Онлайн газет



ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАН ЖҮРЕГІ

Мұхтар Манекеев,
“Байзақ аудандық “Ауыл жаңалығы”-Сельская новь газетінің редакциясы” ЖШС-нің тілшісі.

Тіл – халықтың  жан-жүрегі, оның күллі рухани-имандық, табиғи-құлықтылық, ырыс пен игіліктерінің негізі болып табылады.
Тіл – асыл мұра, көненің көзі, бабалар сөзі ғана емес, халықтың өзі.
Әр халықтың жер бетінде жасағаннан бергі уақыттарда басынан кешкен өмірі, ерлік істері, аңыз-ертегілері, шығарған өлең-жырлары, жазған кітаптары, табиғат пен қоғам құбылыстарының атаулары, жалпы дүние жайындағы көрген-білген ұғымдары мен пайымдары, сезімдері – бәрі де ана тілінде сақталады және де ана тілі арқылы атадан балаға ауысып отырады.
Қазақ халқы бар тарихын көшіп-қонып жүріп өткізсе де барлық жиған сөз байлығын батпақтыға батырмай, шыбындыға шоқтырмай, күй мен жырын бізге жеткізді.
Бұл бәріміз үшін қымбатты да бай мұра саналады. Сондықтан осынау бай қазынаны, соның ішінде ана тілімізді аса қадірлеп, арманымызды ардақтап, аялай білейік.
Қазіргі таңда елімізде тілге қатысты өзекті мәселелер көтерілуде. Соның қатарында «Тілдердің үштұғырлылығы» бағдарламасы да бар. Бұл бағдарлама аясында көпшілік тарапынан ең алдымен өз тілімізді жақсартып алсақ дұрыс болар еді деген алаңдаушылық туындауда. Осындай көпшілік көкейінде жүрген сауалға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуінде: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек қана оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек» десе, орыс тіліне қатысты «Үштұғырдың бірі – орыс тілі. Қазақ халқының орыс тілін жаппай еркін игеруі – біздің байлығымыз. Ол ғылымның, білімнің тілі, достықтың тілі ретінде қадір-қасиеті ерекше тіл. Сондықтан орыс тілі экономиканың бір тетігі» деп баға берген болатын. Ал «ағылшын тілі – ХХІ ғасырдың тілі» деп ерекше атап өтті.
Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекетіміз үшін ең маңыздысы елдігімізді сақтап, ұлттық құндылықтарымыздың әлемдік өркениеттен лайықты бағаға ие болуын қамтамасыз ету екені сөзсіз.
Осы тұрғыдан келгенде ана тілімізге деген құрметті нығайта отырып, жастарымыздың өзге тілдерді үйренуіне мүмкіндік жасау – уақыт талабы. Десек те, қазақ елі барда қазақ тілі де жасай берері дау туғызбас дүние. Тек қана ертеңгі күні үштұғырлы тілді еркін меңгерген ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімі мен ана тіліне деген сүйіспеншілігі бәрінен де маңызды болмақ. Ана тіліміз – осы үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп жазылған.
Қазақстан Республикасының тіл туралы алғашқы заңы 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданды. Біздің елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тілін оқып, үйренуде. Қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдің азаматтары да аз емес.
Қазақ тілі түрлі тектес тілдерге, соның ішінде қыпшақ тобындағы тілге жатады. Жер шарының бірсыпыра жерінде көптеген қандастарымыз тұрады. Онда тұратын қандастарымыз да қазақ тілін өз ана тілім деп есептейді.
Тілді жасаушы халықтың өзі. Тіл сондықтан халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ. Қазақ тілі дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде өз заманында кемеңгер, дана Абай дәлелдеген болатын.
Қазақтың тілі неге өрге шықпайды деп айқайлап тұрып айтсақ, кінәлінің кім екенін барша жұрт біледі, ешбірі қиналмастан «сол қазақтың өзі» деп жауап беретіні айна қатесіз ақиқат. Неге?
Тағы да осы сауал алдыңнан шығады. Басты себеп, көбіміз намыссызбыз, бойымызда ұлтжандылық сезім ұшқыны жоғалып кеткен.
Елдің аузында мәнін мәңгі жоғалтпайтын «бәрі де адамына байланысты» деген киелі сөз бар. Бұл да – тарих дәлелдеген шындық.
Аудандық «Ауыл жаңалығы»  газетінде ана тілімізді құрметтеу, оның қадір қасиетін арттыру, насихаттау бағытындағы  «Тілге құрмет-елге құрмет», «Ана тілім-ардағым», «Тіл-қарым-қатынас құралы» атты тақырыптармен  мақалалар, дөңгелек үстел,  пікірталастар жарық көріп келеді.
Ұлттық тіліміздің баяндылығы биліктегі азаматтардың, баршамыздың мемлекеттік тілді мойындауымыз, құрметтеуімізге байланысты.
Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қағидаты – мемлекеттік тілді құрметтеу. Мемлекеттік тілі жойылған елдің келешегі баянды болмақ емес. Мұны да ата тарих талай дәлелдеген. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты сөзін анық ұғынған, терең түсінген адам ғана тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы бола алады, - деп ойлаймын.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін841
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада11100
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27730
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279399

Серіктестер