|
Кәсіпкерлерге кеңінен ақпарат берілді
Сәрсенбі күні “Нұр Отан” партиясының «Мықты бизнес- мықты мемлекет» жобасы аясында Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған “100 нақты қадам”-кәсіпкерлікке кең ашылған жол” атты тақырыпта “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н. Тлепов және Жамбыл облысының кәсіпкерлер Паласының Байзақ аудандық филиалының директоры Д. Нұралиевтер аудан аумағындағы
ауылдық округтерден келген шағын және орта бизнес өкілдерін қабылдады. Қабылдау барысында Нұржан Сейдазымұлы Елбасының «Нұрыл жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен “Ұлт жоспарында» елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен қолға алынып жатқан шаруаларға тоқталды. Ал өз кезегінде Дінмұхаммед Берікұлы «Жұмыспен қамту -2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан және ауылдық округтердегі кәсіпкерлерге тегін сервистік қызмет көрсету, оның тиімді жақтары туралы кеңінен мағлұмат берді. Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға жеке-жеке тоқталды. Қабылдауға келген жеке кәсіпкер С. Ахметқұлова ішкі айналымға қажетті қаражат алу жолдарын сұраса, сарыкемерлік О. Танабаев «Талка» маңындағы дүкенінің көлемін кеңейтуге жәрдем беруін өтінді. “Жадыра” шаруа қожалығының жетекшісі Г. Дәулетбаева мемлекет тарапынан берілетін несиелерді алу үшін кепілдікке қойылатын нысанның бағасын нарыққа бейімдеу жайын сөз етті. Осы мәселелерге қатысты жан-жақты түсінік беріліп, жеке өз ісін ашып, оны ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиелер көлемі, бизнес жоспар жасау барысында көрсетілетін тегін көмектер туралы кеңінен ақпарат берілді.
«100 нақты қадамды» талқылады
Осы күні “Нұр Отан” партиясы Байзақ аудандық филиалы, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды -инновациялық дамыту басқармасы және кәсіпкерлер Паласының Байзақ аудандық филиалының ұйытқы болуымен аудандық ардагерлер кеңесінің бөлмесінде өткен жиын “100 нақты қадамның” басты міндеттерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Д. Наурызбаев ашып, «100 нақты қадам» бағдарламасының маңыздылығы мен тиімділігі туралы айтып өтті. Бұдан соң сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Д. Назарбеков аталған «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Индустриаландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институттарын нығайту, Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарларын өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларын тартумен қатар облыста қолға алынған іргелі тірліктер жайында баяндады. -Ең көп жаңалықтар индустрия және экономика салаларының үлесінде. Бағдарламаны орындау арқылы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі артып, кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізері анық, - дей отырып, ол 54,55,60,61-ші қадамдарға терең талдау жасады. Жамбыл облысының кәсіпкерлер Паласының Байзақ аудандық филиалының директоры Д.Нұралиев жиынға қатысушылар мен кәсіпкерлерге «Халыққа қызмет көрсету орталығының» негізгі мақсатын, сервистік қолдау көрсету, сегіз бағыттағы тегін қызмет көрсету жайын түсіндіріп өтті. Ол сонымен қатар жас кәсіпкерлерге «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша оқу-семинарлар ұйымдастырылып, өткерілгендігін, жалпы ауданымызда шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалып жатқан қолдауларды сөз етті. “Жадыра” шаруа қожалығының жетекшісі Г. Дәулетбаева болса Ұлт жоспарының кәсіпкерлерге жүктеп отырған міндеттері туралы ойымен бөлісіп, маңызды құжатты қолдауға шақырды. Ардагер Айтқұл Мамытқұлұлы 5 институционалдық реформаға қатысты пікірін ортаға салды. Жалпы дөңгелек үстел барысында сөз алғандар Ұлт жоспарын жүзеге асырылуы жөніндегі жеке ұсыныстарымен бөлісті.
Өз тілшіміз.
|