Байзақ  өндірістік  бөлімшесі, «Базарбай»  коммуналдық  мемлекеттік  кәсіпорны және аудандық  су  тұтынушылар  кооперативтері жұмыс  атқарады.
Байзақ  ауданының су  тұтынушылары «Базарбай»  және «Сол жағалау» деп аталатын екі канал арқылы су ішеді. Бұл екі канал да суды «Талас» су торабынан алады. Міне, сол «Базарбай» каналының бас жағындағы 30,2 шақырымы және «Сол жағалау» каналының бас жағындағы 6,3 шақырымы «ҚазСуШар» РМК Жамбыл  филиалының  теңгеріміндегі  «Байзақ»  өндірістік бөлімшесіне қарайды.  Аталмыш бөлімше «Базарбай»  каналы  арқылы  Ботамойнақ,  Сарыкемер, Жаңатұрмыс, Қостөбе  ауылдық  округтері мен «Базарбай»  кәсіпорнына, «Сол жағалау»  каналы арқылы  «Базарбай» КМК-ы   мен  Жамбыл  ауданының  су  тұтынушыларына ағын суды тасымалдап жеткізіп береді. 
Осы «Базарбай» каналының жалғасы «МР-3», «МР-4» және «Сол жағалау» каналдарының жалғасы «Өтеміс», «Сеңкібай», «Белқожа» атты ірі-ірі каналдар. Жоғарыда аталған каналдар 2003 жылдың 17 наурызында бекітілген  Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 255 қаулысына сәйкес, 33 су шаруашылығы жүйесі сол тұстағы «ТаразСуШар» РМК-ның меншігінен алынып, облыстың  коммуналдық меншігіне «Базарбай» КМК-ға берілген еді. Бұл бастама тек  Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл республика көлемінде қолға алынған тірлік болды.
Жыл сайын, көктем шыға «ҚазСуШар»  РМК-і  Жамбыл филиалына  қарасты Байзақ өндірістік бөлімшесі өз теңгеріміндегі «Базарбай» каналының 30,2 шақырымына, сондай-ақ «Сол жағалау» каналының 6,3 шақырымына каналды қоқыстардан тазалау, сынған,  құлаған  плиталарды жаңарту, дәнекерлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, суару мерзіміне дайындайды. Ал «КазСуШар» РМК-і Жамбыл  филиалының су  бөлу  бөлімінің  мамандары суару  мерзімі  басталысымен Қырғызстан  Республикасынан  Қазақстан Республикасына бөлінген  тиесілі су көлемін Тараз қаласында орналасқан Байзақ  өндірістік бөлімшесіне қарасты «Талас» су торабына жеткізеді. Осы Талас су торабында қырғыз ағайындардан жеткен ағын судың көлемі үш ауданға Жамбыл, Байзақ, Талас және Тараз қаласының тұрғындарының сұраныстарына сәйкес бөлінеді.  Бұдан ары бөлімше өздерінің теңгеріміндегі каналдар арқылы аудан диқандарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Базарбай» КМК-ның меншігіндегі каналдарға ағын суды  тасымалдап  жеткізіп  береді. Осыншама қиындықпен Қырғыз елінен Қазақстанға  жеткізілген ағын суға бұдан ары Жамбыл облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің қарамағындағы «Базарбай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ие болады. Бұл мекеменің атқарып отырған қызметі - су  тұтынушылармен келісім шартқа отырып, дайын суды бөліп беру. Сол арқылы өзінің бағасын қойып, ақысын алу. Оның арғы жағында су пайдаланушылар кооперативтері отыр. Олар да көрсеткен қызметтері үшін үстеме бағасын қояды. Сөйтіп «КазСуШар» РМК-і Жамбыл  филиалының ағын суды басқа республикадан жеткізіп бергені үшін ағын суға қойған болмашы бағасы, негізгі тауар  өндірушіге (диқандарға) жеткенше шарықтап кетеді. Материалдық-техникалық жағынан қамтылған бұл мекемелердің қарамағындағы ішкі  табандарына шөп, қоға-қамыс өсіп кеткен, қабырғасындағы бетондары көп жылдар бойы жөндеу көрмей тозған, су жүйелері деп атауы ғана  қалған  каналдар арқылы өткен ағын судың техникалық шығыны көбейіп, диқандарға керекті мөлшерде жетпей жататыны сондықтан. Еккен егіні уақтылы суғарылмағандықтан бойы өспей, комбайнның орағына ілікпей, ақырында мал жайып жіберген диқандар да жоқ емес. Ағын сумен айналысатын осындай коммуналдық меншіктегі  мекемелер  барлық аудандарда бар. Олардың меншігінде облыстағы  су  жүйелерінің 80 пайызы жатыр. Бұлардың меншігіндегі су нысандарының  жағдайы да осындай көңіл алаңдатарлық күйде.
