|
М.Манекеев, «Ауыл жаңалығы».
Бүгінгі таңда елімізде қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған іс-шаралар өз жалғасын тауып, күн санап ауқымы кеңейе түсуде. Дене шынықтыру және спорт ойындары арқылы тұрғындар арасында салауатты өмір салты қағидаларын орнықтыру, Қазақстан Республикасы халқының арасында достық пен өзара сенімді нығайту саясатын тереңдету үшін халық ойындары мен бұқаралық спорттың рухани әлеуметін пайдалану мақсатында «Шу-Ұлытау» марафондық жүгіруі басталған болатын. 16 тамыз күні Шу ауданынан бастау алған марафон қатысушылары Қазақ хандығының символдық байрағын ұстап, эстафеталық жүгіру тәсілімен Т.Рысқұлов, Байзақ аудандары арқылы Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және Жезқазған қалаларына, ал 22 тамыз күні Ұлытауға жетпек. Жалпы қашықтығы
1500 шақырымға созылған, жүгіру ұзақтығы жеті күнді құрайтын марафон қатысушылары жексенбі күні, түс ауа, Байзақ жеріне келіп жетті. Алматы қаласы марафоншылар клубының директоры Әлім Шәріпов пен марафоншылар командасының капитаны Марат Балтабаев бастаған жеңіл атлеттерді Ақшолақ елдімекенінен аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ә.Омаров және бір топ байзақтық жеңіл атлетшілер жарқын көңілмен қарсы алды. Республика деңгейінде өткізіліп жатқан айтулы датаға байланысты аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды.Алдымен елімізге танымал, Меккеге жаяу аттанған жеңіл атлет, астаналық Дулат Иманқажы мәреге жетті. Сауд Арабиясына дейінгі 7 мың жарым шақырым жолдың 5 мың шақырымын жаяу жүріп өткен желаяқ өз ойымен бөлісті. «Бұл шара қоғам бастамасы болып табылады және осы жылы қазақстандықтар атап өтетін мерекеге арналады. Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы өз заманының батырларымен байланысты және қазіргі жастар олар туралы білулері тиіс», – дейді Дулат Иманқажы бізбен болған әңгімесінде. «Шу-Ұлытау» марафоны деген жазуы бар, еліміздің мемлекеттік көк байрағы желбіреген көліктер марафоншылармен қатарласып жүріп отырды. Кезектесе төрт-төрт адамнан бөлініп, жол бойы жүгіріп отырған жеңіл атлетшілер сағат алтылар шамасында көне шаһар - Тараз қаласының кіреберіс қақпасына да жетті. Бұл жерде марафоншыларды Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековтер қарсы алды. Марафон жүгірушілерге арнап құттықтау сөз арналды. Сонымен қатар, «Диззи» компаниясының «Riks» сауда белгісімен өз сусындарын ұсынған компания өкілдері де жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде Алматы қаласы марафоншылар клубының директоры Әлім Шәріпов, марафоншылар командасының капитаны Марат Балтабаев, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, марафоншы Қайырболат Егеубаевтар да іс-шараның маңызына тоқталып, өздеріне көрсетіліп жатқан сый-құрметке ризашылықтарын білдірді. Бұдан кейін марафон қатысушылары Тараз қаласын бетке алды.
|