Онлайн газет



Ұлы тұлғалар тіл туралы

Айдана Шотбасова,
“Байзақ аудандық “Ауыл жаңалығы”-Сельская новь газетінің редакциясы” ЖШС-нің жауапты хатшысы.

Жыл сайын дәстүрлі түрде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылып жүрген - «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы – Республика Конституциясында заңдастырылған еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ  тілінің тұғырын мейлінше биіктетуді басты мақсат тұтады. Биылғы байқауға негізгі тақырып ретінде «Ұлы тұлғалар тіл туралы» атын таңдап алуымның себебі де сол - қазақ тілінің қадірін терең түсінген тұлғалардың сөзімен ана тіліміздің асыл қасиеттерін айтып жеткізу.
Әрине,  ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, көркем әдебиетімізді  айналып өтуге болмайды. Ұлы ойшыл Ж.Баласағұннан бастап, жазушы-ақын Әбу Сәрсенбаев тілді ұлттық мұра ретінде сезінуге шақырады. Ә.Сәрсенбаевтың бір ғана «Сақтар болсаң халқыңды тілді сақта, баға жетпес мұра жоқ тілден басқа» деген даналығы не тұрады?
Ана тіліміздің өзге тілдерден артықшылығын, саф алтыннан қымбат қазына-байлық екендігін Абайдан асып кім айтқан десеңізші! Оның «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы», не болмаса «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап» деген нақылдары тілін білмеген талайларға ой салары анық.
Немесе осы ұлтымыздың классик ақыны – Абай Құнанбаевтың өмірі мен өнері жайлы қазақ әдебиетінде тұңғыш роман жазған М.Әуезовтың мына бір пікір-пайымын оқып көріңізші: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жоқ азамат болады».  Тіл жанашырының жұртқа қарата айтылған бұл сөзі сол кезеңнің өзі былай тұрсын, қазіргі талап-тілекке де сай келтірілгендей.
«Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген Мұстафа Шоқай, сонымен қатар:
«Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім...» – деген қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали да түсінген адамға тіл – ұлт тірегі екендігін ұғындыруға тырысып-баққан.
Ана тілінің асқақтығын Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі былай жазады: «Ана тілің – асылың, оны білмегенің – масылың».
Осы ретте ана тіліміздің тағдырына алаңдаған және бір ақын жайлы айтып кетуді жөн санап отырмын. Өз әкем болғандықтан емес, «өз тіліңді өгейсітпе» деген өсиетін естіп өскендіктен Қайыпназар Шотбасовтың мына бір өлең жолдары жаныма жақын әрі өзгелерге өнеге болады деген ойдамын:
Ауыстырмас алтынға,
Қазына бар халқымда.
Бабалардан қалған бұл,
Ана тілі артында.

Ақыл сөз де бұл тілде,
Нақыл сөз де бұл тілде.
Халық қылып осы тіл,
Байлаған да бір тінге.

Шын қазына түрінде,
Аман жеткен бүгінге.
Ғылым менен білім де,
Менің ана тілімде.

Ақиқаты, аңызы,
Осы тілде бар ізі.
Ана тілді ардақтау,
Ұрпақтардың парызы.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын да аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы»,  «Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл», «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» дегенді үнемі айтып жүреді.
Ал, Президентіміздің  2005 жылғы Жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжі қазақ тілін Қазақстан халықтарының басын біріктіруші тіл ретінде  құрметтеуге үндейді.
Иә, адамзат тарихының көптеген ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі болып табылады.
Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады, ол  өзіне деген құрметті талап етеді. Сондықтан да  кезінде арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін856
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада11115
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27745
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279414

Серіктестер