-Осы тұста өзіңіз басшылық етіп отырған мекеменің атқарған жұмыстары туралы сөз қозғай кетсек?
-«ҚазСуШар»  РМК-і Жамбыл  филиалының Байзақ  өндірістік  бөлімшесіне қарасты жалпы ұзындығы 30,2 шақырым «Базарбай»  каналында  жаңғырту  жұмыстарын  жүргізуге өткен жылы республикалық  бюджеттен  4,477088  млрд.  теңге  бөлініп, оның  334,800 млн. теңгесі игерілді. Ал, үстіміздегі жылы  осы мақсатқа 497,097 млн. қаржы  бөлініп, оның 408,6  млн. теңгесі  игеріліп, жалпы ұзындығы 8,0 шақырым  каналдың  құрылғылары  жаңартылуда. Бұл құрылысты толығымен  2017  жылы  аяқтау  жоспарланып  отыр. «Талас» су торабында Талас өзенінің  арнасына, «Сол-жағалау»  каналына, «Базарбай» каналына су жіберетін гидротехникалық  нысандардың  шлюз-қақпалары  жаңартылса, автоматтандыру  жүйесі  бойынша  жұмыстар аяқталуға  жақын.   Жамбыл  ауданында  коммуналдық  меншіктен  республикалық  меншікке  21 канал  қабылданса, 8 каналдың  төлқұжаттары  дайындалып жатыр.
Алдағы  уақытта  аудандардағы  республикалық  меншікке  өтетін  су  шаруашылығы  каналдарының  жобалау-сметалық  құжаттары  дайындалуда. Қазіргі  уақытта  құжаты  дайын   20 каналды  республикалық  меншікке қабылдау  жоспарлануда. Осының  ішінде,  ауданның  «Сатыбалды»,  «МР-3»    каналдары  бар.
-Қасымбек Уәлиұлы, осы тұста су пайдаланушылар сұраныстарын қамтамасыз ету шаралары жөнінде айта кетсеңіз?
-Ауданда жоғарыда  көрсетілген  ауылдық  округтердегі су  пайдаланушылардың  еккен  дақылдарын  суғаруға  берген  сұраныстарын    «ҚазСуШар» РМК-і Жамбыл  филиалы  толығымен  қамтамасыз  етеді. Жыл  сайын  республикалық  бюджеттен  бөлінген  қаржыға  су  бөгеттері мен  каналдарға жөндеу  жұмыстарын  жүргізеді. Ағын  суға  қойған  тарифтері де  коммуналдық  мемлекеттік  мекемелерден төмен. Ағымдағы жылғы  суару  мезгілінің  басында  жоспарланған су көлемі, тұтынушыларға толығымен (100 пайызға) жеткізілгенін атап өтсек болады.
«Базарбай» КМК-ға 12 ауылдық округтерін  сумен  қамтамасыз  ету  міндеті жүктелген. Бүгінгі  күнге, аталған  ауылдық  округтерінің  сұранысын  кәсіпорын 75-80 пайызға ғана қанағаттандырып  отыр. «Базарбай» су  шаруашылығы  кәсіпорнының  ең  алыс су пайдаланушысы  Көптерек  ауылдық  округі каналдың басынан 37 шақырым қашықтықта  орналасса, ең  жақыны Бурыл  ауылдық округі 5 шақырымда орналасқан. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін ағын су каналдарының толық  тазаланбауынан және жөндеу  жұмыстарының  жүргізілмеуінен 40-45 пайыз су  жерге сіңіп, ысырап болуда. Осындай жағдайлар аудандағы су  тұтынушылар  кооперативтерінде де орын алуда. Межелі жеріндегі егістікке  жетпей  жерге сіңген судан жердің топырағы  батпақтанып  аяғы  сорға  айналуда.   
