М.Шалғынбай, «Ауыл жаңалығы».
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының күнделікті тыныс-тіршілігі қашанда қалың бұқарамен біте қайнасып жататыны жасырын емес. Қазіргі таңда аудандық партия филиалының алдындағы ең басты мақсат – халық арасында болу. «Халықтық» деген атауға лайық болу үшін, көпшіліктің мұң-мұқтажын
тыңдап, қайнаған тіршіліктің ортасында жүру. Ал, жұртшылықпен аражігі ажырамас байланыс орнатуда, мемлекеттік бағдарламалардың жоғарғы деңгейде орындалуына аудандық партия филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет қоғамдық кеңесі мен партиялық бақылау бекетінің маңызы зор екендігі анық. Билік партиясының салмақты шешімдері қоғамның ілгері дамуына барынша ықпал жасап, реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға негіз болуда. Мұны біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде көріп жүрміз. Осы ретте Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси ұйым белсенділеріне білім сапасын арттырып, білім ошақтарының инфрақұрылымын жақсартуға, материалдық-техникалық базасын нығайту ісіне белсене араласуды тапсырған болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Түймекент ауылдық округіндегі 300 орындық мектеп құрылысы басталғалы бірер айдың жүзі болды. Қазір мұндағы құрылыс алаңында қызу еңбек жүруде. Аптаның бейсенбісі күні жүргізіліп жатқан құрылыс нысанына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлеповтің бастамасымен аудандық партия филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Сәрсенов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Р.Сапарбеков, бюро мүшелері Ж.Құмғанбаев, С.Қалмұратов, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы, құрылыс бөлімінің бас маманы М.Шаловтар бар топ құрылыс жұмыстарының жәй-күйімен танысты. Құрылыс нысанында партия белсенділерін учаске басшысы Бекенәлі Серікбаев қарсы алып, жұмыстың жүргізілу барысымен таныстырды. Оның айтуынша қазіргі таңда аталмыш нысан құрылысы қызу қарқынмен жүріп жатыр. Бірінші бөлік үш қабаттан тұрады. Онда орта және жоғары сынып оқушылары білім алса, екінші бөлікте асхана мен спорт залы, ал үшінші бөлік бастауыш сынып оқушыларына арналмақ. Сонымен қатар, 95 пайызға аяқталған бірінші қабат толығымен біткен соң төбесі плиталармен жабылып, есік-терезелерін орнату жұмыстары жүрмек екен. Қабырғаларға қаланып жатқан күйдірілген кірпіштер көрші ауданнан арнайы алдыруда. Жоғары сапалы, беріктігі мығым кірпіштерді 35 жұмысшы қалап, бұрыш іргетастарын құю жұмыстарын қоса атқарып жатыр. Мұнда бүгінде 118 құрылысшы еңбек етеді. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Барлығы бұған дейін небір құрылыс салаларында еңбек етіп, ысылған, тәжірибелі азаматтар екен. Техника қауіпсіздігі, жұмысшылардың өмір қауіпсіздігі қатаң бақылауда дейді учаске басшысы. Сондай-ақ жылу қазандығының ғимараты да аяқталуға жақын қалыпты. Жылу қазандығын көгілдір отынға қосу үшін жүйек қазылса, екінші жағынан электр желілерін орнату жұмыстары да қатар жүруде. Комиссия мүшелерінің тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарған Бекенәлі Серікбаев тендердің кеш өткізілуіне қарамастан құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Нұр Отан» партиясының белсенділері құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына айрықша көңіл бөлді. Сондай-ақ, қарапайым жұмысшыларға еңбекақы төлеудің заңдылығын назардан тыс қалдырған жоқ. Жаңа мектеп құрылысын толық аралап, жұмыс сапасын көзбен көрген топ мүшелері құрылысшыларға мектептің құрылысын жүргізу үшін мүмкіндіктер барын айта келе, атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуы керектігін ескертті.
|