
Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Қоғамдық үйлесімділік пен рухани байлық барлық діндердің негізгі діңгегі болып саналады. Ғылыми техникалық прогресс, экономикалық даму, ақпараттық жаңа технологиялардың артықшылықтары, және тағы басқа да игіліктер адам баласына мол мүмкіндіктер беріп отыр. Осыған қарамастан өркениетке қадам басқан мемлекеттер арасында
дау-дамай, жанжал, соғыс ошақтары, дінаралық дүрдараздықтар, экстремистік, лаңкестік топтар тарапынан болып жатқан қысым, адам құқығын таптау секілді келеңсіздіктер тыйылар емес. Өткен аптада Жамбыл облысы әкімдігінің “Дін проблемаларын зерттеу орталығыны бөлім басшысы Е. Жақыпов, аталмыш орталықтың инспекторы Б. Қырғызбаев аудан орталығындағы Сарыкемер орта мектебінде жастармен, Көктал ауылдық округіндегі “Әбу-Бәкір -Сыдық”, Дихан ауылдық округіне қарасты «Аймантөбе» және Бурыл ауылдық округіндегі “Шолпан-Дауіт” мешіттерінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде Ерзат Жасқанбайұлы “ Таблиғи жамағат- қатерлі діни ұйым” тақырыбында баяндама жасады.  -Қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған күрделі мәселе-экстремизмнің алдын алу. Терорризмнің діні де отаны да болмайды,-деп бастаған сөзінде ол Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалардың ислам дініне қатысы жоқтығын, дінаралық қақтығыстарға алып келетін экстремизм мен терроризм қоғамға да, мемлекетке де, қарапайым халыққа қасірет әкелетіндігін, еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығына қауіпті діни ағым-”Таблиғи жамағат” ұйымына кеңінен тоқталды. «Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымын Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты 2013 жылдың 26 ақпан күні экстремистік топ ретінде танып, оның еліміздің аумағындағы қызмет етуіне тыйым салу туралы шешім шығарғанын, аталмыш ұйымның ұстанымдары еліміздің тарихи және мәдени өмірінде қалыптасқан дәстүрлі болып табылатын Ханафи бағытындағы исламның қағидаларына қайшы тұстарына тоқталды. Жастардың діни тәрбиедегі сауаттылығын арттыру бағытында қолға алынған жұмыстардан ақпарат берді. Діни тұрақтылықты, дінаралық келісімді нығайтумен, жастардың діни сауаттылығын арттыру, діни экстремизмнің алдын алу және түрлі діни ағымдардан қорғау мақсатында жұмыс құрылған ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын сөз етті. Жастар газет-журналдардан гөрі ғаламтор, әлеуметтік байланыстар, блогтарды белсенді қолданатындықтан, діни каналдарда, мұсылмандық туралы сайттарда орналастырылған мақалаларды ой елегінен өткізудің маңызына басар назар аударды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Махамбетов, “Байзақ баба” мешітінің наиб имамдары А. Абдухатұлы мен А. Каримбаев, Бурыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Н. Есімов, Көктал ауылдық округінің әкімі Б. Үкібаев, Дихан ауылдық округінің жетекші маманы А. Қашағанов, “Аймантөбе” мешітінің бас имамы К. Рахмановтар сөз сөйледі. Олар негізінен отбасында бала тәрбиесіне айрықша маңыз беру, ислам дінінің ата дәстүрімізбен сабақтасып отырғандығын, дінімізге деген адалдықты сақтаудың мәнін, сондай-ақ, еліміздің Конституциясы мен заңдары сенім бостандығының қорғалуына кепіл болатындығын тілге тиек етті. Маңызды мәселені қозғаған жүздесуде дәстүрлі емес және де радикалды діндер өкілдерінің іс-әрекеттері, діни экстремизмнің пайда болуы мен оның қазіргі уақыттағы қызметі, діни сауаттылықтың болмауы салдарынан жат пиғылды діни топтардың жетегінде кеткен қандастарымыздың тағдыры, шайқалған отбасы туралы бейнефильмдер көрсетілді. Жиынға қатысушылар күн тәртібінде көтерілген мәселе, бейнефильмдер төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. |