-Сіздің пікіріңізше, Өзіңіз айтып отырғандай, үш  қолдан өтетін  су  ресурстары жағдайын оңтайлы шешу жолдары қандай?
-Осы қиын жағдайдың түйіні  Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Абишевтің  Жамбыл облысына келу сапарында шешімін  тапқан  болатын.
2014 жылдың 22 қыркүйегінде Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев және ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы И.Абишевтің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңестің күн тәртібінде Жамбыл облысының суармалы жерлерінің тиімділігін дұрыс пайдалану мәселелері қаралды. Осы кеңесте  облыстағы су нысандарын  жаңадан салу және қолда бар су нысандарын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін техникалық экономикалық негіздемелер және жобалық-сметалық  құжаттамалар дайындауға облыстық бюджет есебінен қаржы  көздерін қарастыру мәселесі көтерілді. Коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы  нысандарын коммуналдық  мемлекеттік меншіктен республикалық меншікке өткізу мәселесі бойынша нақты шаралар қабылдануы керек деп шешілді. Облыстағы суармалы  жерлердің тиімділігін пайдалану су жүйелерінің  бір  қолда  болуын зерделеп шешу  керектігі  айтылды.
Аталмыш кеңесте төраға И.Абишев еліміздің  Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстан-2050»  Стратегиясы  қалыптасқан  мемлекеттік  жаңа  саяси  бағыты»  атты  Жолдауындағы  сын-қатердің  бірі - ол  судың тым  тапшылығы  мен  әлемдік су ресурстарының  қатты  қысым  көруінде  екенін  атап  өтті. Су шаруашылығының  нысандарын және ағын суды  ысыраппен пайдалану су ресурстарының жетіспеушілігін туындатады. Су ресурстарының жетіспеушілігі туындаған жағдайда  халықтың күнделікті өміріне және экологиялық жүйеге  әсер  ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да бұл өзекті мәселеге тиісінше көңіл бөліп, су жетіспеушілігін  болдырмау  мақсатында  су  ресурстарын пайдалануды  дұрыс реттеу, бір қолдан  пайдалану және қорғау шараларын қарастыру  қажет. Су пайдаланушыларға қазіргі озық технологияларды енгізудің  тиімділігін  арттыру, су  жүйелерін  үнемі қадағалау,  жөндеу  жүмыстарын жүргізе  отырып  суды  үнемді  пайдалануға  қол  жеткізу қажет.
-Қорыта айтқанда, басты мәселе-суды ысырап етуге жол бермеу дейсіз ғой?
-Әрине, су  проблемаларын  шешуде ойластырар мәселелер  көп.  Оның ішіндегі ең  басты  мәселе  су  ысырабына  жол  бермеу.
Бірінші  кезекте - коммуналдық  меншіктің  қарамағындағы  тозығы  жетіп  құруға  айналған  су  жүйелерін,  гидротехникалық  нысандарды  өз  қаржысы, жобасы, техникасы,  материалдық  базасы  бар  мамандандырылған су  ресурстарын  пайдалану  мәселелерін  шеше  және  иелік ете  алатын  облыстық  мекеменің  қарамағына  беру   керек. Бәрі  осылай  бір  қолда  шоғырланса,  қосарланушылық  болмайды. Нәтижесінде су  ресурстарының  мәселесі  шешіледі деп ойлаймын.
