Онлайн газет



БАСТЫ МІНДЕТ - ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

С.Қалмұратов,
«Ауыл жаңалығы».

Өткен аптада, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХХХХ – сессиясы болып өтті. Аталмыш сессияға аудан әкімі М.Шүкеев, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев, мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. №2 Амангелді сайлау округінен депутат Алмахан Исабаев ашып, жүргізіп отырған сессия жұмысының күн тәртібіне жеті мәселе шығарылды.
Сессия қатысушыларының қызу талқысына түскен мәселенің бірі - ауданда «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы болды. Алдымен сессия қатысушылары алдында аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов 2013-2015 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы баяндама жасады.
Өз баяндамасын Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер тұрғысынан бастаған Арғынбай Әлкенұлы бүгінгі таңда басым бағыттың бірі ретінде халықты жұмыспен қамту екендігіне тоқталды. Ел Президентінің дәстүрлі Жолдауында әлеуметтік салаға баса назар аударылып, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту жолында кедейшілікпен күрес және жұмыссыздықтың өсуін тежеу жөнінде нақты міндеттер қойылғанын айта отырып,  «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылғандығын атап өтті.
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, еңбек ресурстарының сапасы мен экономикалық белсенділігін артырудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде және іске асыруда нақты шараларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және жұмыссыздар мен табысы аз азаматтарды оқыту бағытында нақты шаралар іске асырылған.
Атап айтқанда, бағдарламаны іске асыру мақсатында аудан әкімдігі жанынан «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі консультациялық – кеңесші орган құрылып, жұмыс жүргізуі нәтижесінде аудан аумағында ашылған жаңа және бос жұмыс орындарына 577 адамға, жастар практикасы бойынша 107 адамға, әлеуметтік жұмыс орындарына 59 адамға жұмысқа орналастыруға жолдамалар берілген.
Қоғамдық жұмыстарға 210 адамды қамту жоспарланса, нақты қамтылғаны 247 адам, оның ішінде, тұрақты жұмыспен қамтылғаны 24 адам. Өткен жылы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өтініш жасаған азаматтарды жұмысқа орналастыру нысаналы индикатор көрсеткішінің жоспары 79,7 пайыз болса, нақты орындалуы 82,2 пайызды құраған және сол жылға жоспарланған 92 жаңа жұмыс орындарының орындалуы 102 пайызды құрап, 94 жаңа жұмыс орындары ашылған. Ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік қолдауды қажет ететін бөлігі – мүмкіндігі шектеулі 35 азаматты жұмыспен қамту көзделген болса, нақты жұмыспен қамтылғандардың саны 55-ке жеткен.
Аудан тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін дамыту бағытында атқарылған жұмыстар бойынша бағдарламаның екінші бағыты: «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту» бойынша жоспарланған 80 адамға арналған 190 млн. теңгенің орнына 85 адамға 202 млн. теңге көлемінде несие берілген. Несие алғандардың есебінен 263 адамға қосымша жұмыс орындары ашылған. 4 жобаға қарастырылған несие алған азаматтардың ішінен 4 адам инфрақұрылымын дамытқан. Соңғы үш жылда өзін – өзі жұмыспен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдау үшін несие алғандар саны 213 адамға жетіп, олардың қаржысы 469,4 млн. теңгені құраған. Оның ішіндегі жеке кәсіпкерлер саны 147 адам. 80 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, тиісті сертификаттарын алып, мемлекеттік қолдау шараларының материалдық көмегіне ие болған. Ауылда тұратын тұрғындардың біліктілігін арттыру бағытында 2014 жылы 5 адам оқып, тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл – ауқатын арттыруға жәрдемдесу саласында бірқатар жұмыстар атқарылған. Былтырғы жастар практикасына жолданған 70 адамның 34-і тұрақты жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша жолданған 25 адам болса, олардың барлығы сол жұмыс орындарына тұрақты орналасқан. Өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарымен 35 адамды қамту көзделген болса, нақты 59 адам қамтылып, жастар практикасы бойынша жоспарланған 100 адамның орнына 107 адам жолданып, олардың ішінде сегізі тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
Дегенмен, баяндамашының мәліметінше аудан әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» және «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер де орын алған. Ауданда ашылған жаңа жұмыс орындарының елу пайыздан астамы мемлекеттік мекемелерден мемлекет қажеттігіне байланысты ашылған, ал экономиканың басқа салаларынан ашылған жаңа жұмыс орындарының үлес салмағы төмен.
Халықтың өзін–өзі жұмыспен қамту бөлігін нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыру, олардың мәртебесін заңдастыру жұмысы, шаруа қожалықтарында, жеке кәсіпкерлер меншігіндегі кәсіпорындарда уақытша, маусымдық жұмыстар істейтін азаматтарды тіркеп, олардың зейнетақы қорына қаржы аударып, аудан бюджетіне салықтарын өндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде. Аудан бойынша жұмыссыздар саны 2088 адамды құрап отыр, оның ішінде 34 жасқа дейінгі жастардың саны 615. Сонымен қатар, ауданда құрамында 475 адамы бар 80 отбасының жағдайы кедейшілік деңгейінен төмен болып есептеледі. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар ішіндегі еңбекке қабілетті азаматтардың үлесін 33 пайызға төмендету жоспарланған болса, нақты төмендегені 29,1 пайызды құраған. Соңғы үш жыл ішінде өзін – өзі жұмыспен қамту үшін ауданда 213 адам 469,4 млн. теңге көлемінде несие алған болса, әртүрлі себептерге байланысты несие алу мүмкіндігі шектелгендер саны 88 адамға жеткен. Несие алғандардың ішінде 6 адам 1 млн. 546 мың теңге көлеміндегі несиені қайтармауда. Несиені қайтадан беру нәтижесі бойынша өткен жылы 4 адамға 12 млн. теңге берілсе, 700 – ден астам адам несие алу кезегінде тұр.
Сондай-ақ А.Сқақов үстіміздегі жылдың бес айында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы қосымша мәлімет берді. 
Баяндама аяқталған соң жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Р.Сәрсенов аталмыш бағдарламаның орындалу барысын зерделеу бойынша уақытша комиссияның төрағасы ретінде анықтама берсе, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Саққұлова өз саласы бойынша атқарылып жатқан істерді, жеке кәсіпкер Ж.Әбілдабеков бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізіп, инфрақұрылымды дамытып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған басқа да мәселелер ретімен қаралып, оның әрбірі бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Отырыс соңында сессияның кезекті ХХХХІ – сессиясының төрағасы болып №1 Түймекент сайлау округінен депутат Әшім Шыңғыс сайланды.

Обновлено 18.06.2015 09:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін731
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада731
mod_vvisit_counterӨткен аптада12806
mod_vvisit_counterОсы айда28613
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2280282

Серіктестер