Онлайн газет



Ақпараттар ағыны

Жас жыршылар байқауы
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды

Қ.Маутаева,
аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері.

Халқымыздың  баһадүр  батырларының ерлігін насихаттау мақсатында әрі Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ,  Жаңатұрмыс орта мектебінде мектеп оқушылары арасында «Туады ерлер -ел үшін» атты І-аудандық жыршылар байқауы  өткізілді. Өскелең ұрпаққа батырлар жырын насихаттау арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тереңде екендігін көрсете отырып, оларды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеген  сайысқа  аудандағы білім ошақтарынан 29 оқушы қатысты.  
«Қайратты туған ер еді...» аталымда үміткерлер эпостық жырларды мақаммен жатқа айтуда Үлгілі орта мектебінің оқушысы Ж.Жиенбаев бас жүлдені жеңіп алды.  Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің оқушысы А.Әбілқасымова бірінші,  С.Абланов орта мектебінің оқушысы Е.Қыпшақбаев пен  Жаңатұрмыс орта мектебінің оқушысы А.Бауыржан екінші, М.Мәметова орта мектебінің оқушысы Қ.Ықылас  пен Көктал орта мектебінің оқушысы Г.Ақболатова және Н.Ақшабаев орта мектебінің оқушысы Қ.Жаңабаев үшінші орынды өзара бөлісті. Ал  халқымыздың батырлары туралы білім сайысы «Алатаудай айбатың, ер екенсің айтулы»  деп аталды. Мұнда Т.Ақбозов орта мектебінің оқушысы Ж.Мейрамбек бас жүлдені олжалады. Көктал орта мектебінің оқушысы С.Маратұлы бірінші орынның тұғырынан көрінді. Н.Ақшабаев орта мектебінің оқушысы Д. Дауытбаева, Үлгілі орта мектебінің оқушысы М.Жарбосина екінші, Королевка орта мектебінің оқушысы Ж.Шарипова,  Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің оқушысы Ж.Ағзадова,  Амангелді орта мектебінің оқушысы А.Серікбай үшінші орынды иемденді.  Жыршылар  сайысына қатысқан барлық жеңімпаздарға  құрмет көрсетілді.
Бірінші бөлім бойынша Үлгілі орта мектебінің оқушысы Ж.Жиенбаев  облыстық байқауға қатысып, бірінші орынды иеленсе, екінші бөлім бойынша Т.Ақбозов орта мектебінің оқушысы Ж.Мейрамбек үшінші  орынды иеленіп, ауданымыздың  мерейін өсіріп қайтты.
Жарайсың, Арайлым!

Ш.Бахытбек,
«Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» Байзақ аудандық бөлімше меңгерушісі.

Тіл - қарым-қатынас құралы. Жақында  Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» оқытушылары арасында «Тіл мерейі» атты облыстық байқауы болып өтті. 4 кезеңнен тұрған сайыста  үміткерлер алдымен өздерін таныстырды. Қазақ тілін оқытуға арналған типтік оқу-әдістемелік кешенінің А2, В1 деңгейлері бойынша әзірленген панорамалық сабақ үлгісін көрсетіп, қорғады. Педагогикалық-психологиялық жағдайларға арналған тапсырмаларды  тиянақты  орындап, өзіндік дәріс беру үлгісімен дараланған  «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» Байзақ аудандық бөлімшесінің оқытушысы Арайлым Бейсебаева 8 ауданнның оқытушылары арасында 1 орынды иеленіп, жүлдемен оралды.

