|
Мэлс қажы Халбаев, Сарыкемер ауылы.
Исламның бес парызының бірі қажылық екені белгілі. Бұл парызды орындау әрбір мұсылман баласынан тиісті дайындықты, оны орындау ерекшеліктері жайлы мағлұматтарды меңгеру қажеттігін талап ететін құлшылық түрі. Сондықтан қажылыққа барсам деп ниет қылғаннан-ақ Аллаға
жалынып сәтін салуды тіледік. Алла сәтін түсірді, қажылыққа барып қайттық. Жылдағыдай емес биыл ауданымыздан қажылық сапарға барғандар саны анағұрлым көп болды. Бұл тек біздің ауданда ғана емес, еліміз бойынша барушылар көп болған болса керек.Кейбір басылымдарда Қазақстаннан бес мыңнан аса адам қажылыққа барды деген мәліметтер жарияланғаны осыны көрсетіп тұрғандай. Қалай дегенде де биыл ауданнан оннан аса адам бардық. Жылдың басында «Ислам және өркениет» газетінен қажылыққа апаратын «Асыл мақсат» фирмасының жеңілдікпен алып баратынын көріп қалдым да солармен хабарластым. Демеушілер тапқан болуы керек, солардың жеңілдетілген жолдамасы барып қайтуыма мүмкіндік берді. Басқалардың да біразы осындай мүмкіндіктен пайдаланған болар. Мұндай сауап іс істеген бауырларға Алланың нұры жаусын дейміз. Сонымен не керек 18 қазанда Алматы қаласында жиналдық. Сапардағы қиындықтар мен қажет талаптарды түсіндірген соң 19 қазанда таңертең самолетпен ұшып кеттік. Сол күні Түркияның Стамбул қаласына барып қондық. Одан әрі Жидда қаласына автобуспен жол алдық. Жидда Меккеге ең жақын қажылыққа әзірлік басталатын қала. Осы жерден Мекке қаласына барып, жайғастық та, жуынып-шайынып, ихрам кидік. Бұл қажылықтың басты шарты. Жатақ жайға орналасқаннан кейін, Аль Харам мешітіне алып барды. Осылай біздің қажылық жолымыз басталды. Бізде күн салқын болғанымен ол жақта аса ыстық . Бейне жаздың ортасы ма дейсің. Ыссылығы сондай үстіңдегі ихрамның өзі ауырлық қылады.Қажылыққа келген сан мың адамның арасында тыныс алуыңның өзі оңай емес. Иық тіресе жүргендіктен жан жағыңа алаңдап қарау, іркілу мүмкін емес. Сәл сүрінсең болды аяқтың астында қалып, таптап өте шығуы ғажап емес. Менің өз басымда аяғым жерге тимей, адамдардың арасында кеткен кезім болды. Алла қолдап ыңғайы келгенде қайтадан қатарға түсіп алдым. Қиындықтырға қарамастан онда барғандардың барлығы атқаруға тиісті міндеттерді түгел атқарып шығуға бар күш-жігерін аямайды. Өйткені қажылыққа барша жұрт айрықша сеніммен, адал ниетпен барады. Қажылық кезіндегі атқарылатын сүнеттер біріне бірі жалғасып кете береді.Ихрамға кіргеннен кейін тәбипе айту, көп тауап жасау, сағи жасап, екі жасыл тірек арасында жүгіу, тағы басқаларды ыждағаттылықпен орындау шарт.Біз де осы міндеттердің бәрін орындадық. Зулхижжа айының 8 жұлдызында Минаға барып түнедік. Арафа күні Арафат тауына шықтық. Бұл жер Адам ата Һауана анамызбен кездескен жері. Сағи жасап, Сафа мен Маруаның арасында жеті рет жүгіріп өттік. Қағбаны жеті рет айналып, қол тигіздік. Муздалифадан Минаға бардық. Сайтанға тас аттық. Құрбан шалдырдық. Зәмзәм суын іштік. Шаш алдырдық. Ихрамнан шықтық. Бір сөзбен айтқанда атқарылуға тиісті сүнеттердің бәрін орындадық. Бір сәтке де қолымыз бос болғаны жоқ. Өйткені қажылық парызын өтеуге барған жандардың барлығы шаршап-шалдығуына қарамастан міндеттерін толық орындау қажет екенін мойындап барады. Тек айттың күндерінде ғана емес, одан тыс күндері де тауап етіп, мінажат жасаудан бос болған кезіміз жоқ. Ал өзім Зулхижжаның 8-і және 9-ы күндері ораза ұстадым. Бұл ауыр болады деген адамдарда болды. Дегенмен Алла қуат берген болар ешқандай қиындықты сезгенім жоқ. Күнделікті қажылыққа байланысты сүнеттерді қиналмай атқарып жүрдім. Зулхижжаның 11-күні кезегімен 3 шайтанға тас ату тауафтарын орындадық. Қажылыққа барғандарға Минада үш түнеп қалу сүннет болып табылады. Оны орындағаннан кейін Меккеге қайтып келіп, қоштасу тауабын жасадық. Бұдан кейінгі күндер де босқа өткені жоқ, пайғамбарымыздың өмір өнегесіне байланысты жерлерге саяхат жасадық. Пайғамбарымыз мелоди жыл санауы бойынша 571 жылдың сәуір айының 12 жұлдызында таңда Меккеде дүниеге келген жеріне бардық. Бұл жер қазір екі қабатты ғимаратта кітапхана болып тұр екен. Сол жерді зиярат еттік.Нұр тауының шыңында орналасқан Хира тауына бардық. Осы жерде Хира үңгірінде Мұхамедке (с.ғ.с.) алғаш пайғамбарлық келген. Үңгірдің ұзындығын 3 метр, ені 1,30 метр, биіктігі 2 метр екен . 610 жылдың Рамазан айының 17-сінде Жабрайыл (ғ.с.) алғашқы уахиды жеткізген үңгірде болдық. Одан соң Сәуір тауының жотасындағы үңгірді көрдік. Сафа жотасындағы Әбу Кубейс тауында Адам (ғ.с.) жерленген. Осы жерге бардық. Кейін Айша мешітінде тазаланып, ихрам киіп, Ұмра жасадым. Екі рекет намаз, құптан намазын оқыдық. Осылайша бұл күндері де сауапты істер бірі біріне жалғасып жатты. Қараша айының 8-і күні Меккеден Мединеге белгіленген автобуспен жол алдық. Келіп орналасқаннан кейін пайғамбарымыздың мешітіне барып, ақшам, құптан намаздарын оқыдық. Мешітті және пайғамбарымызды зиярат ету ,ол жерде намаз оқу шамасы келгендерге сүнет. 9-10 қараша күндері мешітте түнеп,намаздарды оқып тұрдық. Рауза-и мутаһһарада. Минбар ларифте болдық, Ухуд шаһидтерін, Ухуд тауын зиярат еттік.10 қарашада ұшып шығып , Стамбулге қонып, 12 қарашада Алматыда болдық. Осылай қажылық парызымызды аман- есен орындап қайтқанымызға Аллаға мың да бір шүкірлік еттік. Биылғы қажылықтың басқа жылдардан ерекшелігі біздің ауданнан оннан аса адам бардық дедік қой. Аллаға шүкір бәріміз де аман барып, сау-саламат оралдық. Енді бір-ақ тілегіміз бар, Алла баршамыздың да шын пейілден еткен ниетімізді қабыл етсе екен дейміз.
|