Онлайн газет



Алғыс арқалаған Сайфижамал

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

“Қолы шипалы, білікті дәрігерді халық асырайды” деген  сөздің жаны бар секілді. Шындығында да  адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін, баға жетпес құндылық-адам денсаулығын сақтап қалуға  бар  білімін жұмсайтын  дәрігерлер қандай құрметке де лайық.  Сайфижамал Уразбекқызы дертіне шипа іздеп келген  жас пен кәріні ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беретін  білікті дәрігер десек артық айтқандық емес. Уақытпен санаспай денсаулық күзетінде жүріп, халықтың алғысын арқалаған   ару  бүгінде Жаңатұрмыс дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігер қызметін  атқарып келеді.
Дәрігердің қолы-нәзік, көзі-қырағы, жүрегі -айбарлы болуы керек. Мұндай қасиет Сайфижамал бойында бар екендігі екеуара әңгіме арасында байқалды.
Жанға шуақ беретін әдемі күлкісімен  адамды баурап алатын  Сайфижамал  Қарақалпақстан Республикасының Беруний қаласында  дүниеге келіпті. Әкесі Уразбек Мамышұлы Беруний қаласына  танымал ұстаз болса, анасы тұқым дайындайтын қоймада жауапты қызмет атқарады. Отбасында төрт ұл және бір қыздың ортасында еркелеу болып өскен  ол, ХХV партсъезд атындағы мектепті үздік бітіреді. 1989 жылы Владикавказ қаласындағы Северо-Осетинский   медициналық институтының “Емдеу ісі” факультетіне оқуға түседі.  Білімге құштар бойжеткен үздік оқи жүріп, бос уақытында  жақын маңдағы медициналық мекемелерге барып, дәрігерлердің тыныс-тіршілігімен, аурулардың  мұң-мұқтажымен  етене танысудың арқасында  болашақ  кәсібінің қыр-сырын меңгере бастайды. ІІІ курста Ташкенттегі  медициналық институтына ауысып, 1995 жылы  отбасылық дәрігер мамандығын алып шығады. 1989 жылы  ата-анасы  Жамбыл облысы Байзақ ауданына қоныс аударады. Осы жылы Тараз қаласындағы №1 перзентхана акушер-гинеколог мамандығы бойынша  интернатурадан өтеді. Еңбек жолын  облыс орталығындағы “Ана мен бала” орталығында акушер-гинеколог болып бастаған Сайфижамал 2000-2001 жылдары қалалық №1 емханада жалпы дәрігер, ал 2001 жылы  Байзақ ауданына қарасты Түймекент дәрігерлік амбулаториясында жалпы дәрігер, ал 2003 жылдан бастап,  Жаңатұрмыс дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігер болып қызмет атқаруда.
Жаңатұрмыс ауылдық округіне Ақшолақ, Қайнар, Жібек жолы, Жаңатұрмыс, Төрекелді, Көкбастау, Тегістік, жалпы  7 ауыл қарайды.  Округ тұрғындарының денсаулығын сақтау, оларға мінсіз қызмет көрсету оңай шаруа емес. Сайфижамал басшылық ететін ұжымның тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру бағытында атқарған жұмыстары қыруар. Соның арқасында округте ана мен бала өлімі  тіркелмеген. 5 төсектік  күндізгі стационар жұмыс жасайды. Тұрғындар скринингтік тексеруден уақытымен өтіп тұрады. Есепте тұрған қан қысымы, жүрек, қан аздық пен пневмония ауруларымен ауыратын науқастар дәрігердің рецептімен, жүкті әйелдер, 1 жасқа дейінгі, 1 және 5 жасқа дейінгі балалар тегін дәрілермен қамтылған.
Дәрігерлік амбулатория халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жабдықтармен жабдықталған. Бала дәрігері Загипа Еламанова, 14 медбике және 1 медаға -денсаулық күзетінде. Әсіресе, М.Қалмурадова, К.Сугурбекова, Л.Құдайбергенова, К.Ниязкулова, А.Рахимова, Г.Оспанова, П.Омарова, Г.Джумалиева, Ш.Амангөзиева, Ж.Сейсеналиев, Н.Әліпбаева,  лаборант З.Камалова ұжымның мақтанышы саналады.
Адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне қызмет ететін ең мейірімді мамандықтың иегері Сайфижамал Трушева үшін дәрігер мамандығынан  қасиетті мамандық жоқ деп санайды.  Ол басқарған  ұжым жыл сайын  жақсы жетістіктерге жетіп келеді.  2006 жылы  облыста өткен аудан халқының денсаулығын жақсартудағы елеулі жетістіктері үшін “Үздік тәжірибелі дәрігер” номинациясы бойынша Жаңатұрмыс дәрігерлік амбулаториясы жеңімпаз болып танылыпты.
-Дәрігердің міндеті аянбай еңбек етуді, адамдарға деген асқан мейірімділікті талап етеді. Ұлық мамандыққа  өз өмірін  арнай отырып, өзгелердің өмірі үшін де жауапкершілікті мойындарына алады. Өмір бойы оқып, озық қондырғылардың қыр-сырын және ауруларды емдеудің жаңа амал-тәсілдерін меңгеруі талап ететін дәрігер мамандығы-мамандықтың төресі деп санаймын. Сондықтан   дәрігер болғанымды мақтан тұтамын,-дейді бізбен әңгімесінде Сайфижамал ағынан жарылып.
Ия, терең білім, берік ұстаныммен қатар өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын  Сайфижамал Трушева білімін ұдайы жетілдіріп отырады.  Ел саулығына қосқан үлесі үшін аудандық мәслихаттың Грамотасымен,  көптеген Мақтау қағаздарымен марапатталған білгір дәрігер бүгінде   жолдасы  Алимжанмен  Даниил және Алихан атты екі  ұлды тәрбиелеп отырған бақытты отбасының бірі.
Жан-жағына  жақсылық нұрын шашып жүрген ақ желеңді аруды  төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Әрдайым  емделушілердің  ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене бер  демекпіз.

Обновлено 23.06.2015 09:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін682
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада682
mod_vvisit_counterӨткен аптада12806
mod_vvisit_counterОсы айда28564
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2280233

Серіктестер