С.Қалмұратов, «Ауыл жаңалығы».
Жуықта Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесінде оның тұрақты мүшелері мен бірқатар мемлекеттік органдар басшыларының қатысқаны, онда арнаулы органдардың қызметін жетілдіру, талдау және болжау жұмыстарының сапасын арттыру мәселелері қаралғаны белгілі. Кеңес барысында Елбасы сыртқы нарықтардағы
үдерістерді мұқияттылықпен мониторингтау, ахуалдың өзгеруін, ықтимал тәуекелдер мен қатерлерді бағалау, сондай-ақ оқиғалардың дамуын болжау негізінде алдын алу шараларын әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ бес институттық реформаның және «Нұрлы жол» бағдарламасының стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі жұмыстары ел ішіндегі және әлемдегі жағдайды жан-жақты талдауға негізделуі тиіс екендігін айтып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктегендігі мәлім. Міндеттелген тапсырмаларды орындау мақсатында республика өңірлерінде шұғыл түрде түрлі шаралардың жоспары жасалынып, жүзеге асырылу үстінде. Сондай қолға алынған шаралардың бірі-аудан аумағында азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында арнайы штаб құрылып, өз міндетіне кірісіп кетті. Апта соңында өткен аталмыш штаб отырысы барысында күн тәртібіндегі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы өзекті мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті бөлім, сала қызметкерлері, ауылдық округ әкімдеріне жүктелген міндеттемелер пысықталды. Бұдан соң аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы бастаған, құрамында штаб мүшелері, тиісті сала басшылары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар топ аудан аумағында орналасқан бірқатар сауда нүктелерін аралады. Мұндағы басты мақсат – тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы дүрбелеңге жол бермеу. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарды қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, басқа да қажетті тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасын негізсіз өсірмеу. Елбасы өзінің басшылығымен жуырда өткізген кеңесі барысында азық-түлік өнімдеріне бағаны негізсіз көтергендер анықталып жатса жазасыз қалмайтынын ескерте келе: «Бұл маңызды мәселе. Біз барлық әкімдерге және саудамен айналысатындарға ескерттік. Бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс. Жағдайды пайдаланып қалу мақсатын көздеп отырғандарға бағаны шарықтатуға жол бермеу маңызды. Ондайларды анықтап, қатаң жазалайтын боламыз» деген болатын. Аудан орталығында орналасқан «Кәусар», «Жан», «Сәбира», «Бегей», «Арзан», «Аққу» шағын маркеттері, орталық базар сөрелеріндегі тауарлардың бағаларын мұқият сараптап (әсіресе, белгілі әлеуметтік тұрғыдағы 33 түрлі азық-түлік тауарларын), сатушылар мен сатып алушылармен тілдесіп, мұндай шараға барудың себептерін түсіндірумен қатар, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген топ мүшелері жалпы бағалардың тұрақты қалыпта сақталып отырғанына көздерін жеткізді. Сатушылардың айтуынша, оның басты себебі ақшаның еркін айналымға жіберілген уақыттан бері көтерме сауда орындарынан жаңа тауар сатып алынбағандығы, оның өсіп-өспеуі алдағы апта басында белгілі болатын көрінеді. Аты аталған сауда орындарының жетекшілері бірауыздан бағаның шарықтап өсуін қаламайтындықтарын айтып жатты. Айта кетер бір қызық жайт, дүкен сөрелеріне қойылған неше түрлі тауар өнімдерінің ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің, атап айтқанда, жеміс-жидек (картоп, пияз, қызанақ, қияр, қырыққабат, бақша өнімдері) бағаларының біршама көтеріңкі екендігін алға тартқан аудан басшысы мәселені тез арада реттеуді тиісті сала басшыларына табыстады. Шындығында да «Қолда бардың қадірі жоқ» демекші, қала тұрғындарын түрлі жеміс-жидек, бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп жүрген байзақтықтар үшін бұл түсініксіз құбылыс. Қорыта келгенде айтарымыз, сауда орындарында тілдескен сатушылардың да сатып алушылардың да туындаған мәселеге түсіністікпен қарап, алаңдауға негіздің жоқтығын айтып, уайым-қайғыға салынуға жол бермеуі бәрімізге көтеріңкі көңіл ұялатты. Елбасымыздың жоғарыда айтылған кеңес соңындағы қорытынды сөзінде қиындықтың бәрін бірлігіміздің, жұмыла жүріп жұмыс істеуіміздің арқасында ғана жеңе алатынымызды тағы да бір еске салуы да тегіннен тегін емес. |