Онлайн газет



Балалар бақытқа кенелген күн

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Адамның бір қызығы – бала деген. Баламен бақыттымыз, бала барлық өміріміздің мәні. Пәк сәбидің жүзінен шаттық нұры байқалса одан асқан қуаныш жоқ.
Дүйсенбіде орталық алаңға жиылған балғын балақайлар мен олардың ата-аналарына 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай  «Болашаққа – Нұрлы жолмен»  ұраны негізінде мерекелік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шара шымылдығы мың бұралған қыздардың биімен ашылды. Мұнан соң  Байзақ ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы С.Иманова баршаны Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап,  елімізде жарқын болашақ жолында жасалып жатқан жанды қамқорлықтарды тілге тиек етті. Кішкентайлардың ертеңімізді сеніп тапсырар азамат болып өсулеріне тілектестігін білдірді. Бүлдіршіндерге деген өзінің ізгі ниетін аудандық мәслихаттың депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы және «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Т.Кадимова да айтып жеткізді.
Мереке мерекеге ұласып, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерлі өрендері «Бар жақсылық – балаларға» тақырыбымен жырдан, әннен, биден шашу шашты.  Ертегі кейіпкерлеріне енген орталық тәрбиеленушілері көпшіліктің көңілін аулап, ұл-қыздарға шат-шадыман қуаныш сыйлады. Әсіресе, көк есекке мінген Алдар көсе, сайқымазақтар балғындарды барынша тәнті етті.
Мерекеде балалар арасында өткен «Қазақстан – ортақ Отанымыз»  тақырыбында шығарма жазудан және  «Қазақ хандығы тарихындағы менің батырым» атты сурет салу байқауларының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар сый-сияпатқа ие болды. Жарыс жүлдегерлерін «Бірлік» қоғамдық ұйымының  мүшелері марапаттады.
Бұл күні сонымен қатар, орталық саябақта да Байзақ ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі, аудан әкімдігінің  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінінің мұрындық етуімен спорттан сайыстар да қыза түсті.
8-14 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар арасында қол күресінен, 5-6 сынып оқушыларымен ұлттық спорт түрлері  - асық ату, бестастан аудандық турнир ұйымдастырылды. Бұдан бөлек «Бірлік» қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен орыс, кәріс, түрік, неміс халықтарының ойындары ойналды. Оған қатысқан балаларға сыйлықтар үлестірілді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан әкімдігі білім бөлімінің басшылығымен өткізілген мерекелік думанда әрбір балғын балақайға демеушілердің қолдауымен балмұздақтар таратылса, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Тазагүл Кәдімқызы бастаған жомарт жандар Сарыкемер ауылдық округінде тұратын мүмкіндігі шектеулі Меруерт Жұбай, Шадиярбек Ахметов, бәйтеректік Айгүл Әлібаева, Фарида Сарсеновалардың үйлерінде болып, оларға ойыншықтармен киім-кешектер және жемістер салынған кәрзенкелерді тарту етті. Осылайша бұл бір балалар бақытқа кенелген күн болды.

Обновлено 08.06.2015 09:29
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1448
mod_vvisit_counterКеше1129
mod_vvisit_counterОсы аптада1448
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда9089
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2260758

Серіктестер