|
М.Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Елдің ырзық-несібесі алтын астығымыз қамбаға құйылды. Бұл кезең-диқандардың адал еңбек, маңдай терлерінің ақталған уақыты. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, аудан бойынша 12 300 гектарға масақты дәнді дақыл егілген. Оның ішінде, 6 000 гектары күздік бидай, 6 300 гектары жаздық арпа ораққа түскен. Егін орағына 45 дана
астық комбайны, 25 дана автомобиль, 190 дана трактор, 150 дана тіркеме қатыстырылыпты. Масақты дәнді дақыл еккен шаруашылықтар басшыларына өртке қарсы шараларды орындау туралы ескертіліп, шаруашылықтардың ораққа түсетін астық алқаптарының жан-жағы өртке қарсы қауіпсіздік шаралары мақсатында 4 метрлік ендікпен айдалған. Ағымдағы жылдың 27 шілдесіне орылуға тиіс 12 300 гектар алқап түгелімен орылып, әр гектардан орташа түсім 14,5 центнерден айналып, жалпы 17 835 тонна өнім жиналған. Атап айтқанда, оның ішінде күздік бидай 9 300 тонна, жаздық арпа 8 535 тоннаны құраған. Аудан бойынша «Байназаров», «Достық-99», «Бапыш Сейсенбай», «Түймекент-2030», «Ақжол-7» шаруа қожалықтары жоғары өнім алуға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, олар тұқымдық егіс алқаптарының әр гектарынан күздік бидайдан 19-20 центнерден, жаздық арпадан 18-19 центнерден өнім алды. Сонымен, ауданда астық ору науқаны аяқталды. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Елде болса ерінге тиетіні анық. Қамбамыз астыққа толса елдің көңілі тоқ. Бұл диқандар қауымының маңдай терінің нәтижесі. |