|
А. Тастанбаева, Байзақ аудандық әділет басқармасының бас маманы.
Біздің Ұлы даланың дамуында өзіндік айшықты ерекшеліктердің орын алғаны тарихтан белгілі. Еркін аймақта ғасырлар жүзінде қазақ – түркі этносының біртұтас тілдік және мейлінше дамыған демократиялық құқықтық мәдениеті қалыптасып бекіді. Қазақ халқының бірнеше ғасырлық өмір тәжірибесінде
әр істің, салт сананың реті мен жөн – жобасы болады және барлық жұмыс соған сәйкес атқарылды. Қазақ заңдарының тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталатын заң ережелерінің орны бөлек. Кейін XYII ғасырда мұны Есім хан түпкілікті қолданып, заң күшіне толық енді. Мұны халық «Есім ханның ескі жолы» деп атады. Жоғарыда аталған екі заң ұлы хан, Әз Тәуке тұсында одан әрі жетілдіріп, жаңа құқықтық тараулар енгізілді. «Жеті жарғы», Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «таңбалы тасы» - шын мәніндегі қазақтың тұңғыш Ата заңы. Осы игілікті істердің басында өздерінің бар рухани күш – қуаттарын жұмсап, қазақтың ұлы билері жүрді. Олар қырдың қатал заңын бір жүйеге келтіріп, оны жаңа жағдайдағы түз тіршілігіне сәйкес бай мазмұн мен түр беріп, қайта түзеді. Олар ескі сүрлеуге түсіп кетпей, өмірдің көп жағын заңдастырып қана қоймай, өздерінің саяси - әлеуметтік, рухани – танымдық болмыстарын да көрсететін құжат жасады. Халқымыздың құқық, билік, сот ісі жөніндегі көңіл аударарлық заңы 1885 жылы Семейдің Қарамола съезінде Абайдың қатысуымен жазылған Ереже. Бұл заңдардың жақсы жағы сақталып, жеке адамның бас амандығы, ар – намысы мен мал мүлкін қорғау мәселелері баса айтылады. Тәлім – тәрбие беру мен ел ынтымағын сақтауға қатты көңіл бөлген. «Конституция» - латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды білдіреді. Қазақша мағынасы – ел, мемлекет болудың тетігі деген сөз. Онда маңызды үш мәселе – мемлекеттік және қоғамдық құрылыс, адамның немесе азаматтың құқықтық мәртебесі және мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі қамтылған. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат - Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осыдан жиырма жыл бұрын, 30- тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Сонау 1995 жылы қабылданған Ата Заң арқасында Қазақстан халқы болашаққа бет түзеген тың тарихи бет-бейнеге, өр мінезге ие болды. Бүгінгі Қазақстан – «демократия», «нарық», «құқықтық мемлекет» деген ұғымдар дәстүріне айналған мемлекет болып табылады. Әдетте мемлекеттің қарапайым эволюциялық жолмен дамуына кететін ондаған жылдарды Қазақстан тарих өлшемімен алғанда аз ғана уақыт ішінде басып өтті. Соның нәтижесінде жаңа саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық құрылым, мемлекеттік саясат және егемен мемлекеттің қызметі мен дамуының стратегиялық бағыттары қалыптасты. Еліміз күрделі экономикалық, саяси және идеологиялық кедергілерді кезең-кезеңімен басып өтіп, жаһанданудың қазіргі жағдайына және халықтың дәстүрлі өмір салтына бейімделген жаңа мемлекеттік жүйені құрды. Өздері үшін, өз мемлекеті үшін орнатқан Конституцияның қанаты астында, ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін және мәдениетін либерализм принциптерімен ұштастыра отырып, Қазақстан халқы әлеуметтік бағытталған нарықтық қайта өзгертулер жолында дамудың ортақ тағдырын таңдады. Конституцияда баянды етілген іргелі құндылықтарды жүзеге асыру жолында еліміз биік асуларды бағындырып, алға адымдап барады. |