
Бейсенбі, 15 қазан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысындағы Тәртіптік кеңесінің мүшесі Рахметілдә Рахманбердиев азаматтарды жеке мәселелермен қабылдау жүргізді.
Қабылдауға алғашқы болып келген
сарыкемерлік А. Айтенова бүгінде жеке кәсібін ашып, үш адамды жұмыспен қамтып отырғанын айта келе, арнаулы орта біліммен мемлекеттік қызметке кіруге болса, қандай лауазымдарға орналасуға болатындығын сұраса, үстіміздегі жылы Х. М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған Т. Садырбаева мемлекеттік қызметке тұру кезіндегі қойылатын талаптарды білгісі келетіндігін айтты. Сарыкемерлік К. Кусемисова мемлекеттік қызметшілер арасында орын алатын жемқорлықпен күресті жою бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білгісі келетіндігін сұрады. Түймекент ауылының тұрғыны Ү. Ораз мамандығы бухгалтер болғанымен, соңғы жылдары баламен үйде отыр екен. Отбасы үлкен болғандықтан, жеке үй салу үшін мемлекеттік қызметке кіру кезінде тегін тұрғын үймен, жер учаскесімен қамтамасыз етіледі ме деп сұрады. Ал еңбек ардагері Н. Қашқынбаев: “Үстіміздегі жылы қыс қатты болады дейді. Олай болса, коммуналдық жеңілдіктер, яғни көгілдір отын, электр қуаты және телефонға “Алтын алқа “ және “Күміс алқа”иегерлеріне жеңілдіктер қарастырылса” деген өтінішін жеткізді. Қабылдауға келгендердің өтініштерін мұқият тыңдаған Рахметілдә Сегізбайұлы алдымен оқу орындарын бітірген жас мамандар мемлекеттік қызметке орналасу үшін мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі қойылатын талаптарға, сонымен қатар бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу конкурстық негізде жүзеге асатындығын, “Б” корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары, тестілеуден өткен кезде берілетін сертификаттың 1 жылға дейін жарамдығы, мемлекеттік қызметте 1 жыл жұмыс тәжірибесі болса, онда кез келген бос тұрған бас маман лауазымына орналасу құқығы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз еткен Рахметілдә Сегізбайұлы бас мамандар мемлекеттік қызметке кіру үш сатыдан тұратындығын, яғни тест, конкурс және әңгімелесу арқылы сұрыпталып қабылданатындығын, бұл жерде “жең ұшымен жалғасу” секілді қоғамға кереғар әрекеттің болмайтындығын, жер телімі жөнінде Байзақ ауданы мен оған қарасты елді мекендердің бас жоспарына орай инфрақұрылымдар жүргізіліп барып, тұрғын үйлер салынатындығын, ал коммуналдық жеңілдіктер “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлеріне қарастырылмағандығын әңгімеледі. Жалпы қабылдауға келгендер өздерін толғандырған сауалдарға тиянақты жауаптар алды.
Өз тілшіміз. |