Екінші  кезекте - Қырғызстан  Республикасындағы  «Киров»  су  қоймасына  тәуелділікті  азайту.  Бұл  мәселені  шешу  үшін  ішкі  резервті  молайту керек. Атап  айтқанда, көктемгі  еріген  қар, таудан  жылғалармен  түсетін  өзен  суларын  далаға  кетірмей  су  қоймаларына жинақтау.  Ол  үшін  қолда  бар  су  қоймаларын  тазалау,  сиымдылығын  кеңейту  жұмыстарын  жүргізе  отырып, жаңадан су қоймаларын соғу қажет.
Үшінші  кезекте - ағын  суды  үнемдеу  технологиясын енгізу деп айтар едім.  Біздің  облыста  күзде, ерте  көктемде  суға  деген сұраныс  аз,  осы  кезді  пайдаланып,  егіс  алқаптарындағы  жоңышқаны, күздік  егістерді  суғарып  алып, шілде айында тамшылатып суару технологиясына көшу керек. Тамшылатып  суару  қазіргі  заманның ең үздік  технологиясы, оған  кез  келген  шаруаның  қолы  жете  бермейді. Басты  себеп  құрылғылардың қымбаттылығында  және  шетелден  тасымалдануында болып  отыр. Өз  елімізде осындай  құрылғыларды  шығаратын  зауыттардың  болмауы  су  ресурстарын  үнемдеуде  кері  әсерін  тигізуде. Биылғы  көктем  айларында  еліміздің көптеген  облыстарында  қар  еріп,  жауын-шашын  мол  түсіп,  су  тасқыны  қаупі  пайда  болды. Сондай  көктемгі  тасқын  суларды  жергілікті жердің су  қоймаларына  бұрып  жинаса,  егістікке  пайдаланатын  судың  қоры  молайған  болар  еді.
Төртінші  кезекте - су  жүйелерінің  ескірген  коллекторлы  дренаждарына жөндеу, тазалау жұмыстарының  жүргізілмегенінен  егістік  жерлер тұздануда. Бұл  қазіргі  таңдағы  басты  мәселенің бірі. Осы  мәселеге  орай,  ауыл  шаруашылығы жерлерін  дұрыс  пайдаланып,  ағын  суды  үнемдеу  технологиясын  қолдану және  суды  аз талап  ететін  дақылдардың  суару  режимін анықтап,  топырақ  құрамының  өзгеруін  бақылауда  ұстап  отыру  қажет.
-Ендігі кезекте алға қойған жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз?
-Шындығында алға қойған жоспарлар ауқымды. Атап айтар болсақ, су  шаруашылығының  құрылыстарын  қайта  жаңғырту  және  су  бөлінетін  барлық  магистралды  каналдарға  өлшеу  аспаптарын  орнату  және  су  бөлуді  автоматтандыру, су  ысырабын  төмендету  мақсатында  каналдарды, оның  ішінде,  олардың  табаны мен  қабырғаларын жөндеу арқылы  реконструкциялау, коллекторлық - дренаждық  жүйелердің  сапасы  мен  тиімділігін  арттыру,  дренаждық  суды  қайтару  және  қайта  пайдалану, өндіріске  экономикалық  тиімді, экологиялық  дұрыс  құрылған  ауыспалы  егіс  үлгілерін  енгізу және су  ресустарын  басқарудағы,  су  тапшылығын  қысқарту  саласындағы  халықаралық  тәжірибені  зерделей  отырып  пайдалану біздің жоспардағы негізгі міндеттер болып қала бермек.
Еліміздегі  су  ресурстарын  тиімді  және  ұтымды  пайдалану, су  ресурстарын  қорғау  шараларына  қатысты  жұмыстарға  жаңа  көзқараспен  қарап,  оны  жандандыру  уақыт талабы.
-Қасымбек Уәлиұлы, сұхбатымызды аяқтай келе, алдағы уақытта жұмыстарыңызға тек қана сәттілік тілейміз.

 

Сұхбатты жүргізген М.Манекеев.

Обновлено 22.10.2015 10:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1147
mod_vvisit_counterКеше1566
mod_vvisit_counterОсы аптада2713
mod_vvisit_counterӨткен аптада10442
mod_vvisit_counterОсы айда19122
mod_vvisit_counterӨткен айда47003
mod_vvisit_counterБәрі2855697

Серіктестер