М.Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Түймекент ауылдық округінде оқушы санының артуына байланысты орта мектеп оқушылары үш ауысыммен оқып жатқанына бірер жылдың жүзі болды. Бұл мәселе биылғы жылы оңтайлы шешімін тауып, Түймекент-Ақжар бағытындағы жол бойынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысының басталғаны туралы
құлағы түрік, көзі қарақты оқырман қауым хабардар. Мұның алдында құрылыс жұмыстары басталғаны туралы оқырманға жариялаған едік. Өткен аптада құрылыс жұмыстарының барысымен танысудың тағы да сәті түсті. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша, жалпы сомасы 704 млн. теңгеге бағаланған нысанда бас мердігер «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары қызу еңбек етуде. Бас жобалаушы «Табыс-Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасымен жұмыс істеп жатқан нысанда «Бозжигитов А.А.» жеке кәсіпкерлігі техникалық бақылау жасауда. Ағымдағы жылдың маусым айында іргетасы қаланған нысанда құрылысшылар бірінші қабаттың қабырғасын көтеріп жатыр. Мұнымен қоса жылу қазандығының құрылысы да қатар жүргізілуде. Өйткені, қыс мезгіліне дейін нысанды шатырмен жауып алып, күн суытқанда ішкі жұмыстарды қолға алмақпыз дейді учаске басшысы Бекенәлі Серікбаев пен прораб Тамал Фазайлов бізбен болған әңгімесінде. Ал, техникалық бақылаушы Қолдасын Мұсабаев өз тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасына айрықша көңіл бөлініп отырғанын, құрылыс алаңындағы материалдардың барлығы өз өнімдеріміз екенін жеткізді. Бүгінгі таңда мұнда төрт бригадаға бөлінген, жүзге жуық құрылысшы жұмыс істеуде. Ас-ауқат, жатын орынмен қамтамасыз етілген. Орташа айлық жалақылары 80-100 мың теңге шамасында. Жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылған. Аталмыш құрылысқа биылға 489 млн. теңге қаржы бөлінсе, қалған қаражат келер жылға қарастырылған. Бұл маңызды істі бас мердігер «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алып, келесі жылдың шілде айында құрылысын толықтай аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Түймекент ауылының тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылар жаңа мектептің құрылысының жүріп жатқанына өте қуанышты. Ұстаздар мен оқушылар келер жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастамақ. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін орта мектеп салынып, олардың жаңа ғимаратта білім алуына жол ашылмақ.
|
Обновлено 28.08.2015 10:59 |