|
Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Үстіміздегі жылдың 30 тамызында Ата Заңымызға 20 жыл толады. Ел өмірінде айрықша орын алатын мерейлі мерекеге орай аудандық емханада “ Ата Заң-ел тірегі” атты тақырыпта медицина қызметкерлерінің арасында кездесу өткерілді. Кездесуді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Махамбетов ашып, Ата Заңның құқықтық мәртебесі мен қалыптасу кезеңдеріне, баптары мен тармақтарына тоқталды. Мемлекеттің басты байлығы-адам болса, оның бостандықтары мен құқықтарының сақталуына кепілдік беретін Ата Заң-мемлекеттің
мызғымас негізі, ел бірлігінің айқын көрінісі болып табылатындығын, Конституция қағидалары негізінде ортақ тағдыр мен тарих біріктірген түрлі ұлт өкілдерінің ынтымағы нығая түскендігін айтты. Мұнан соң сөз алған аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Г. Мамырбаева “Ата Заң- ел тірегі” атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы бұдан 20 жыл бұрын қабылданған Ата заңы бойынша адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең басты құндылық болып танылатындығын, Конституция мемлекеттілігі мен егемендігінің заңдық негізі болып табылатындығын айтып өтті. Ол сонымен қатар, еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы реформаларды саралай отырып, жыл сайын аталмыш салаға бөлінген қаражат көлемінің ұлғайып отырғандығын, 2010 жылдан бастап бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесіне көшкендіктен, осы жүйе бойынша қолға алынған тірліктерді Ата заңмен байланыстырды.
 Жүздесу барысында Мырзахан Махамбетұлы ағымдағы жылдың қазан айларында Тараз бен Шу қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығы өткенге құрметпен қарауға жол ашатындығын, бірлік пен татулықты ұлықтайтын- Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған қыруар тірліктерін, ел мәртебесін биіктететін “ЭКСПО-2017” көрменің маңызын әңгімеледі. Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің негізгі тірегі – Конституцияның тарихи маңызына жан-жақты тоқтала келе, сөзін Елбасымыздың: «Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеуге міндеттіміз” деген өнегелі сөзімен түйіндеді.
|