Тағылымы мол тәрбие сағаты

Қоғамымыздың бойына түскен ауыр дерт-маскүнемдік, нашақорлық пен темекіқұмарлыққа қарсы  күрес  қарқын алып отыр. Өсіп келе жатқан   өрендердің зиянды әдеттерден аулақ болып, өзін де өзгені де қорғай білуге, салауатты өмір сүре білуге тәрбиелеу мақсатында Ленин орта мектебінің 6-сынып оқушыларымен сынып жетекшісі, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Л.Сұлтанбекованың ұйымдастыруымен «Мен нашақорлыққа қарсымын!» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Алдымен «Шылымды әр тартқаның, табытыңа темір шеге қаққаның», «Есірткіден есіруді көздегенше, салауатты салтымыздан қол үзбе» тақырыбында көрнекі құралдар ілініп, салауатты өмір салтына байланысты стенд пен газеттер шығарылды. Ләззат Мырзабекқызы осы тақырыпта  мазмұнды баяндама жасап,  оқушыларға нашақорлық өмірлеріне төніп тұрған дерт екенін айта келіп, салауатты өмір сүруге шақырды.    
Тәрбие сағатында 4-сынып оқушысы А.Мырзабеков,  6-сынып оқушылары Ш.Ділдаева, З.Жолдасбаева, Л.Шералі, Қ.Абай, Д.Мірәділ, Ж.Жолдасбекова, Н.Сырғабай, Д.Мейрамбекова, Ә.Алтынхан денсаулық пен нашақорлық туралы мақал-мәтелдер  айтып, өзара жарысты. Ән шырқалды, көріністер көрсетілді.


Білім басты назарда

Жуырда Диқан тірек мектебіінде (ресурстық орталығы) «Тірек мектеп  (ро) жағдайында білім сапасын арттыруда желілік ғылыми-әдістемелік қызметінің рөлі» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті.  Аталмыш білім ордасы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Б.Керімбекованың ұйымдастыруымен  өткен іс-шарада «Тірек мектеп тынысы» атты көрме қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Мұнан соң  семинар қатысушылары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Құрымбетованың мұрындық болуымен домбыра, би үйірмелерінің жас өнерпаздары дайындаған шағын концерттік бағдарламасын тамашалады.
Келесі кезек ақпараттық сессияға беріліп, онда сөз сөйлеген Дихан тірек мектеп (ро) директорының уақытша міндетін атқарушы С.Жаманғараева «Шағын жинақты мектеп оқушыларына сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуде тірек мектептің рөлі»  атты баяндама жасады. Диқан тірек мектебінің (ро) жеткен жетістіктері жайлы айтып өтті.
Семинар барысында сонымен қатар сандық презентациялар, панелдік дискуссия, жобалау жұмысы, оны қорғау бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді.
Аталмыш аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің «ШЖМ дамыту бөлімінің» жетекшісі Ә.Әлімбекова арнайы келіп қатысып, өзінің алған әсерімен бөлісті. Тақырып төңірегінде ой-пікірлерін айтты.

Бүлдіршіндер бақшамен қоштасты

Жуырда Көкбастау ауылындағы “Айшуақ” балалар бақшасында  “Қош бол, балабақша!”  атты  шара өтті. Ертеңгілікті  бақша меңгерушісі  Ж.Нұрғалиева ашып, бала-көздің нұры  ғана емес, ел ертеңі екендігін айтып,  елімізде  балаларға жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды.  Бақшамен қоштасып жатқан  өрендерге  ақ жол тіледі. Мұнан соң “балалар бағбаны” атанған, білікті тәрбиешілер Т. Алимжанова мен  З. Абишева тәрбиелеген өрендер әуелетіп ән салды,  төгілтіп жыр оқыды.  Н.Нұрлан, Ж.Қуаныш, Е.Алпысбай және  Е.Мүтан “Бауырсақ” ертегісіндегі басты кейіпкерлерді әдемі сомдап шықты.  Ш.Өмірбек, А.Малғараев, Е.Мүтан  мың бұрала билесе,  “Кім жылдам”, “Ия-жоқ”  ойындарында   Е.Әбдімалик пен А.Әбдібектер шашасына шаң жұқтырмады.
Ертеңгілік соңында сөз алған әдіскер З.Бектасова   аталмыш  білім ошағынан қанат қаққалы отырған бүлдіршіндерге   өзінің ізгі  ниетін айтып,  естелікке сыйлықтарды табыс етті.

Өз тілшіміз.

 

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1005
mod_vvisit_counterКеше1129
mod_vvisit_counterОсы аптада1005
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда8646
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2260315

Серіктестер